Ғаламторда Ақмола облысында әйелдер босанатын үйдің қызметкерлері жаңа босанған анаға сәбиінің өлі туғандығын айтып, арада он төрт жыл өткенде ғана әйелдің өз баласының тірі екендігін анықтағаны жайында ақпарат жарияланып, жұртшылық арасында үлкен пікір туғызған еді.
Осыған орай, облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері түсініктеме берді деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Қисықованың айтуынша, 1983 жылы туған Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындарының бір студенті 2003 жылдың 9 қазанында перинаталдық орталыққа түседі. Жедел жәрдем машинасы әкелген аяғы ауыр келіншек орталықта түсік тастайды. Дегенмен, сәби тірі қалады. Жансақтау бөлімінде біраз уақыт жатқан сәбиді аман алып қалу үшін дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасайды. Жедел жәрдем алып келген келіншектің құжаттары да болмапты және ол ауруханадан шығарда сәбиі туралы сұрастырмаған, тіпті, сәбиінің бар-жоғына назар аудармай кетіп қалған. Ол аяғының ауырлығына байланысты есепке де тұрмапты. Мұрағат құжаттарын тексергенде анасының айтқанындай, сәбидің өлгендігі туралы мәліметтің тіркелмегендігі белгілі болды. Осы жайлардың бәрі жас келіншектің сәбиіне еш ынтасы болмағандығын аңғартады дейді денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Тірі қалған сәбиді көп ұзамай Щучинск қаласындағы балалар үйіне жібереді. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Валерий Гамазов жоғарыда аталған сәбидің балалар үйінде жүрген кезінде оның анасын табу бағытында жұмыс ұдайы жүргізілгендігін айтады. Дегенмен, анасын табуға тұрмысқа шығуына байланысты тегін өзгертуі кедергі келтіріпті. Десе де, бәрі жақсылықпен аяқталып, арада он төрт жыл өткенде анасы баласын тапты. Қазір бала анасымен бірге оның отбасында тұрады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

