Жастарымыз есірткіге елікпесін

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» – деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Адам негізгі тәрбиесін отбасынан алады. Үлгілі отбасында өскен баланың мінез-құлқы да үлгілі болады. Өкінішке орай, бүгінде жұмысбастылықты желеу еткен көп ата-ана бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмей жатады. Ал, оның нәтижесі баланың теріс жолға түсіп, өміріне үлкен әсер ететін жамандықтарға ұшырайтынын өмірде көріп жүрміз.

Есірткі… Адамның ақыл-есін алатын бұл залалды зат қанша жанның ғұмырын өксітіп, қанша өмірлерді көктей солдырды десеңізші. Есірткіге бір үйір болған адамның одан құтылуы қиын. Егер ол әлі өсіп, бұғанасы қатпаған бала болса, есірткіге тәуелділікке ұшыраған соң қалыпты өмірге оралуы екіталай. Сондықтан, әрбір  ата-ана бала тәрбиесіне уақыт тауып, әсіресе, есірткінің залалы жөнінде міндетті түрде айтып, түсіндіріп отырғаны жөн. Өйткені, есірткі саудасымен айналысып, ақша табуды көздеген арамзалардың құратын қақпанына ең алдымен, балалар мен жасөспірімдер түсіп жатады.
Грек тілінде «ұйқы» мағынасын білдіретін «narke» сөзі ағылшын тілінде «narkotik» деген сөзге айналып, ұйықтату, жансыздандыру, сезімсіздендіру деген мағынаны береді. Жалпы алғанда, есірткі деп адамның тәнін де, психикалық сезімдерін де жансыздандыратын заттарды айтады. Есірткінің құрамында адамды ақыл-естен айырып, психикалық жағынан теріс әсер ететін, ашуландыратын, жүйкесін қоздыратын элементтер бар.
Бүгінде  жерде өсетін мак, сора сияқты өсімдіктерден ғана емес, есірткіні химялық, яғни, жасанды жолмен де дайындайды. Жасанды есірткілердің залалы табиғи есірткіден де ауыр болады. Есірткіге бір еліккен адам оған жіпсіз байланады. Яғни, есірткіні қабылдамаса тұра алмайтын дәрежеге жетеді. Бұндайда адам есірткі сатып алу үшін ұрлық жасауға, кісі тонауға, тіпті, адам өлтіруге дейін барады. Нашақорлыққа жасөспірімдердің тез салынатынын ескерсек, қанша жастарымыз есірткінің салдарынан қоғамнан аулақтап, қылмысқа бой ұратынын түсінуге болады.
Есірткіге бір шырмалған жанның одан құтылуы оңайға соқпайтынын айтып кеттік. Сондықтан да, ең дұрысы есірткіден аулақ болған жөн. Ал, осы есірткінің шырмауына жастар қалай түседі? Біреулер ермек үшін әуесқойлықпен қабылдап көрмек болады, енді біреулер басқалардың азғыруына еріп есірткінің қармағына түсіп жатады. Ал, есірткіге бір еліккен соң одан құтылу қиын.  Ең алдымен, өзіңді жоғалтасың, өмірге деген құштарлық, болашаққа деген сенім жоғалады, отбасынан, достарыңнан аулақтай бастайсың. Сөйтіп, өмірің мүлде басқа арнаға бұрылады.
Бүгінгі деректерге назар аударсақ, нашақорлыққа салынатындардың дені мектеп жасындағы бойжеткендер мен бозбалалар екен. Өйткені, жасөспірімдер еліктегіш келеді, сондықтан, бір рет есірткіні қолдансам ештеңе ете қоймас деп, қалай нашақор болғанын білмей қалады.
Жастарымыздың есірткіге елігіп жататынына көбіне біздер – үлкендер кінәліміз. Жастарға дұрыс тәлім-тәрбие беру, салауаттылыққа баулу – отбасында, мектепте ұстаздар арқылы жүргізілуі қажет. Бүгінгі жас ұрпақ еліміздің ертеңгі тізгінін ұстайтын азамат екендігін ешқашан естен шығармағанымыз абзал.
Ботагөз ҒАБДУЛЛИНА,
облыстық наркологиялық оңалту орталығының дәрігер-наркологы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар