Латын әліпбиіне көшуде ағаттық болмауы керек

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшу жөнінде айтылғаны белгілі. Бұның өзі заман талабынан туған қадам екендігі түсінікті. Латын әліпбиіне көшу – бүгінде қоғам талқылауындағы өзекті тақырып болып отыр. 

Себебі, жыл соңына дейін нақты бір байламға келу қажет. Мәселен, қазір екі таңбамен берілетін әріпке – диграфқа қатысты пікір қайшылықтары орын алуда.
Бұл мәселе «Мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру туралы және алфавиттің бірыңғай стандартын талқылау» тақырыбымен «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында партияның жанынан құрылған «Мирас» республикалық кеңесінің отырысында қозғалып, талқыланды. Республикалық кеңес отырысына бейнебайланыс жүйесі арқылы облыстық партия филиалына жиналған қоғам қайраткерлері мен тіл мамандары да қатысуға мүмкіндік алды.
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Мирас» республикалық кеңесінің төрағасы Мәулен Әшімбаев жүргізген алқалы отырыста мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жұмыс тобының екі өкілі аталған мәселеге қатысты баяндама жасады. Жұмыс тобының жетекшісі, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек өз сөзінде 100-ден астам жоба түскенін айтты. «Дәл қазіргі кезде өзіміздің бұрынғы ғылыми-классикалық тәжірибеміз және ғаламтор, ағылшын тілі, түркілік деңгей сияқты заманға лайық нұсқалардың барлығы қарастырылып, жұмыс тобында сұрыпталды. Негізгі жұмыс – тілімізді төл табиғатымызға бағындыру. Қазір қазақ тілінде төл ережелеріміз бен бөгде тілдің заңдылықтары қатар жүріп жатыр. Ол емлеге де, айтылу, жазылу ережесіне де байланысты», – деді тіл ғалымы. Жұмыс тобы алдағы айларда осы мәселеге орай жұртшылықтың пікірін жинау жұмыстарын бастайды.  Тамыз айында Парламентке латын әліпбиінің екі түрлі нұсқасы ұсынылғалы  жұртшылық арасында екіұдай пікірлер туындап отырғаны белгілі. Оның бір нұсқасы – бір дыбысты бір таңбамен құрықша, ноқаттар мен сызықша арқылы беру болса, екінші нұсқа – екі таңбамен, яғни, диграфпен беру.
Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ербол Тілешов аталған әліпби нұсқалары қандай принцип негізінде қабылданғаны жөнінде айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі кезде А.Байтұрсынов атындағы институт пен Ш.Шаяхметов атындағы орталықта және жұмыс тобында таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін пікірлер қабылдануда. Оның ішінде Мәскеуден, Қытайдан хабарласқан қандастарымыз да бар көрінеді. Ондағы сұрақтардың негізі «ң» және «ә» әрпіне байланысты және «в, ц, ф» әріптері неліктен әліппеден орын алды деген мәселе төңірегінде болып отыр.
Бас қосуда сөйлеген белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков жаңа әліпбиді дайындайтын уақыт келді деген ойын жеткізді. «Латынға көшкен күнде де бай тілімізді сақтап қалуымызды ойлауымыз керек», – деді ол. Жұрттан келген хаттар негізінде ойын айтқан Халықаралық түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ы  
басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі латын әліпбиіне көшуде жұрт арасында түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу керектігіне назар аударды. Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан: «Мына қалпындағы әліпби жарамайды, елдің сынынан өткен жоқ. Маған 27 ұсыныс келіп түсті. Мысалы «ң» әрпін «ng» таңбасымен бермеу керек деген ұсыныстар көп, сонымен қатар «у» әрпінің орнына «w» белгісін қолдану да дұрыс емес», – деді ол. Талқылау барысында ең бастысы бұл мәселенің басы-қасында лингвистер, тіл мамандары жүруі керектігі, сондай-ақ, нақты шешім қабылданғанға дейін сұрыптан өткізіліп, пысықталуы қажет екені айтылды.
Бұдан әрі  кеңес отырысы облыстық филиалда жалғасты. Мейрамбек Қиықов, Құдайберлі Мырзабек, ҚХАА хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпова, әдебиетші-ғалым Сәбит Жәмбек бастаған жұмыс тобы латын әліпбиіне көшу заман талабы екендігін айта
отырып, бұл жұмыста асығыстық жасамай, бұқараға ыңғайлы әрі түсінікті
әліпби қабылдауымыз қажет деген пікір білдірді.

Динара ДҮЙСЕН,
«Нұр Отан» партиясы  облыстық
филиалының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар