Білімді ел озады

 

Ұлт жанашырларының қай-қайсысы болсын, Алаш жұртының өзгелермен терезесі тең, қатар  тұрғанын, тіпті, оқ бойы озық болуын  қалаған. Сол жолда өз бойларындағы бар күш-жігерін, ақыл-ойын сарқа жұмсап, аянбай тер төгіп, қисапсыз еңбек еткен.

 

Бұл ұлы мұрат, ұлы мақсат жалпақ жұрттың жарқын болашағын армандаған ең ізгі ниеттен туындаған жай екендігі баршамызға аян. Таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде  жарияланған  «Болашаққа  бағдар: рухани  жаңғыру» атты  мақаласы – ұлттық  идеяға  толы, жаңа  заманға  негізделген рухани  жаңғырудың айқын  бағдары екендігі ешбір дау тудырмаса керек. Шынында да, рухани жаңғыру, бүгінгі жарқын болашағымыздың талабына сай жаңарып, жасару, қарыштап алға ұмтылу уақыт талабынан туындап отырғандығы түсінікті. Ендігі орайдағы міндет жүгі де айқын. Әсіресе, жаңа заманның білімді де білікті перзенттерін тәрбиелейтін білім саласына жүктеліп отырған жауапкершілік мың батпан. Елбасының мақаласын тұшына оқып, тереңірек түсініп барып күні бүгінге дейін атқарған істі жаңаша дамыту керектігін түйсініп отырмыз. Шынында да, қоғамды дүр сілкіндірген, ел назарын өзіне аударған аталмыш мақалада ұлттың  рухани  жаңғыруының негізгі  тетіктері тап басып  көрсетіліп, көпшілік  санасындағы  сандаған  сұрақтардың жауабы да  ұсынылған.
 Заманына  қарай – адамы. Бүгінгі мен  ертеңгі күн білімдінікі, ал болашақ жастардың  қолында. Ертеңгі күнге зор  үміт, нық  сенім арта  қараған сарабдал саясаткер  сенім мен  үміттің ақталар  жолын бажайлап, болашаққа бағдар сілтейді. Елбасы: «Біз алдағы бірнеше жылда   гуманитарлық  білімнің  барлық бағыттары  бойынша әлемдегі  ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне  аударып, жастарға  дүние  жүзіндегі  таңдаулы үлгілердің негізінде  білім  алуға  мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта  бастауға тиіспіз» дейді. Бұл дегеніңіз барлық әлемдегі ақыл-ойдың інжу-маржанын ұлт тілінде сөйлетіп, рухани бар байлық, қымбат қазынаның мөлдір бұлақ іспетті көзін ашып, біздің жастарымыздың бойына құю емес пе. Сондықтан да, бұл өте бағалы бастама. Осы арада көптен айтылып келе жатқан бір жайды сыналап тілге тиек еткім келеді. Соңғы жылдары оқулықтардың сапасыз шығарылып жатқандығы баршаға мәлім. Менің ойымша, оның бір себебі мектеп оқушыларына арналған оқулықтарды әртүрлі авторлар жазып, әртүрлі баспалар шығаратындығында. Бір ізге түспеген, ғылыми айналымдағы озық материалдарды қамтымаған, сұрыпталып, сүзгіден өткізілмеген дүниелердің әрқилы болуы оқулықтың сапасын мүлде нашарлатады. Елбасы ұсынып отырған дүние осындай жауапсыздықтан ада болса екен деп тілейсің. Бізге керегі ең алдымен сапасы. Барша әлемдегі інжу-маржанды қазақ тілінде тәржімалау оңай-оспақ іс емес. Сондықтан да, бұл арада жауапкершілік керек-ақ. Қазір біздің жастарымыз шетелде білім алып жүргендері мәлім. Шынын айтқанда әлемдегі ең жақсы 100 оқулық қазақ тіліне аударыла қалса, шетелде оқып алатын білімді өзіміздің Отанымызда да алуға әбден болады ғой. Осы бір білім саласына қосылатын жаңа леп салада серпіліс беріп, білім сапасын жетілдіруге, оқушылардың білім көкжиегін барынша кеңейтуге игі әсерін тигізері сөзсіз. Бар білімнің жергілікті ұлт тіліне аударылуы ең алдымен, шалғайдағы шағын ауылдарда өз ана тілдерінде білім алып жатқан мектеп оқушылары үшін өте оңды болар еді. Мен осы бір игілікті істі ең алдымен жергілікті ұлт тіліндегі мектептердің көсегесін көгертетін шаруа деп білемін. Сонда әлі ағылшын тілін оқып толық игермеген ауыл балалары өз ана тілдерінде барша әлемнің рухани байлығын игереді деген сөз. Бұл ең алдымен ауыл балаларына жасалып отырған ауқымды жанашырлық. Сондықтан да, біз Елбасымыздың өзі көтеріп, ұсыныс жасап отырған игі шаруаның орындал-уын асыға тосамыз.     
Ағылшын  тілін  білу – уақыт  талабы. Көп тіл білу арқылы басқалардың озық жетістіктерін қабылдай  отырып, ұлт  зердесінің  ашықтығын әлемге  таныту, жаhандану дәуірінде  бәсекеге  қабілетті, заманды  және болашақты терең түсіне алатын білімді  ұрпақ тәрбиелеу Елбасының көздеген  басты  мақсаты. Жеті жұрттың тілін білу арқылы, жеті түрлі білім  алуға ұмтылайық. Уақыт ағымына сай келіп  жатқан түрлі жаңа  технологияларды меңгеруге талпынсақ, біздің қоғамның да әлеуеті арта түсетіндігі әмбеге аян. Халқымыздың сан ғасыр бойы көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпағына жеткізген, жас ұрпаққа тәрбиелеуге қосар үлесі, әдемі әсері өте мол ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, мазмұндық тұрғысынан байытып, мағынасын жаңа заманға лайықтап түрлендіріп, бірақ, түпкі негізді жоғалтып алмай, болашаққа табыстайық. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең  басты  шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу»  деген  Елбасының  тұжырымы осындай ойларға жетелейді.
Білім  беру  саласында болып жатқан өзгерістер мен  жаңалықтарға  үрке  қарауға  болмайды.  Ата-аналар  мен  ұстаздар  қауымы  бір  жағадан  бас  шығарып, заманауи мектеп алдына қойылған міндеттерді мүлтіксіз  орындауға  атсалысу қажет. Осы  орайда   №1 Краснояр  орта  мектебінің  мұғалімдері  биылғы  оқу  жылында  үш  тілде   оқыту  бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында арнайы дайындық курс-тарынан өтіп, білім мен  біліктіліктерін шыңдауда. Алдағы уақытта мектепте жаратылыстану-математика бағытында тереңдете білім беру үшін гимназиялық   сыныптарды ашуды жоспарлап отырмыз. Жылдан-жылға мектептің материалдық-техникалық базасы толықтырылуда. Толық жабдықталған биология, информатика кабинеттері жұмыс істейді. Биылғы оқу жылында заман талабына  сай жабдықталған  мультимедиялық кабинет пайдалануға  берілді. Осындай  химия, физика  кабинеттерін  іске  қосу  жоспарда  бар.  Барлық мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, жаңа гуманитарлық білімнің жемістерін жас ұрпақтың бойына сіңіріп, олар ғана емес өзіміз де рухани түлеуге, жаңғыруға бағдар ұстанамыз.

Білім ТӨРЕБЕК,
№1 Краснояр орта мектебінің директоры.   
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар