Құрметке лайық Елена

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында айтылып, қолдау тапқан жобалардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен іске асырылып жатқан «100 жаңа есім» бағдарламасы. Қазіргі күні облысымызда республикалық жобаға ұсынылуы тиіс 300-ге жуық жасы елуге толмаған, ел үшін еңбек етіп, қайырымды істермен айналысып жүрген азаматтардың тізімі жиналды. 

Өмірдің мәні – адамдарға жақсылық жасап, оларға мейірім сыйлау, түсіністікпен қарау және олардың шынайы алғысына ие болуымен сипатталады. Айналадағы адамдарға қамқор болып, мына жарық дүниенің әр атқан таңына қуану, жақындарыңмен сыйласу – Елена Лысенконың негізгі ұстанымы. Ол қоғамдық істерге белсене араласады.
1990 жылы Елена Леонидовна өзінің педагогикалық қызметін Петровка орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Уақыт өте келе, он бес жылдық тәжірибесі бар маман мектеп директорының тәрбие істері жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл жайында:
–Балалармен түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, олармен белсенді жұмыс істеу менің көшбасшылық, ұйымдастырушылық, шешендік қабілеттерімді одан сайын дамыта түсті, басқарушылықты, өзіңнің бойындағы бар жақсылықты балаларға сыйлауды үйрендім, –дейді ол. Балалармен және жасөспірімдермен «жақсы істің ерте-кеші жоқ, тек шынайы көңілмен жасаңдар, өзгелерге үлгі болып, олардың көзіндегі отты лаулатыңдар» деген ұранмен жүрді. Абыроймен белсенді жұмыс істей білді.
2009 жылы ол Николаевский селолық округінің әкімі болып тағайындалды. Осындай жауапкершілігі зор қызметте абыроймен, ел игілігі үшін еңбек етіп, нәтижелі жетістіктерге қол жеткізді. Халықтың ойынан шықты. Қазіргі жаңа инновациялық технологиялар мен заманауи жұмыс әдістері енгізіліп жатқан заманда ол барлық жаңашылдықты меңгеру үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді. Мемлекеттік қызмет мәртебесін көтеру мақсатында қарамағындағы қызметкерлермен тағылымдамалық-тәрбиелік жұмыстар жүргізуге жете көңіл бөледі.
Ұлты орыс болғанымен, ол мемлекеттік тілге зор құрмет көрсетіп, жүзден астам ұлт пен ұлыс мекендеген еліміздегі өзге ұлттардың да діні мен діліне, мәдени құндылықтарына, ұлттық тілдеріне зор мән береді. Өзі Қайнар деген ауылда дүниеге келіп, ондағы қазақтармен жақсы араласып, жергілікті ұлттың тәрбиесін көрген.  Жолдасының ұлты – украин.  Анатолий Иванович екеуі өмірге бір ұл мен қыз дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбие беруде. Қайын енесі Людмила Гаррастың ұлты шешен екен, бірақ мемлекеттік тілді өте жақсы меңгерген. Қазақтарға қиын-қыстау заманда қол ұшын бергендері үшін алғысы зор. Және де ол біздің жергілікті ұлттың қонақжайлық қасиетін бойына сіңіріп алған данагөй ене. Тарихтың соқпағымен қазақ жерінде Иван есімді украинмен жарасып, шаңырақ құрған олардың отбасы қазір нағыз интернационал үлгілі отбасылардың бірі.
Аудан аумағында өткізілетін барлық іс-шараларға Елена Леонидовна үнемі белсенді қатысады. Ауыл қарттарының ақыл-кеңесіне жүгініп, әр мәселені бірге шешуді, үлкеннің ақылын тыңдағанды жөн санайды. Себебі, ол көпті көрген ақсақалдардың даналығы мен көрегендігін жоғары бағалайды. Ауылдағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, қарттар мен мүгедектерге көп көңіл бөледі. Жағдайы төмен, әлеуметтік қорғалмаған топқа жататын азаматтармен, жетім-жесірмен, жастармен және жасөспірімдермен жұмыс істейді. Халықтың мәдени мұрасын сақтап қалуды да өзінің мұраты санайды. Округте «Юксари шоқысындағы ауыл» атты тарихи-өлкетану мұражайын ашты. Ол жас ұрпаққа туған елінің, ауылының тарихын білуіне, ауылдан шыққан жақсыларға қарап үлгі-өнеге алуға бағытталған.
Селолық округтің маңында Елена Леонидовнаның басшылығымен кең көлемді абаттандыру, көгалдандыру және ауыл ішіндегі жолдарға жөндеу жүргізіліп келеді. Сонымен бірге, ол Петровкадағы балабақшаның, селолық клубтың күрделі жөндеуден өтуіне, ФАП-тың салынуына да зор ықпал етті.
Ауылдастары мен әріптестері арасында сый-құрметке ие тұлғаны аудан тұрғындары «100 жаңа есім» жобасына енгізгенді құптап отыр.

Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар