22 мың оқушы халықаралық көрмені тамашалайды

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетін күн де жақындап қалды. Елорда облысымыздың аумағында орналасқандықтан, аймағымыздың тұрғындары арасында халықаралық көрмеге барып тамашалағысы келетіндер аз болмасы анық.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен партияның сайлауалды бағдарламасы шеңберіндегі жоғары технологияларды дамыту жөніндегі комиссияның отырысында бұл мәселе арнайы қаралып, талқыланды.

 

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары В.Гамазовтың айтуынша, халықаралық көрмені 22 мың 200 оқушының көріп,  тамашалауға мүмкіндігі бар. Олардың ішінде, 15762-сі 6-10 сынып аралығындағы мектеп оқушылары болса, 6438-і кәсіптік білім беретін оқу орындарының оқушылары. Сонымен қатар, 1419 ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, 534 мүгедек балалар мен  көпбалалы отбасынан шыққан 6111 оқушы да жаз айларында Астанаға барып, халықаралық көрмені тамашалайтын болады. Балалардың Астанаға барып келуін 165 мектеп автобустары, 11 орта кәсіптік білім беретін мекеменің көліктері мен туристік компаниялардың автобустары қамтамасыз етпек.  
Ал, облыстық жастар мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Р.Галлямовтың мәліметінше, бүгінгі күні 211 ерікті арнайы дайындықтан өтіп, халықаралық көрме кезінде туристерге қызмет көрсетуге сақадай сай әзір екен. Еріктілердің барлығы да  қазақ, орыс және ағылшын тілін еркін меңгерген, еліміздің тарихы мен мәдениетінен жақсы хабары бар білімді жастар көрінеді.  Мәжіліс барысында  облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова  «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге қатысты  Ақмола өңірі бойынша жүргізіліп жатқан ақпараттық-насихат жұмыстары жайына кеңінен тоқталып өтті. Отырыста сондай-ақ,   комиссия мүшелері халықаралық көрмені өткізуге дайындық жөніндегі бірқатар жауапты мекемелердің баяндамаларын тыңдады.  
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар