Туған ауылының жанашыры

Әке баласына сыншы болса, ұстаз да шәкіртіне сыншы болады деп есептеймін. Шәкіртім Аманкелді Сартайұлы Асқаровпен жиырма екі жылдай араласқан жоқпыз, өйткені, екеуіміз екі ауданда қызмет атқардық. Кейін  бір қалада тұрып, қызмет атқарып жүргенде байқасам, бала Аманкелді мен ақсақалдық жасқа жеткен Аманкелдінің сыртқы бейнесі өзгергенмен, ішкі жан-дүниесі сол қалпында сияқты.

 

Оқушы кезінде мінезі бірқалыпты, қақ-соқпен шаруасы жоқ, өз ісіне тиянақты болатын. Олай болуына өмірдің соқпақтары әсер еткен шығар деп ойлаймын.
Әкеден ерте айырылған Аманкелді үйдегі төрт баланың үлкені болды. Анасына қолғабысын тигізіп, сүйеу болуы керек екендігін ерте сезінді. Күн көріп, дұрыс өмір сүру үшін мал ұстап, оны жемшөппен қамтамасыз ету, қысқа отын дайындау, бар малды күтіп-бағу, тағы басқа да тіршілік қамы анасы екеуінің мойнында болды. Анасы баласының білім алу керектігін де ұмытқан жоқ. Өздері тұратын үлкен Барап ауылының төрт жылдық мектебін бітірген соң Кеңес орта мектебінің интернатына орналастырып, оқуын әрі жалғастырды.
Ол кезде интернаттың біраз шаруасы оқушылардың көмегімен орындалатын. Ағаш дайындау, қыстың суық күндері ерте тұрып асханаға құдықтан су тасу, әкелген азық-түлікті түсіріп, қоймаға кіргізу, тағы басқа жұмысты интернаттың балалары атқаратын. Мұнда да көшбасшы қажет болатын. Интернат тәрбиешісі, қарт ұстаз Рамазан Жетпісұлы жұмысқа ебі, ұйымдастыру қабілеті бар Аманкелдіні көбінесе жетекші етіп қоятын. Сол уақыттан оның қол астындағыларды ұйымдастыра білу қабілеті қалыптаса бастады. Мектепте интернат кеңесінің төрағасы, техникумда комсомол ұйымының жетекшісі қызметтерін ойдағыдай атқарып жүрді.
Осы алған тәжірибелері келешегіне де пайдасын тигізді. Жетпіс жылдық мерейтойында сөз сөйлеген тәжірибе зауытының бұрынғы директоры В.А.Пивоваров Аманкелді Сартайұлының өзінде орынбасар болып абыройлы қызмет атқарғанын атап өтті. Осы жиында ізгі тілектерін білдірген Барап ауылының тұрғындары, жерлестері Аманкелді ағаларының ауылына жасаған жақсылықтарын бірінен соң бірі жиналған қауымға айтып отырды. Ауданда су шаруашылығы мекемесін басқарып тұрғанда туған ауылын ауыз сумен қамтамасыз етуге сіңірген еңбегі, мешіт салуда жасаған жақсылықтары айтылды.
Елінің қамын ойлап, соған еңбегін сіңіріп жүрген қарт адамдарды Бауыржан Момышұлының анықтамасы бойынша ауыл ақсақалы дейтін көрінеді. Бараптықтар бір ауыздан Аманкелді Сартайұлын ауылымыздың ақсақалы дейді.
Ақсақалдық дәрежеге жеткен Әбекең бұдан қырық алты жыл бұрын қосылған қосағы Гүлден екеуі Ақкөл қаласындағы балаларын жеткізіп, немерелерін сүйіп отырған беделді де сыйлы отбасы. Сый-бедел де қажырлы еңбегінің жемісі. Осындай азаматтар елінің жағдайын жақсартып, экономикасын дамытып жатыр. Мен бұқаралық ақпарат құралдарын сынаудан аулақпын. Бірақ, көпшілік жағдайда журналист мырзалар бір белгілі адамдардың айналасынан шықпайды. Солардан сұхбат алады, олар туралы әртүрлі форматта хабарлар беріп, мақалалар жазады. Шынын айтқанда олар туралы материалдардың көптігі сонша, тіпті, кейде тыңдап, көрмейсің немесе оқымайсың да. Ал, менің кейіпкерім сияқты азаматтар әр елде бар. Олар көбіне көлеңкеде қалып қояды. Солар еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жергілікті жерде жасап жатқандар. Әр отбасы бай болса, еліміз де бай болады. Сондықтан, қарапайым еңбеккерлерді насихаттасақ, ұтарымыз көп болар еді. Ел азаматымен ажарлы. Сол елінің ажары болып жүргендердің қатарында Аманкелді шәкіртімді де айтар едім.    

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, ардагер ұстаз.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар