Ассамблеяның ықпалымен

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Юрий Тимощенко «Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен кездесуде  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына және  жаңадан қабылданған  заңдарға  байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салып,  Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында алға қойылған міндеттердің маңыздылығы туралы айтып берді. 

  Халық қалаулысымен болған кездесуге Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының, облыстық қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Отырыс-
ты Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпова ашып, жүргізді әрі  Ақмола ассамблеясының атқарып жатқан жұмысы жайында  баяндама жасады.
Облыста осы күні 52 этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді, оның 32-сі облыс орталығында, 2-уі Степногорск қаласында, қалғандары аудандарда. Биылғы жылы су тасқынынан зардап шеккен Атбасар, Сандықтау, Целиноград аудандарының тұрғындарына гуманитарлық-материалдық көмек көрсету мақсатында 92 миллион теңгеден астам қаржы жиналған. Облыста 845 тұрақты меценат бар көрінеді. «Қоғамдық келісім» мекемесінде ашылған ана тілдерін оқыту мектебінде он ұлттың тілі оқытылады, онда келушілер арасында қазіргі уақытта кәріс тіліне деген сұраныс көп екен. Баяндамашы этносаралық қайшылықтар мен келіспеушілік сипатында бірде-бір медиациялық даудың орын алмағанын, біздің облыстағы ұлтаралық келісім мен ынтымақтың беріктігіне ерекше мән берді.
Облыстағы ынтымақ пен бірліктің, ұлтаралық татулық пен сыйластықтың айқын үлгісін естіп білген халық қалаулысы Елбасының рухани жаңғыру бағытында жариялаған бағдарламалық мақаласына ерекше көңіл аударып, туған жер, еліміздің келешегі, кәсіпкерлердің өздерінің туған ауылдарына, халқына көмек беруі секілді мәселелерді кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ, Парламент Мәжілісі депутаттарының қарауға ұсынған 111 заң жобасының 88-і бекітілгені, әлі де заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгізу қажеттігіне ерекше мән берді. Өткен жылы барша халықты дүрліктірген Жер кодексіндегі кейбір тармақтардың жойылғаны, заңның жетілдірілгені де өзі секілді әріптестерінің еңбегі екендігін атап өтті. Сонымен бірге, депутат жас-тар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуына немесе теріс қылықтар жасауға итермелейтін кейбір сайттарды бұғаттауға, киберқылмыспен күресу бойынша жасаған жұмыстарына мәжілісмендердің қосқан үлесіне тоқталды. Халықтың денсаулығына ерекше мән берген депутат елімізде жүрек-қан тамыры жүйелері
ауруларын емдейтін емханалардың аздығын айтып, бұл  мәселені  де шешудің жолдары қарастырылып жатқандығын атап өтті.
Кездесуге жиналғандар банктерден ипотека алғанда оның үстінен төленетін үстеме ақылардың тым жоғары екендігін, тіпті, жүз пайызға дейін баратындығын, «Тұрғын үй жинақ банкінің» өзі салымшыларына алатын пәтерлерінің елу пайызын жинауын талап ететіндігі мен олардың пәтер алуға беретін қарыздарының үстінен тағы да үстемеақының көп төленетіндігін айтып, шағымданды. Сонымен бірге, жетім балаларға пәтерді бірінші кезекпен беру, медиация мәселелері бойынша кездесетін көптеген даулы жағдайлар талқыланды. Ардагерлер кеңесінің өкілдері әлі күнге дейін ардагерлер кеңестері туралы заңның жоқтығы, Ауған соғысына қатысқандарға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгендерге қатысты заң тармақтарын жетілдіру қажеттігі
жайында өз ұсыныстарын білдірді.

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар