Елімнің тілеуін тілеймін

Ұлы Отан соғысы басталғанда небары 11 жаста едім. Балдәурен балалық шақта асыр салып, ойнап-күлуге мүмкіндік болмады. Себебі, соғыс бізді ерте есейтті. Менің үш ағам соғысқа аттанды, ең кішісі майданға 17 жасында оныншы сыныпты бітірмей алынды. Елге содан 1947 жылы ғана аман-есен оралды. Ортаншы ағам да қолынан жараланып, аман-есен келді. Үлкен ағам Сағадат Құлмағамбетов Ақмола обкомының екінші хатшысы еді.

  1942 жылы Ақмолада құрылған атты әскерді басқарып, аға политрук шенінде соғысқа кете барды. Сөйтіп, Харьков түбіндегі қанды шайқаста қаза тапты. Кейін немересі іздеу салып, Харьковке барып, атасының сонда болғанын біліп, тарихта аты қалғандығына көзі жетіп келді.
Иә, бізге, соғыс кезінің балаларына тыл ардагерлері ретінде орынды құрмет көрсетілуде. Сол кездегі біздің көмегіміз шама-шарқымызға қарай почта тасу, әкелеріміз бен ағаларымыздың майданнан келген  хатын оқып беру, қырман сыпырып, арамшөп жұлу, кәрі-құртаң, мүгедектерге көмектесу сияқты жұмыстардан тұратын. 13-15 жасымызда Ақмоладағы промкомбинатта жайма, жастықтың тыстарын өтектеп, қолғап, темекі салатын қалталарды (кисет) посылка жәшігіне салып, солдаттарға жіберу үшін сыртына адресін жазуға көмектесетінбіз.
Сол сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталғанына да 72 жыл толып отыр. 1945 жылы 9 мамырда күн ашық, жылы болды. Ол кезде Ақмолада көшеде бағанның басында репродуктор болатын, әр жарты сағат сайын Ливитанның жаңалығын естиміз. Соғыстың жеңіспен аяқталғанын білгенде көшеде өтіп бара жатқан халық ұлтына, жасына қарамай, бірін-бірі құшақтап, құттықтап, қуаныштарын көз жасымен жеткізіп жатқанының бәрі көз алдымда. 9 мамыр сайын менің есімнен кетпейді сол күн. Шынымды айтсам, сол кездегі адамдардың татулығын, тілектерінің бірлігі, жүректерінің жұмсақтығын айтып жеткізу мүмкін емес. Түрі ұлттық, мазмұны социалистік деген ұран болатын ол кезде. Халықтар өзара өте тату болды. Сол бірліктің де арқасы шығар, ауыр соғыста жеңіске жеткеніміз.
Айтайын дегенім, біздің Бозайғыр ауылында қазір соғыс ардагерлері жоқ. Шамалы тыл еңбеккерлері бар. Жеңіс мерекесінде шақыру қағазын жіберіп, алаңда болатын жиналысқа шақырды, рахмет, бара алмадым. Жас келген соң жүру де қиындап барады. Тылдағы еңбектің шет-жағасын көріп, осынша жасқа келгеніме мың да бір тәубә деймін. «Төңкеріс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы құттықтап, сый-сыяпат беріп жіберіпті. «Жасында бір бала, қартайғанда бір бала» дейді, сол басымызға келіп отыр. Сәл нәрсеге қуанып, төбең көкке жеткендей боласың, ә, мені де ұмытпайды екен деген ой келеді.
«Ұлық болсаң, кішік бол» демей ме атам қазақ. Ауылымыздың тумасы, Бозайғыр орта мектебінің түлегі, жас та болса мақтанышымыз, «Бөбек» бала бақшасының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Ғалия Төлешқызы да келіп құттықтады.
Алғаш мектепте үздік оқушы атанды, кейін жоғары білім алып, өзі оқыған мектебінде ұстаз болды. Одан әрі колледжде жұмыс істеді, қазір де халықтың қалаулысы болып отыр. Жолдасы Айдар екеуі үш ұл тәрбиелеп, өсірді. Ғалияның ата-анасы осы еңбегінің жемісін көргенде қандай қуанар еді, шіркін. Аллаға шүкір, тәуелсіз мемлекет болдық. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Ел аман, жұрт тыныш, халықтың жағдайы да жаман емес. Енді тек соғыс дегенді көрмейтін болайық. Аналық ақ тілегім осы.
Қапан САДГУЖИНОВА, қарт ұстаз, зейнеткер.
Бозайғыр ауылы,
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар