Болашаққа бастайтын жол

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы ел тарихының 25 жылында халыққа 20  Жолдау арнап, әрқашанда елінің болашағы мен ертеңін көрегендікпен болжау арқылы дұрыс бағыт-бағдар беріп отырғандығы ақиқат. Терең мағынаға ие әрбір жаңа Жолдау – ең алдымен егемен еліміздің ертеңгі жарқын болашағына бастар басты бағыт-бағдар екендігі айқын.

«Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс» деп зор міндет жүктеген Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы күні кеше 25 жылдық даму кезеңіне есеп беріп, табыстары мен жетістіктерін бір саралап өткен жас мемлекетіміздің жаңа бағыт, жаңа бағдар алып, келесі бір даму кезеңіне аяқ басқанын айғақтайды. Жолдауда айғақталған бес басымдықтың: экономиканы қарқынды түрде технологиялық жаңғырту, дәстүрлі негізгі салаларды дамыту, еңбек нарығын жаңғырту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капиталдың сапасын көтеру, институционалдық түрлендіру, қауіпсіздік, сыбайлас жемқорлықпен күрестің дені бір арнаға тоғысады. Ол заман талабына сай туындап отырған экономикалық жаңа өзгерістерге қабілетті жаңа Қазақстанды қалыптастыру болып табылады. Экономикамызды жаһандық бәсекеге қабілетті етіп қайта құра отырып, сол жаңа технологиялармен жұмыс жасай алатын ІТ-білімді, қаржылық сауатты, ұлтжанды жас ұрпақ тәрбиелеп өсіруіміз керек.  Қазақ тілінің басымдығын сақтай отырып, кезең-кезеңмен үш тілді оқуға көшу мәселесін жүзеге асыру жаңа индус-трия, жаңа экономика тілін қазақ тілінде еркін сөйлете алатын азаматтар дайындауы-мыз керек дегенге саяды.
«Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді» дегендегі ойы ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан, қасиетті де бай, тегеуріні мықты тілімізді жаңа бір қырынан таныту болса керек. Себебі, Елбасымыз өз сөзінде: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды» деген болатын.
Жолдауды әрбір азаматтың алдына қойған айқын міндеттер деп түсінетін облыстық тілдерді дамыту басқармасы облыстық оқыту-әдістемелік орталығының оқытушылары да Жолдауда айтылған негізгі ой мен мақсат, міндеттерді халыққа түсіндіру, насихаттау жұмыстарын бастап кетті. Әрбір қазақ тілінен дәріс беріп жүрген оқытушыларымыз тыңдаушыларға Жолдауда белгіленген бес басымдық заман талабына сай туындаған жаңа бағыт, жаңа бағдар, жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін Қазақстанның үшінші жаңғыруы екендігін, ол Қазақстанның азаматымын деген әрбір адамның алдына жаңа міндеттер қоятындығын түсіндіріп өтуде.
Елбасымыздың сарабдал саясаты мен көрегендігінің арқасында небары 25 жыл ішінде қарыштап дамып, күннен-күнге көркейіп келе жатқан еліміздің алдында тағы бір тарихи сындарлы кезең тұр. «Алдыңғы көш қайда бастаса, кейінгілер соңынан ереді» дегендей, сын сағаттарда елін сара жолға бастай алатын Көшбасшылығына, тың бастамаларымен жарқын өмірге жетелей алатын Ұлтбасшылығына сеніп, әрі соңынан ере білген, бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатқан көпұлтты халқымыздың ынтымақтастығы мен «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген» бірлігінің арқасында екені мәлім.
Ендеше, Елбасының өрелі Жолдауы-мен, қайсар рухты, өр мінезді өршіл халқымыздың қолдауымен бұл тарихи сын кезеңінен де сүрінбей өтіп, әлемдегі алдыңғы қатарлы дамыған 30 мемлекеттің қатарынан көрінетіндігімізге кәміл сенеміз! «Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады!» дегендей, бұл Жолдау Мәңгілік ел идеясын жүзеге асыруға көмектесіп, алған бағытымызды әрі қарай айқындай түседі деп ойлаймыз. Әлемді өзіндік даму үрдісімен таңқалдырған, жасампаздығымен тамсандырған, өз тарихында «мың өліп, мың тірілген», жаңғырып, жалын атып қайта тұрған Қазақ елі өзін тағы да бір жаңа қырынан танытары хақ!  
 

Ерболат МҰҚАНОВ,
Ақмола облыстық оқыту-әдістемелік
орталығының оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар