Ауылдардың бәрі осылай көркейсе ғой!

Есіл ауданында «Туған жер» мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турының барысында республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері осыған анық көз жеткізді. 

Бұл жолы журналистер алдымен Интернациональный ауылында жаңадан салынған шағын футбол алаңының ашылу салтанатына қатысты.  Ауыл мектебінің жанынан салынған спорт алаңының құрылысын Қазымбек Ақмағамбетов басқаратын «Шыңғыс хан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Осы мақсатта серіктестік есебінен 10 миллион теңге қаржы бөлінген. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Аманбек Қалжанов пен серіктестік басшысы Қазымбек Ақмағамбетов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Бүгінгі күні Интернациональный селолық округінде 671 тұрғын бар болса, оның 161-і  жастар. Сондықтан, қазіргі заманға сай жабдықталған жаңа шағын футбол алаңы ауыл жастарының бұқаралық спортпен шұғылдануына зор септігін тигізбекші. Кәсіпкер Қазымбек Ақмағамбетов өткен жылы осы ауылда мұз айдынын да құйып берген болатын. Игі істері осымен шектелмеген кəсіпкер мектеп  маңындағы бос жатқан жер телімін де шағын саябаққа айналдыруды жоспарлап отыр. Ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор септігін тигізетін мұндай бағдарлама Юбилейный ауылында да ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бұған осы ауылда шаруасын дөңгелетіп отырған «Ново-Приречный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үлесі зор.
Шаруашылық туралы айтқанда оның директоры Валерий Тюркиннің есімі алдымен ойға оралады. Оның ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған игі істері ұшан-теңіз. Ауылда жұмыссыз жүрген адам жоқ. Үлкені де, жасы да тұрақты жұмыспен қамтылған. Тіпті, сырттан келген мамандар да тегін баспанаға ие болуда.
Соған қарамастан, осынау шалғай ауылда мамандар тапшылығы байқалады. Мәселен, ауыл сыртынан ашылған жаңа спорт кешеніне ауыл жастарын бұқаралық спортқа баулитын әдіскер қажет.
– Ауылда тұрамын, жұмыс істеймін деген спорт маманына біз барлық жағдайды жасаймыз. Отбасылы адам болса, спорт кешенінің маңынан салынған екі қабатты зәулім коттеджді тегін тұруға беруге дайынбыз, – дейді Валерий Тюркин.
Бұл ауылдың өзгелерден бір ерекшелігі, мұндағы тұрғын үйлердің көбі бір орталықтандырылған газбен қамтамасыз етілген. Қаладағыдай ешкім де газ іздеп, сабылып жүрмейді. Зейнеткерлер мен серіктестік жұмысшыларына жеңілдіктер қарастырылған. Оған қоса, биылғы жылы «Туған жер» бағдарламасы бойынша ауылдың кіреберісіндегі 3,5 шақырым жолға жалпы сомасы 80 миллион теңге көлемінде серіктестік есебінен қаржы бөлініп,  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Келер жылы ауыл ішіндегі барлық көшелерге асфальт төсеу жоспарланған. Өзіміз көз жеткізгеніміздей, ауылдың әлеуметтік жағдайы өте жақсы екені бірден байқалады. Мұнда наубайхана, сауна, монша, бассейн, футбол алаңы, жастарға арналған спорт кешені, базар және қарттар үйі жұмыс істеп тұр.
– Базарға жақын маңдағы аудандар мен ауылдардан өнеркәсіп өнімдерін әкеліп сататындар бар. Ал, негізінен ұн, көкөніс, тағы басқа өнімдерді өзіміз шығарамыз, – дейді серіктестік басшысы.
Сонымен қатар, Бұзылұқ ауылындағы Рамзан Салтаев басқаратын «АгроОлдиви» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еншісінде де игі істер мол. Биыл шаруашылық ауылдық клуб ғимаратын қайта жаңғырту үшін қажетті сараптама жұмыстарына 700 мың теңге бөлген. Осы ауылдың тағы бір тұрғыны  Нұрлан Қайырбеков сүт өнімдерін қабылдайтын ауыл шаруашылығы кооперативін дамытуда.
Аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі – Заречный ауылындағы «Заречный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Уәлихан Әріповті білмейтін адам кемде-кем. Шаруашылықты жиырма жылдан астам уақыт басқарып келе жатқан  білікті басшыға ауылдастарының алғысы шексіз. Балабақша, клуб, мәдениет үйі, ауыр атлетикамен айналысатын арнайы спорт залы  жұмыс істеп тұр. Тұрғындарының саны 1500-ден асатын бұл ауылдың да жағдайы жақсы. Элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие болған серіктестік өніміне Ресей және Германия елдерінен сұраныс бар екен. Шаруашылық жыл сайын отыз мың гектардан астам алқапқа дәнді және бұршақты дақылдар егіп, мол өнім алуда.
– Элиталық тұқымға деген сұраныс жыл санап артып келеді. Бүгінгі таңда біздің алқапта өскен тұқымды Ресейдің Воронеж сияқты облыстары мен Германияға тұрақты түрде экспорттап отырамыз. Оған қоса, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай өңірлерінің алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де аттай қалап алады. Осының арқасында шаруашылық астық сатудан жыл сайын 1 миллиард теңгеден астам табыс тауып келеді. Оның бір бөлігін ауылдың әлеуметтік мәселесін шешуге бағыттап отырамыз, – дейді Уәлихан Әріпов.
Серіктестіктің 1,5 мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы мен шошқа фермасы бар. Шаруашылық меншігінде 899 бас ірі қара, 220 жылқы, 4250 шошқа бар. Ферма еңбеккерлері үшін барлық жағдай жасалған. Малшыларға тұрғын үй де салып берген. Балабақша, қариялар үйі, дәрігерлік амбулаториялық пункт, басқа   мекемелерге ұдайы қаржылай қолдау көрсетіп отырылады.

 

Жалпы, «Туған жер» бағдарламасы ұлттық патриотизмге кең жол ашуда. Ауданда қолы ашық азаматтардың туған ауылдарына көңіл бөліп, материалдық көмек көрсетуі соның айқын бір дәлелі іспеттес.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар