Егіндікөлдің биылғы сапалы астығы қуантады

Өңірлік коммуникациялар қызметінің Егіндікөл ауданына ұйымдастырған баспасөз туры аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері осындағы шаруашылықтарда болып, биылғы орақ науқанының барысымен танысып қайтты.

  – Былтыр ауданда 323 мың гектар жерге дәнді дақылдар егілсе, биыл бұл көрсеткіш 10 мың гектарға көбейген. Алқаптың 99 пайызына егін егілген. Себебі, жыл сайын мол егін егіп, одан сапалы мол өнім алуға климаттық жағдай мүмкіндік береді, – деді
аудан әкімі Нариман Төлепов  баспасөз туры алдында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, биылғы егін орағы жөнінде журналистерге берген сұхбатында.
Өткен жылы диқандар жауын-шашынның аз болуына қарамастан, 323 мың гектар жерге егілген алқаптан 13 центнерден өнім алған. Сөйтіп, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізген.
–Қазіргі таңда адамдар жермен дұрыстап айналысу қажеттігін енді-енді түсініп келеді, жаңа технологияларды пайдалана отырып, бірқатар шаруашылықтар рекордтық өнім алуда. Мемлекет тарапынан субсидия бөлініп, жаңа техника, тұқым сатып алынды. Біздің диқандарымыз осы уақытқа дейін барлық алқаптың 52 пайызын жинап үлгерді. Аудан бойынша астық жақсы. Мәселен, «АСКӨП» ЖШС 11, «Армавир» ЖШС 9 центнерден айналдыруда, – деген аудан әкімі орақ науқанына кейбір шаруа қожалықтарының әлі кірісе қоймағанын айтты. Өйткені, олар ірі шаруашылықтардың жауапты науқанды аяқтауын тосып отыр. Былтыр жиналған астықтың 68 пайызы үшінші класс болды. Дән қамырлылығы 24 пайызды құрады. Биыл үшінші класты астық көлемі 100 пайызды құрап, дән қамырлылығы 26-28 пайызға жетеді деп күтілуде. Сәйкесінше, алатын өнімнің сапасы да жоғары болатынына диқандар толық сенімді.
Бір қуантарлығы, бүгінгі таңда ауданда бос жатқан жер жоқ. Себебі, тұрғындар жердің қадірін түсініп, ауылда тек соны игерумен, мал ұстаумен ғана күн көруге болатынын әлдеқашан түсінген. Егіс алқаптарын аралаған кезімізде де осы жайға анық көзіміз жетті. Қай тарапта болсын, өсірген өнімдерін ысырап қылмай, шығынсыз уақытылы жинап алуға деген құлшыныстары байқалып-ақ тұрды.
Алдымен ат басын бұрған жеріміз – «Саяхат» шаруа қожалығы. Қолынан іс келетін білгір азамат Олег Уразалиновтың басшылығымен тасы өрге домалап келе жатқан бұл шаруа қожалығында бүгінде жиырмадан астам адам жұмыс істейді. Айта кетуіміз керек, «Саяхат» шаруа қожалығы – ауданда ең бірінші, ал, облыс бойынша алғашқы ондықтың қатарында құрылған шаруашылықтардың бірі. 1989 жылы Олег Балтабайұлы бұрынғы Калинин кеңшарына көшіп келіп, жалға жер алған. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен ғана айналысқан екен. Кейін тұрғындар малмен қатар, жерді игерумен де айналыса бастаған. Содан бері шаруашылық жұмысы бір тоқтаған емес. Қорғалжын ауданында да өз жерлері бар. Биыл Егіндікөл ауданындағы 1936 гектар алқабына егін еккен. Шаруашылықтың машина-трактор паркі үнемі жаңартылып отырады. 11 комбайн, 5 себу кешені бар. Өндірістік аумақта күніне 500 тоннаға дейін өнім өңделеді. Орақ науқанына тамыздың 21-інен қызу кіріскен шаруашылық диқандары оны бірер күнде-ақ аяқтауды көздеп отыр.
Ал, Спиридоновка ауылындағы «Армавир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұржан Бейсембаевты қызу орақ науқаны жүріп жатқан егін алқабында жолықтырдық. Шетелдің озық «Джон Дир» комбайндарын тізгіндеген комбайншылар бітік шыққан егінді орып жатты. Бұл серіктестік те жауапты науқанды толық аяқтауға жақын. Тек тыңайтқыштардың өзіне серіктестік үстіміздегі жылы 160 миллион теңге қаражат жұмсапты. Осы орайда, біз орақ науқанына биыл 32-інші рет атсалысып отырған Аманбай Шайымовпен тілдестік. Оның екі ұлы да осы серіктестікте комбайншы, механик болып жұмыс істейді. Аманбай Шайымов басқа да жұмысшылар секілді күн-түн демей тынымсыз еңбек етіп, комбайндардан астықты қырманға тасиды.       
Біз болған Ұзынкөл ауылындағы «Ушаково-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақтияр Ысқақовты өз еңбегі арқылы туған ауылының түтінін түзу ұшыруға ықпал етіп тұрған азамат десек, әсте қателеспеген болар едік. Ауыл көпұлтты болғанымен, бәрі бір үйдің баласындай ынтымақта өмір сүріп жатыр. Әсіресе, 1999 жылы мұнда Бақтияр Ысқақовтай кәсіпкер азамат келгелі бері, ауылдың еңсесі тіктеліп, жағдайы бірте-бірте жақсара түскен. Серіктестік мал шаруашылығымен қатар, егін егумен де айналысады. Осы уақытқа дейін алқаптағы егіннің 60 пайызы орылып, қырманда 6 мың тоннасы тазартылған. Шаруашылықтың егін алқабын, қырманын аралағанымызда жұмысшылардың тынымсыз еңбегін көріп, көңіліміз өсіп қалды.
Бір күндік баспасөз туры аяқталып, кері қайттық. Жол бойы көзімізге көрінген сап-сары теңіздей толқи тебіренген егін алқаптары самал желмен дәнге толған масақтарын бұлғап бізге қош айтысқандай.
 
Егіндікөл ауданы.

Суретте: қамбаға құйылатын алтын дән.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар