Үлгі алатын мектеп

Вячеслав орта мектебі еліміздегі «жасыл экономиканы» дамытудың озық үлгісін көрсетіп келе жатқан алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі. Жыл сайын мектеп «жасыл» технологияны қолданудың нәтижесінде коммуналдық қызметтерден 3 миллион теңге көлемінде қаржы үнемдейді. 

Арнасай ауылындағы бұл мектеп еліміздегі «жасыл» технологияларды қолға алып, іске асыра бастаған алғашқы білім ордасы. Оның отыз жылдан астам педагогикалық еңбек өтілі бар, бұрынғы директоры, «Ақбота» қоғамдық қорының  төрайымы Татьяна Немцан бірнеше жыл ішінде мектепті осындай жоғары деңгейге көтеріп, жас ұрпаққа заман талабына білім беру жобасын іске қосты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде ЭКСПО-2017 көрмесі өткізілетін болған сәттен бастап жасыл экономиканы дамытуға назар аудару міндетін қойған болатын. Осы орайда, Мемлекет басшысы көрме аясында Астана қаласының маңында орналасқан елді мекендерде жасыл технологияларды пайдаланудың озық үлгісін көрсететіндей «жасыл технопарктер», «жасыл ауылдар» қалыптастыруды тапсырған еді. Осының негізінде бұл жобаға Елордадан 40 шақырым жерде орналасқан Арнасай ауылы тартылған болатын. Соның ішінде Вячеслав орта мектебі де бар. Сол уақытта мектепте экологиялық білім берудің жаңа модельдері әзірленіп, сәтті енгізіліп дами түсті. Жаңа бағдарламалар негізінде мектеп оқушылары мен ұстаздары сабақ барысында тәжірибе жүзінде «жасыл» технологияның құралдары мен құрылғыларын пайдаланып, оны іске асырудың нәтижесінде «жасыл экономиканы» меңгерді. Мектеп Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірге, осы істе  кеңінен танылды.   
Қазіргі уақытта мектеп пиролизді пешпен жылытылып, суды жылытуға арналған күн батареяларын, су сүзгілерін, сенсорлы крандарды, тамшылатып жер суару құрылғыларын, жарық диодтарынан, күн сәулесінен қуат алатын шамдарды қолданады. Осындай технологияларды пайдалану мен пирамидалық, поликорбанатты жылыжайларды іске қосудың арқасында мекеменің бюджеті айтарлықтай үнемделуде.
–Жыл сайын осы технологиялардың арқасында аудан бюджетінен бөлінетін қаржының 3 миллион теңгеден астамы үнемделеді, – дейді мектептің қазіргі директоры Елена Молешкова. –Мектептің ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жері 0,5 гектарды құрайды. Оның 300 шаршы метрі жылыжай. Бау-бақшада көкөністер мен жемістердің 11 түрі өсіріліп, өз асханамызды толықтай қамтамасыз етіп отыр. Осының негізінде мектеп асханасындағы тағамдардың бағасы басқа мектептермен салыстырғанда біршама арзан, яғни, бір оқушы дәруменге толы кешенді түстік асты 200 теңгеге іше алады. Технология сабағында жоғары сынып оқушылары технолог маманмен бірлесіп, жемістерден компоттарды, көкөністерден неше түрлі консервіленген өнімдерді дайындап, өздерінің қысқы азықтарын әзірлейді.
Сонымен бірге, Вячеслав орта мектебі аумағында осыдан екі жыл бұрын Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі аясында жетпіс түп алма ағаштары отырғызылып, болашақ «ЭКСПО бау-бақшасының» негізі қаланыпты.
Жалпы, Вячеслав орта мектебін бірегей мекеме деп атауға болады. Мұнда оқушылар бірінші сыныптан бастап туған жерге, табиғатқа деген құрмет пен сүйіспеншілікке баулынып, тәрбиеленеді. Балалар нақты мысалдар арқылы энергияны тиімді пайдалануға үйреніп, осындай технологияларды қолданудың нәтижесін көріп өседі. Қазір олар тамшылатып суару әдісін және су себуге арналған жаңбырлатқыш саптамаларды қолданысқа енгізіп отыр.
Сонымен бірге, Вячеслав орта мектебі оқушылары «жасыл» экономика және экология тақырыбында өткізілетін түрлі облыстық, республикалық халықаралық байқаулар мен конкурстарға белсене қатысып, жеңімпаз атанып жүлделі орындардан көрінуде. Сонымен бірге, олар өздері дайындаған жобаларын мектепте іске асырып отырады. Қазір мектеп оқушылары қала және ауыл шаруашылығын дамытуға энергия көзін тиімді пайдалану тұрғысынан келу, жертөле жайларында аквамәдениетті қалыптастыру секілді жаңа жобалармен айналысуда екен.
Бүгінде білім ордасы «жасыл» экономика мен экологияның тиімді тәсілдерін пайдалану мен қолдану бойынша елімізде үлгі тұтарлық мекеме. Сондықтан, әлі де алар асулары алда деп ойлаймыз.

Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар