Жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеудің негізі

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» мақаласы – ел мен ұлттың болашағы үшін толғанған аса құнды бағдарлама  болып табылады. Қоғамдық сана жаңғырып, жоспарлы жобаны халық жылы қабылдады. Өскелең ұрпаққа үлгі болатын, ұлттық сананың кемелденуін көздейтін бұл мақаланы елі үшін жаны ашитын барша  жан қолдайды деп ойлаймын. Мақаланың негізгі тұтқасы  ұлтқа ұйтқы болатын, елімізді үлкен істерге жетелейтін тың жобалар екендігі белгілі.

  Бағдарламалық мақаланың бірнеше мәні бар. Оның біріншісі білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деді Елбасы.  Екінші мәні – басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау.  Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс. Елбасы бұл жұмысты халыққа дұрыс түсіндіру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керектігін айтты.  Төртіншіден, жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек», дей келе Елбасы «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналатынына сенім білдірді. «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаланың басты бағыты – ұлтжанды азамат тәрбиелеуге негізделген  «Туған жер» бағдарламасы – уақыт талабынан туындап отыр. Осындай идеяны халық тәуелсіздікті алғаннан бері күтіп келді. Бұл мақаланы халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы армандаған арманы деп те айтуға болады. Ауқымды үш мәселені қамтыған жоба жалпыұлттық
сипатта жаңғырудың тиісті тетіктерін анықтап берді. Осылайша халық арасында рухани жаңғырудың үдерісі басталды.
Туған жер – әркімнің  өсіп-өніп, адамның өмір бақи тұратын өлкесі. Әр адамның жүрегінің түбінде өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігі болады.  Әсіресе, бүгінгідей шетелге кетіп жатқан жастарға ой сала отырып, туған жер мен ата-ана алдындағы парыз бен қарызды өтеу қажет деген өскелең ұрпақтың ойына ой тастап, санасына сілкініс әкелетін қадам деп қабылдадым. Туған жерге тағзым ету, еңбегін сіңіру – әр азаматтың парызы.  Осы жерде тек  жерді көркейтіп, дамыту ғана емес, сонымен қатар, рухани  байыту қажет. Ол үшін әр азаматтың бойында отансүйгіштік сезімі болу керек.  Қазіргі кезде алдымен өзінің қазақ екенін мақтан тұту, ұялмау, қазақ тілі мен салт-дәстүрін құрметтеу, содан соң отбасы құндылықтарын үнемі есте сақтау сияқты негізгі «тіреуіштер» дұрыс қаланса, бала  міндетті түрде елжанды, ұлтжанды болып өседі.  Ұлтты тәрбиелеуде «Туған жер» жобасы патриоттық тәрбиенің негізгі өзегі болмақ. Қазақ тарихтан өнеге, қуат алған халықтың ұрпағы. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе де жоқ. Тарихта талай дәуірлеген кездеріміз де болған. Талай басымыздан бақ ауып, кері кетірген замандарға да кез келгенбіз». Қазіргі өскелең ұрпаққа ата-бабаларымыз көздің қарашығындай қорғаған жердің қадір-қасиетін түсіне білуге тәрбиелеуіміз керек. Менің ойымша, «Туған жер» бағдарламасын сәтті жүзеге асырудың мол үлесі тарихшылардың қолында. Тәуелсіз елдің рухты, өжет азаматтарын отбасы, мемлекет, қоғам болып тәрбиелеуіміз қажет. Ол үшін жастар ұлттың рухани жаңғыруына бастайтын «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша әр облыстарда нақты ұсыныстар айтылып, нақты жоспарлар бекітілуде.  Енді құр сөзден де, іске ауысатын кез келді.  Жүрегі елім деп соққан
әр азамат «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға өзі үлес қосуы керек. Туған жерге деген ерекше құрмет – туған жердің көркеюіне атсалысу. Билік, халық, қала, ауыл болып   ұлттық рух  пен мәдениетті көтеруге ұмтылыс қажет. Туған жер шежіресін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін жақсы білетін жалынды патриот жастардың жаңғыру жолы басталды.
Қазіргі қоғам алдындағы міндетіміз ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, бүгінгі ұрпағына аман-есен сақтап жеткізген атамекеннің қасиетін түсіндіру.  Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының түп-төркіні тарихта жатыр. Талай-талай тарихпен байланысты аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына еңбегі сіңген ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Бұл істерді жүзеге асыру үшін менің ойымша тарих пәніне қосымша  «Туған жер» бағдарламасы аясында болашақта мектеп бағдарламасына «Өлкетану» пәнін  енгізу арқылы ескерткіштерді өңдеу, қала инфрақұрылымын жақсарту, ауылды дамыту жөнінде әлеуметтік жобалар тізімін жасау, әлеуметтік нысандарды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету, жекелеген адамдарға материалдық көмек көрсету, жас өлкетанушылар семинарларын өткізу және басқа да түрлі  іс-шаралар ұсынылып отыр. «Туған жер» бағдарламасында жергілікті аймақтық өлкетану мәселелеріне, оның ішінде музейлер мен архивтердің маңызы  ерекше. «Туған жер» бағдарламасы өлке тарихын жаңа қырынан ашуға мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда, жергілікті мұражайлар мен мұрағаттар оқу орындарымен бірлесе жұмыс жүргізу керек. Өлкетану жұмыстарын жас-тар тәрбиесінде жан-жақты пайдалануға болады.  Оның  бір жолы – туған аймақтың археологиялық ескерткіштерімен таныс-
тыру. Әрбір жас өзінің кіші Отаны – туған аймағында тарихтан қалған қандай жәдігерлер барын, олардың мән-маңызын білгенде ғана туған өлке тарихын білуге, құрметтеуге деген сезімі оянады. Мәселен, Ақмола облысының төңірегінде осындай бірнеше тарихи орындар өте көп. Оқушылар  мен студенттерді тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан жерлерге апарып, ел мен жер тарихына деген сезімдерін ояту маңызды істердің бірі. Осындай бағытта тәлім-тәрбие алған жоғары оқу орнын бітірген мамандар елі мен жерінің тарихын білуде, насихаттауда және құрметтеуде бейтарап қалмауы тиіс.    
Елбасы туған жердің тарихын тек мектепте оқытумен шектелмей, «Туған жер» бағдарламасын іске асыруға шенеуніктерді, кәсіпкерлерді, зиялы қауымды, жастарды жұмылдыруды тапсырды. Президент бұл жұмыс жергілікті билік өкілдерінің міндеті екенін көрсетіп берді. Осындай ауқымды бағдарламалар негізінде үлкен істерді жүзеге асыратын кез туды. Өз туған жеріне жаны ашыған азаматтар мен азаматшалар өздерін көрсететін сәт. Ата-бабаларымыз аманат етіп қалдырған жеріміз бен мәдениетімізді келесі ұрпаққа жеткізу, қазір біздің тікелей парызымыз деп ойлаймын.

Гүлдерай ҚЫРҚАЕВА,
Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ  педагогикалық колледжінің тарих  пәнінің оқытушысы, педагогика  ғылымдарының магистрі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар