Жұмыс қарқыны қуантады

Өңірлік коммуникациялар қызметінің Бурабай ауданында ұйымдастырған баспасөз туры аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін жекеменшік серіктестіктердің жұмысымен танысты.

«Кенесары-Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі астық өңдеумен айналысады. Қазіргі таңда Бурабай және Зеренді аудандарындағы 27 шаруашылықтың астығын қабылдап, өңдеуде. Серіктестіктің өзінің элеваторы, диірмені, майлы дақылдарды өңдеуге арналған «Петкус» кептіру кешені бар.
Серіктестік директоры Темірғали Уәлиевтің айтуынша, мұнда әкелінетін астықтың отыз пайызы ылғалды. «Петкус» деп аталатын неміс қондырғысы мен майлы дақылдарды кептіріп, өңдейді. Бүгінгі таңда серіктестікте сексенге жуық адам жұмыс істейді. Орташа еңбекақылары 60 мың теңге төңірегінде.
–Қазіргі таңда өнімнің 50 пайызын рапс пен зығыр секілді майлы дақылдар құрайды. Күніне 350 тоннаға дейін қабылдаймыз, – дейді серіктестік директоры Темірғали Уәлиев.
Одан кейін баспасөз туры аудан орталығында ет өндірісімен айналысатын «KazBeef» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасты. 2014 жылдан бері ет өндірісін қолға алған серіктестікте 46 адам жұмыс істейді. Мұнда тек ірі қара мал еті ғана өндіріледі. Өндірілген өнім келісімшарт бойынша толығымен «Метро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жөнелтіледі.
Баспасөз турының соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Щучинск қаласында орналасқан май зауытында болды. Кәсіпорын күніне 60 тонна май өндіреді. «Майлы дақылдарды қайта өңдеу бойынша өндіріс қуаттылықтарын кеңейту» жобасы бойынша аталған серіктестік есепті кезеңде 3,8 мың тонна өсімдік майын өндірген.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін серіктестіктердің қызу жұмыстарын көріп, ел ырыздығының ортаймайтынына сеніп оралдық.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар