Мұң-мұқтаждарын жеткізді

Облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Кистин мен Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Тимур Ысқақов  №8 орта мектепте  сайлаушылармен кездесу өткізіп, көшелерді жөндеу мен жарықтандыру, аулаларды көркейту мәселелері бойынша көпшіліктің аманаттарын тыңдады.

Кездесуге келген сайлаушылар халық қалаулыларына өздерін толғандыратын өзекті мәселелер жайындағы сауалдарын қойып, соны шешіп беруді өтінді.  Мәселен, Западная көшесіндегі  17-ші үйдің тұрғыны Ольга Махашева  Речная, Западная көшелерінде түнгі уақытта жарықтың, балалар үшін мектепке баратын жолдың жоқтығы қиындық туғызып отырғанын айтты. Сонымен бірге, Элеватор ықшам ауданына қатынайтын  №13 және 25 бағыттағы автобустардың өте сирек жүретіндігін, №103 бағытпен жүретін автобусты тоқтатып тастағандығын айтып шағымданды. Ал, Байтұрсынов көшесіндегі 123-ші үйдің тұрғыны Елена Шиман 8 март көшесіндегі көпірдің  апатты жағдайда тұрғандығын айтып, «Елзат» , «Инкомсервис» пәтер иелері кооперативі өз міндеттерін дұрыс атқармайтындығын жеткізді.
 Тұрғындар сонымен қатар, аулаларды абаттандыру, балалардың ойын алаңдарын салу, жолдарды жөндеу мәселелерін  көтерді. Сүлейменов көшесінің бойымен өтетін №103 бағыттағы автобустың тоқтап қалғандығын айтып,  зейнеткерлер автобусты қайта жүргізуді талап етті. Сүлейменов көшесінің 21-ші  үйінде тұратын Владимир Яковенко Элеватор ықшам ауданына жергілікті  билік  тарапынан дұрыс көңіл бөлінбейтіндігіне, көшеде қаңғыбастар мен   тұрақты мекен-жайы жоқ адамдардың жүретіндігіне және балалар үшін олардың  қауіпті екендігіне назар аударды.  Осы аумақтағы  «Хутор» аталып кеткен  ықшам ауданның жер үйлерде тұратын тұрғындары үшін бар-жоғы 2 су құбыры жұмыс істейтіндігін айтып, осы мәселені шешуге халық қалаулыларының қол ұшын беруін сұрады.  Жиналған жұртшылық осы ауданға  құзырлы мекеме  басшыларын шақыртып, есеп беру жиналысын өткізуді талап етті. Олардың айтуынша, жол патрульдік полиция қызметінің дүңгіршегі үнемі жабық тұрады, ал, балалар көп жүретін мектеп маңындағы жолда жеңіл автокөліктер жүйткіп жүреді. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар депутаттардан осы мәселені оңтайлы шешу амалын табуды сұрады.
 Халық қалаулылары өз кезегінде тұрғындардың көтерген мәселелерін құзырлы органдарға жеткізіп, қолдан келгенше көмек көрсететіндіктерін айтты.
Динара ДҮЙСЕН,
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар