Жаңа жобаларға қаржы қажет

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы, шағын және орта бизнесті дамытуға арналған жаңа құралдарды енгізудің тиімділігі талқыланды. Кеңеске партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов қатысты.

Облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақовтың төрағалығымен өткен кеңестің күн тәртібіне сай, алдымен облыстық кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары  Досхан Әміреновтің өңірдегі «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен оны іске асыруға мүмкіндік бермей жатқан кедергілері жайындағы баяндамасы тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, облыста осы күні 42 600-ден астам шағын және орта бизнес субъектілері бар екен. Бұл көрсеткіш өткен жылғы сәйкес кезеңнен 2 мың субъектіге артқан.
Дегенмен де, осы бизнес субъектілерінің 25 пайызының жұмысы тоқтап тұрған көрінеді. Сандықтау ауданынан басқа өңіріміздің барлық аудандарында бизнес субъектілеріне қатысты соңғы көрсеткіштер көбейген. Баяндамашының сөзіне қарағанда, кәсіпкерлік нысандарының іске қосылуының арқасында өткен жылы 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылыпты. Бағдарлама іске қосылғаннан бері облыста 682 жоба қабылданып, оған 85 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Соның ішінде ағымдағы жылы 481 миллион теңгені құрайтын 16 жоба құпталды. Дегенмен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының  шеңберінде субсидиялауға 2017-2019 жылдарға қаржы қарастырылмапты. Жалпы сипаттағы трансферттер аясында бөлінген  1 211,986 миллион теңге қаржы субсидиялау, кепілдендіру, гранттар беру және 2013-2016 жылдарға арналған субсидиялаудың келісім-шарттарының міндеттерін орындауға жұмсалыпты. Өткен жылдың соңғы тоқсанында қомақты қаржыны талап ететін ірі жобалар қабылданғандықтан, субсидиялау мен жаңа жобаларды іске қосуға ақша тапшылығы туындауда.
Осыған байланысты облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Даму» қоры бірлесіп, бірнеше мәрте облыстық әкімдікке қаржы бөлу жөнінде хат жолдаған. Бірақ, әкімдік тарапынан бас тарту жөнінде жауаптар келіпті. Бұл мәселелер жөнінде «Даму» қорының директоры Сәуле Әбішева да түсіндіріп, аталмыш бағдарлама бойынша жылына болжалды түрде берілетін қаржы бір уақытта жеткілікті болса, кейбір кездері жетпей жататындығын, тіпті, бір мезгілде бірнеше ірі бизнес жобалары құпталып, оларға қажетті қаражат мөлшері де көп болып кететіндігін айтты. Осы орайда, қоғамдық кеңес мүшелері биылға қажетті 378 миллион теңге көлемінде қаржы бөлу мәселесін облыстық бюджетті жоспарлау кезінде ұсыныстарын жасап, қалай да алып беретіндіктеріне сендірді.
Бұдан соң, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Алтынбаевтың кәсіпкерлерді оқыту мен оларға өз бизнестерін ашуға дейінгі көрсетілетін көмек-қолдаулар туралы баяндамасы, облыстық мәслихаттың депутаты, «Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әсен Жақсылықовтың шағын және орта бизнес мекемелеріне арналған мамандандырылған апаттық-құтқару қызметтерін құру жөніндегі ұсынысы тыңдалып, талқыланды. Бұл мәселелердің барлығы алдағы сессияларда қаралатын болады.

Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар