Мол өнім негізі қаланды

 

Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде көктемгі дала жұмыстарының қорытындысы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы мәселелер қаралып, талқыланды.

 

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан аймақта биылғы көктемгі егіс науқанының мерзімінде, агротехникалық талаптарға сай сапалы  атқарылып шыққандығын мәлімдеді.  Биыл шынында да, жауапты науқан ың-шыңсыз, жоғары деңгейде өтті.  Оған  күні бұрын жүргізілген дайындық жұмыстарының өз игі ықпалын тигізгені анық. Айталық, облыс бойынша негізгі дақыл – бидай 4,3 миллион гектар алқапқа 31 мамырда толық себіліп бітті. Қалған майлы және бұршақты дақылдар тұқымы да көпке созылған жоқ, уақытында сіңірілді. Сөйтіп, облыс барлық көрсеткіштер бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен жасалған меморандум үдесінен шықты. Тіпті, кейбір жұмыс нәтижелері ондағы қойылған талаптардан жоғары болды.
Облыс әкімі  мәжілісте осы жағын биылғы жылдың басты жетістігі ретінде атап өтіп, саланы Елбасы атап көрсеткеніндей, ғылымның әлеуетімен ұштастыра жүргізу қажеттігіне назар аударды.
– Бұл орайда, облыстық әкімдікте ғылыми сараптамалық кеңес құрылып, ол тұқым сапасы, оны себудің мерзімі, минералды тыңайтқыштарды қолдану мәселелерін елеп-екшеп отыратын болады. Әрбір  ауданда егіншілік шаруашылығын дамытудың жекелеген бағдарламасы жасалып, бұл бағытта да тиісті жұмыстар қолға алынады, –  деп атап көрсетті аймақ басшысы. Сонымен бірге, мәжілісте салалық басқармаға жергілікті бюджеттен тыңайтқыштарға субсидия қарастыру мәселесі тапсырылды.
Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласын реформалауға байланысты қолға алынып отырған маңызды жұмыстардың бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Бұл жаңалық 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаппай енгізілетін болады. Ал, биылғы жылдың 1 шілдесінен жұмыс берушілер қорға қаржы аударуға кіріседі.

 

Соған байланысты бұл мәселенің де әкімдік мәжілісінің  күн тәртібіне шығарылуы әбден заңды болса керек. Өйткені, жұмыстың басталуына уақыт аз қалып отыр, ал, тиянақтайтын  мәселелер мен атқарылатын істер әлі аз емес.
Аймақта осы бағытта белгілі бір жұмыстар жүргізіліп жатқандығы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметке  ақы төлеу комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Фазыл Қопабаевтың баяндамасынан жақсы аңғарылды. Атап айтқанда, алдымен керек болып отырған халық арасындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша облыстық штаб құрылып, біраз істерге ұйытқы болған. Алдымен, 18 ауданда және облыс орталығындағы 22 медициналық ұйымда дәрігерлермен, орта буын қызметкерлерімен кездесулер өткізіліп, осы жұмыспен барлығы 4 мыңнан астам маман қамтылған. Кәсіпорын-ұйым, мекеме басшыларымен кездесулерде де 1033 адам осы жаңашылдықтың қыр-сырына бойлай түссе, 294 адам  Астана медицина университетінде арнайы оқып келген.
Бұған қоса, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы халық тікелей хабарландырылып, бұл үшін бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігі мен көмегіне де баса мән беріліп жатқан жайы бар. Облыста тұратын халықты әлеуметтік топтары бойынша анықтап, деректерді өзектендіру азаматтардың бес санаты бойынша жүргізілуде. Бұл санаттар: міндетті зейнетақы жарналарынсыз жұмыс істейтіндер, өз-өзін қамтығандар, студенттер, сондай-ақ, кетіп қалғандар мен қайтыс болғандар. Бұл бағытта әлі де болса, бір жүйеге келтіретін жұмыстар да бар екені байқалмай қалмауда. Мәселен, бірқатар аудандардың мәліметтері Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының деректерімен қабыспайды.
Сондықтан, облыс әкімі  мәжілісте осы мәселе бойынша есеп берген басқарма басшысы Дина Ахметжанова, Зеренді, Қорғалжын аудандарының әкімдері Асқар Мұратұлы, Қайыр Рыскелдиновке өзара   бірлесіп, мәліметтерді тағы бір салыстырып шығуды  тапсырды. Өйткені, ертеңгі күні мұның бәрі нақты болмаса, түсінбеушіліктердің орын алары сөзсіз. Күн тәртібіндегі осы мәселе бойынша мәжілісте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сергей Киласьев, Целиноград ауданының әкімі Мәлгаждар Тәткеев, Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев сөз алып, өздеріндегі жағдайды баяндап берді. Облыс әкімі айдың аяғына дейін бұл жұмыстарды әрі қарай жан-жақты қолға алып, соңына  мұқият жеткізуді тапсырды.
«Арқа ажарының»  өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар