Жедел алдын алу шарасы басталды

Облыс орталығының көшелерінде бет-ауыздары домбығып ісінген, үстеріне ескі-құсқы киім киіп, қолдарына еңкіш тартқан қарияларға ұқсап таяқ ұстаған адамдарды күнде дерлік кездестіруге болады. Дүкендердің маңында тұрып, өткен-кеткендерден алақан жайып, тиын-тебен сұрап жататын бұл адамдар тұрғылықты мекен-жайлары жоқ, жұрт арасында БОМЖ аталып кеткендер.

Таяуда облыс орталығының полицейлері «БОМЖ» жедел алдын алу шарасын бастады. Мекен-жайы жоқ, көше кезіп қаңғыбастыққа салынған жандарды анықтап, олардың қоғамдық өмірге қайтуына жағдай жасау, қылмысқа қатыстыларын заң шеңберінде жазаға  тарту мақсатында өткізілген шараға 300-ге тарта құқық қорғаушылар қатысты.
Қаладағы көп пәтерлі үйлердің жертөлелері мен базарларды, бұзылған үйлерді, канализация құдықтарын тексеру барысында бір күн ішінде мекен-жайы жоқ қаңғыбастыққа салынған 62 адам ішкі істер органына жеткізілді. Қолтаңбалары алынып, қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп, құжаты жоқ алты адам ішкі істер басқармасының тарату-орнықтыру орнына апарылды. Оларға төлқұжат алуға көмек көрсетіледі.
Тепсе темір үзетін қол-аяқтары бүтін, дендері сау азаматтардың қаңғыбастыққа салынуына ең алдымен ішімдікке үйірлігі себеп болатыны жасырын емес. Төлқұжаттарын алуға жәрдемдесіп, тіпті, жұмысқа орналасуына да көмек көрсетіліп жататынына қарамастан, олардың  көпшілігі ұзамай баяғы таз қалыптарына түсіп, құжаттарын жоғалтып, арақ ішіп, қаңғыбастыққа салынып жатады, дейді полиция қызметкерлері. Дегенмен, қателіктерін түсініп, түзу жолға түсіп, қоғамға қайта оралатындары да кездеседі екен.  
Жедел алдын алу шарасы осы аптаның соңына дейін созылмақ.
Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар