Патриоттық сезім адамның діни сенімі мен ұлтына қарамайды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қандай бастаманы қолға алса да, оны халқымен ақылдасып шешеді. Жыл сайынғы Жолдауларында да міндеттелген бағыт-бағдар айқын көрсетіледі. Биыл сәуір айында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ел назарына ұсынылды. Еліміз жаңа кезеңге аяқ басқан тұста біз қалай әрекет жасап, қандай деңгейге көтерілуіміз қажет? Мұның жауабы мен оған қол жеткізудің жолдары осы мақалада кеңінен қамтылған. 

«Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүние- танымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», – деді Мемлекет басшысы. Ол бүгінгі заман талаптарына сай жаңғырған қоғамның ғасырлар бойы тамыр тартқан тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болатынын ескертеді. Осы жаңа тұрпаттағы жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу екенін ашып айтты.
Шынымен де, өз тәуелсіздігіне ие болған кезден бастап демократиялық қоғам орнатуға бағыт алған біздің елімізде ұлттар мен ұлыстардың еркін өмір сүруіне барлық жағдай жасалды, олар өздерінің салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін дамытуға мол мүмкіндік алды. Біздің елімізде ұлттық құндылықтарға айрықша мән беріледі. Қазақстан – қазақтың атамекені. Сонымен қатар, тағдырдың жазуымен және қуғын-сүргінмен осында қоныс аударылған көптеген ұлттар мен ұлыстар бүгінде бейбіт елдің тұрғындары болып табылады. Елбасының ұстанған сая-сатына сәйкес біздің елде ұлтына, дініне, нәсіліне қарамайды, бәрінің де құқығы бірдей әрі тең. Сондықтан да, жүзден астам ұлт пен ұлыс бір шаңырақтың астында біртұтас Қазақстан халқын құрап отыр.
Қазақстан Президенті аталған мақаласында өткен ХХ ғасырдың халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болғанын, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылғанын және ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалғанын атап өткен болатын. Жергілікті ұлт қана емес, өзге этнос өкілдері де осындай есеңгіреткен ауыр соққы алды. Кеуделерінде шер, жүректерінде жазылмас жара қалды.
Өзім солардың бір өкілі болып табылатын корейлер 1937 жылы сонау Қиыр Шығыстан осы қазақ жеріне еріксіз көшірілді. Сол оқиғаға биыл 80 жыл толып отыр. ХХ ғасырдың қасіретті жылдары саналған сталиндік қуғын-сүргін жеке адамдарды да, біртұтас халықтарды да аямады. Қақаған қыста қазақ даласына вагон-вагонмен әкеліп, «осы жерде өмір сүресіңдер» деп, түсіріп кеткен. Түгелдей қырылып қалуы да мүмкін еді, бірақ қазақ халқы оларды ажал аузынан аман сақтап қалды. Соңғы бір үзім нанын бөлісіп жеп, суын берді. Өздерінің қиын жағдайына қарамастан, қолдарындағы барымен бөлісті, тек қана корейлерді ғана емес, басқа да халықтарды өз орталарына қабыл алып, олардың балаларын өз қанындай бауырына басты. «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Жерұйық» фильмінде корейлердің қоныс аударылған кезіндегі оқиғалар айна қатесіз, шынайы суреттелген. Оның бәрі өмір шындығы. Мұның бәрін жас ұрпақ білуі тиіс.
Қазіргі жедел қарқынмен дамып жатқан заманда біз өмір сүріп отырған әлем үлкен өзгерістерге түсуде. Қазақстан дүниежүзін бейбітшілікке үндеп келе жатқан болса, ал, бірқатар елдер соғыс қаруларын одан әрі көбейтіп, жанталаса қарулану әрекетіне көшуде. Соғыстың адамзат баласына тек қана қасірет әкелетінін ұғына алмайтындар ХХІ ғасырда да өмір сүріп жатқаны өкінішті. Осы орайда, Елбасы күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеріп жатқанын, әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталғанын атап өткен. Алайда, дүние жүзінде бейбітшілікті қалайтындардың саны өте көп. Қазақстан адамзат баласын алапат қауіп-қатерден қорғау мақсатында алпауыт елдердің басшыларына үндеу жолдады. Ол үндеудің бас-ты шарты – жаппай қырып-жою қаруларын сынақтан өткізуге немесе қолдануға мүлдем тыйым салу. Біздің елдің осындай жаһандық маңызы зор бастамаларын қолдайтындардың қатары жыл санап өсіп келеді.
Президент мақалада ХХ ғасырда тек ұлттар мен адамдарға ғана емес, Жер анаға жасалған қиянаттың да зардабы ауыр болғанын атап өтті. Жеріміздің апатты аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналғанын жазады. Мысалы, жанталаса қарулануды көздеген Кеңес Одағы жері қасиетті де киелі Семей өңірін өткен ғасырдың екінші жартысында ядролық қаруды сынайтын аймаққа айналдырып, шұрайлы жері мен суын ластады, халқын жазылмас дертке шалдықтырды. Мұндай қасірет оған дейін болған емес еді. Ендігі жерде осындай қайғы-қасіретке жол бермеу барша адамзаттың парызы болмақ. Ал, Жер ананың байлығын ысырап қылмай  пайдалану, экологиялық залалдардың орын алуына тыйым салу баршамыздың келешек ұрпақ алдындағы бас-ты міндетіміздің бірі екені анық. Елбасының айтуынша, ендігі жерде ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану заман талабы болып отыр.
Елбасы мақаласында «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», – дейді. Осы ойын өрбіте келіп, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек екенін алға тартады. Айталық, ақпарат ағыны әлем назарын өзіне аударып тұрған тұста, компьютердің тілін білу, бірнеше шет тілін меңгеру, дүниежүзінің озық мәдениеті мен рухани байлығынан сусындау сияқты қасиеттерге ие болсаңыз, бәсекеге қабілетті және өркениет жаңалықтарымен тыныстаған адам атанатыныңыз анық.
Елбасы жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімнің жоғары болуы тиіс екенін үнемі айтып келеді. Осы мақаласында да бұл мәселеге тоқталды. Біртұтас елде патриоттық сезім де дінге, ұлтқа бөлінбейді. Қазақстанның бүгінгі жастары – мектепте елдік рухта тәрбиеленгендер, олар тәуелсіздік жылдары мемлекет құндылықтарын бойына жинаған өрендер. Әрбір қазақстандық ұлтына, нәсіліне, дініне, шыққан тегіне қарамастан, бәрі де өздерін Қазақ елінің азаматтарымыз деп сезінеді. Бүгінде олар осы елдің атынан әлемдік, халықаралық жарыстар мен байқауларға қатысып, білім мен ғылымда айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Спорт саласында да биік межелерді бағындыруда. Олардың көтергені – Қазақстанның көк Байрағы, шырқағандары – еліміздің Әнұраны. Бәрі де биік тұғырда тұрғанда ерекше тебіреністе болып, кеуделерін тәуелсіз мемлекетімізге деген мақтаныш сезімі билейді.
Мақалада Мемлекет басшысы өз ойын қорыта келе, қазіргі шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды етудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отырғанын, сол мүмкіндіктен айырылып қалмауымыз қажет екенін еске салады. «Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін», – деп өз пайымын түйіндейді. Бүкіл қазақстандықтарға, соның ішінде жастарға арнайы үн қатып отыр. Ендеше, Елбасы көздеген межені бағындыру, алға қойған міндеттерін орындау тәуелсіз мемлекетіміз – Ұлы Отанымызды шексіз сүйетін әрбір адамның азаматтық парызы деп білемін.
Осы жолда бізді адастырмайтын да, мақсаттарымызды баянды ететін де рухани байлығымыз, мәдени құндылықтарымыз. Заманның жаңа, өркениетті жаңаруына лайықты бола білген елдің халқы қиындықтарды да жеңеді, табысқа да жетеді. Үлкен асуларды да бағындыра алады. Өйткені, рухани жаңғыру – еліміздің жаңа белеске көтерілуіне серпіліс беретін күш.

Роман КИМ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаты, «Қазақстан корейлері қауымдастығы»  республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар