Діни бірлестіктер де күрестен шет қалмайды

М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда этномәдени және діни ұйымдардың рөлі» атты дөңгелек үстел өткізілді. Оның жұмысына үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени орталықтардың, қоғамдық және діни бірлестіктердің өкілдері қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

«Белый блоггер» қоғамдық бірлестігінің президенті Ерлаз Жайықбаевтың айтуынша, барлық дәстүрлі діндер жемқорлықты күнә ретінде қатаң айыптайды. Осы орайда, жемқорлыққа төзбеушілікті, оны қоғам үшін қатерлі құбылыс деп санап, оған қарсы күресуді жұртшылықтың санасына сіңіруде дәстүрлі діндердің рөлі де айтарлықтай дей келе, жемқорлықтың тамырына балта шабу үшін әр азамат мұндай теріс құбылысқа ымырасыздықты өзінен бастауы қажет деп атап өтті. Пара алған адам ғана емес, пара берген адам да жемқорлық қылмыстың орын алуына ықпалын тигізеді.
Татар этномәдени орталығының төрағасы Рафайл Сұлқарнаев өзін емдеген дәрігерге алғысын айтып, бір қорап шоколад беру алғыс па, әлде пара ма дегенді айтып, жемқорлық пен қарапайым алғыс сезімінің ара жігін ажыратудың кейде қиынға түсетінін айтты. Адамдардың көбі баласын оқытқан мұғалімге берілген бір тал гүлден бас-тап, басқа да сыйлықтарды пара деп түсінбейді және бұл біздің қоғамда кеңес заманынан бері қалыптасып, тамырын тереңге жайған құбылыс. Оның жемқорлықтың кең жайылуына тигізетін әсерін теріске шығаруға болмайды. Парақорлық сияқты жаман қасиеттің жолын кесуге қоғамдық ұйымдар мен діни бірлестіктер зор үлес қоса алар еді. Сонымен бірге, бұқаралық ақпарат құралдарын да барынша кеңінен пайдаланған жөн.
– Ауыл мектебінің мұғалімі өзіне бекітіліп берілген пән кабинетіне жөндеуді өз қалтасынан шығарған ақшаға жүргізеді. Бұл қаншалықты дұрыс?  Жұмыссыздық жайлаған ауылдағы ай сайын тұрақты табыс тауып отырған мұғалімдік қызметінен айырылып қалмас үшін ауыл мұғалімдері амалсыз осындай қадамдарға барып жатады, – деп бастаған әңгімесін облыстық дін істері басқармасы жанындағы «Насихат» орталығының бөлім басшысы Данияр Тоқсанбаев мұның бәрі адамдардың құқықтық мәдениетінің төмендігінен екендігіне назар аударды.
«Наше право» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владислав Шуль  жемқорлыққа жол ашатын қоғамымызда қалыптасқан жүйе бар екендігін, оның жолын кесу үшін жемқорлыққа қатысты жекелеген оқиғаларды анықтап, жазықтыларды жазалаудың тиімсіздігін, ең алдымен қалыптасқан сол жүйені жою қажет екендігін айтты. Қазір Елбасы тапсырмасына орай аудандық, облыстық деңгейдегі құзырлы мекемелердің жанынан құрылған қоғамдық кеңестер бар. Бірақ, сол қоғамдық кеңеске кімдер мүше болатынын сол мекеме басшыларының өздері анықтап, шешеді, яғни, олар өз сөздерін сөйлейтін адамдарды тартуға тырысады. Мұндай жағдайда қоғамдық кеңес арқылы қалыптасқан шетін мәселелер ашық айтылып, оны шешу жолдары қарастырыла ма?
«Первый антикоррупционный медиа-центр» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары  Руслан Ақылбеков үйде отырып алып жемқорлық асқынып кетті деп оңды-солды сын айту оңай, ең бастысы соған қарсы нақты күресу екендігін айтып, интернеттің дамуымен бұл бағыттағы жұмыстардың пәрменді бола түскенін тілге тиек етті.
Бүгінде жемқорлық заң бұзушылыққа айыптылар бейнетаспаға түсіріп алып, интернетке жариялайды деп қатты қорқады. Ал, кез-келген адам телефоны арқылы ондай әрекеттерді түсіріп алып, мұндай келеңсіздікті  барша жұртқа жариялауға мүмкіндігі бар.
Дөңгелек үстел басындағы еркін пікір алысу түрінде өткен шарада жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күреске байланысты көптеген ой-пікірлер айтылып, қоғамдық ұйымдар мен діни бірлестіктердің де бұл маңызды істен сырт қалмауы қажеттігі атап өтілді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар