Заман талабы

Алдымен, осыған дейінгі жазу жүйеміздің тарихына көз жүгіртіп өтейік. 1929 жылға дейін елімізде араб жазуы пайдаланылған болатын.

Бұл жазуды кейін Ахаң, Ахмет Байтұрсынов араб графикасына негізделген төте жазумен алмастырды. 1929-1940 жылдарда латын графикасына негізделген әліпби қолданысқа енгізілді. 1940 жылдан бері кириллица графикасына көшкеніміз белгілі. Осы тарихи жолдарды ескере келе, латын әліпбиінің біздің тілімізге жат еместігін түсінуіміз керек.

Латын әліпбиіне көшу мәселесі жайлы қазір қоғамда әртүрлі пікірлер айтылуда. Кейбіреулер латын әліпбиіне көшу адам айтқысыз қиындық тудырады деп қауіптенетін болса, әріден ойлай білетін адамдар жаһандану заманында оның алар орны ерекше екендігін баса айтуда.
 Әрине, бір әліпбиден екіншісіне көшу қиындық тудырмайды деп айта алмаймыз. Жол-жөнекей аз-кем қиындықтың болары анық. Бірақ, біз қазіргі талапқа, заман талабына түсіністікпен, ой көзімен қарауымыз керек. Атап айтар болсақ, тіліміздегі әр дыбысты тиісінше әріптермен айқын таңбалай алу, бөгде тілдерден енген фонемалардың таңбалану мәселесі, тіліміздің табиғатына сай келетін, өзіндік дыбысталу ерекшеліктеріне кері әсер етпейтін мәселелерді де ескеру қажет.
  Бүгінгі компьютер заманында Интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындаған жөн.
Латын әліпбиінің тіліміздің болашағы үшін берері мол. Атап айтсақ, тіл тазалығы, жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, тіліміздің табиғи қалпын сақтап қалмақ. Оқыту барысында емле-ережелердің қысқарып, сол арқылы оқыту үрдісінің жеңілдеуі әбден мүмкін. Қазіргі технологиялық заманда ақпарат кеңістігіне кіруге жол ашылады, өз кезегінде, еліміздің дамуына үлкен үлес қосады.
Түбі бір түркі тектес елдермен рухани, мәдени, экономикалық тығыз қарым-қатынаста боламыз. Ал, қазаққа ұлт ретінде жойылудан сақтайтын бір себеп, өз тамырын білу, ал, біздің түпкі тамырымыз – ер түрік екендігі анық.
  Кириллица жазуымен тілімізге орыс тілінен енген бірталай сөздер бар. Мысалы: «ботинканы» өз тілімізге икемдеп «бәтіңке», «ящик» дегенді «жәшік» деп жатамыз. Бұл – тіліміздің тазалығының сақталуына айтарлықтай  кедергі жасайтын жайт.  Британдық ағылшындар өз тілдерінің америка, еуропа құрлықтарында әртүрлі айтылмай, таза сақталуын, француздар өз тілдеріне ағылшын кірме сөздерінің еніп кетпеуін қадағаласа, немістер жер-жерден келген қандастарының тілді бұзбай, дұрыс меңгеруіне алаңдаушылық танытуда.  Бұл жайт бізді де ойландыруға тиіс.
  Біз үшін латын әліпбиіне көшу – ұлт ретінде сақталып, тіліміздің тазалығын сақтайтын сара жолдың бастамасы.

Гүлжазира АРЫНБЕКОВА,
Қорғалжын ауданындағы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар