Айналайын, қызым-ай!..

шет елдің азаматына тұрмысқа шығып кеткен қызының хабарын естігендегі анасының өксігі еді бұл!..

– Алло, анашым, сәлеметсіз бе? Қал-жағдайларыңыз қалай? Анашым, Алла жазса, екі айдан соң елге келіп кетемін. Айтпақшы, сосын тұрмысқа шыққалы жатырмын. Қалғанын кейін айтармын. Сау болыңыздар, – деп асығыс-үсігіс Айжанның айтқан жаңалығына анасы Күнімжан аң-таң. –Е-е-е, құлыным қайда жүрсең де аман болшы, әйтеуір, сол жақта қалып қоюдан сақтасын, – деп ішінен тынды. «Келіп-кетермін деді ме, о несі?» деген оймен анасы телефонын орнына қойды.

Таңертең қызынан естіген жаңалығын отағасына айтуға асықпады. Асықпаған себебі, қызы үйде жүргенде жігітім бар деп ешқашан сыр ақтармаған еді. Тіпті, Қытайға кетіп бара жатқанда да, «анашым алаңдама, әлі-ақ елге қайтып ораламын» дегені бар. Бүгінгі хабары Күнімжан апайды екі ойға салып қойды. – Қазіргі жастарды түсіну қиын, бүгін жігіті бар, ертең жоқ. Кейін тағы да біреумен танысып, соның етегінен ұстап кете барады. Тіпті, шетелдіктерге тұрмысқа шығуға арланбайды қазіргілер. Үлкеннің ақылына құлақ асып жатқандары шамалы осылардың, – деген де ойлар келді. Бірақ, қызы туралы жаман ойлағысы келмеді.
Осы кезде есік жақтан «Көрші, үйдесің бе? Күнімжан, естідің бе? Анау Серікболсынның Кореяға кеткен қызы бар емес пе, сол бір жат елдіктің етегінен ұстап, сонда қалыпты дейді. Күйеу жігіт сол жақтағы бір фирманың бастығы көрінеді. Ол қыз ешкімге құрық салдыра қоймайтын қырсық еді ғой, мұнысына таң қалдым. Сенің қызыңнан хабар бар ма? Көптен бері телефон шалды деп айтпадың ғой» дегенде, қызының жаңағы амандығынан хабардар етті. Бірақ, жүрегі бірдеңені сезетіндей, жай әңгімелесті. Өзі іштей қапалана берді…
Араға үш ай салып, Айжаны Қытайдан аман-есен оралды. Амандық-саулықты сұрасып болғаннан соң, бір аптадан кейін құдаларының келетінін айтты. Ата-анасы бірден болашақ күйеу баланың кім екенін сұрап еді, қыздары олардан алдымен кешірім сұрап, әрине, қарсы болатындарын айтып, Қытайға кететіндігін жайып салды. Өткенде ғана Серікболсынның қызының бір кәріске кеткенін әңгіме қылған олар: «Қызым-ау, мұның не? Бір қазақты таппағаның ба? Қайдағы бір шет елдікпен біз құда болмаймыз. Шықпайсың тұрмысқа. Біздің бағып-қаққан, өсіріп-өндірген еңбегімізді зая кетірдің-ау. Егер кететін болсаң, енді қайтып осы шаңырақтың табалдырығын аттап басушы болма!» деп, қарсылықтарын білдіріп, «Ел-жұртқа, туған-туысқанның бетіне қалай қараймыз» деп, налыды. Бірақ, Айжан туғандары мен бауырларының қарсылығына қарамады, өз дегенімен Қытайға кетті. Ата-ана қанша дегенмен іштен шыққан шұбар жылан – баласына қашан жамандық тілеп еді. «Бақытты бол!» деген іштерінен тілеуін тілеп, алаңдап жүрді…
Соңғы уақытта қазақ қыздарының осылай шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатқаны жайлы көп еститін болдық. Кейбіріне ата-аналары мен туғандары қарсы болып жатса, енді біреулері шетелдік олигархтардың келіні болған қыздарына ақ баталарын аямай беріп, кейін өзімізге бір көмегі тиер деп үміттенеді. Алғашқыларын түсінуге болады. Себебі, бұл олардың ғана трагедиясы емес, жалпы ұлттық трагедия. Қыздарының түздегі қылықтарына қапаланса да, олардың қолдарынан ештеңе келмейді. Қанша жерден ұлтым, туған жерім деп өсірген ұрпақ шетелдерде қалып қойып жатыр. Ал, соңғыларынікі не деп, өзіміз де олар үшін қапаланамыз.
«Босағада қыздың қырсығы қалады» деген ырыммен қызын қонағындай төрге шығарып, аялап өсіретін қазағымыздың қаракөздері өзге ұлттың азаматына тұрмысқа шығып жатқандықтары мен үшін «ұлтын сатумен» тең. Мәселен, әртүрлі этностар тұратын Қазақстанда аралас некелер болары сөзсіз. Бірақ, оның күн санап артуы ұрпағымызға зиянын тигізбей қоймайды деп айта алмаймыз. Ал, «сүйдім, күйдім» деп шетелдік азаматтың етегінен ұстап, шекара асып жатқан қаракөздеріміздің қалі шынымен «кинодағыдай» бола ма екен? Қыздар тұрмыс құрарда бұл жайында мүлдем ойламайтын болуы керек…
Жалпы, шетелдік аруды жар етіп, келін түсіріп жатқан жігіт жайында көп ести қоймаймыз. Ал, шетелдік азаматқа еріп кеткен қыздар туралы екі күннің бірінде естіп, құлағымыз үйреніп қалғандай.
Елімізде жылына орта есеппен 100 мың жұп некелессе, оның 20 пайызы аралас неке көрінеді. Шетелдік күйеу балалардың басым бөлігі Франция, Біріккен Араб Әмірлігі, Түркия, Ресей, Қытай, АҚШ елдерінен екен. Ал, сол қара көздерімізден туған жиендер ертең кім болады? Ана тілінде сөйлемесі айдан анық. Анасының өзі қайын жұртының тілінде шүлдірлеп жүрсе, олардан не күтпекшіміз?
Бейресми мәлімет бойынша, 30 мың қытай қазақ қыздарына үйленіп, Қазақстанда тұрып жатыр. Ақтөбе, Алматы және Шығыс Қазақстан аймақтарында қытай жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қыздары көп. Қытайлықтардың қазақ қыздарына үйленуінің астарында жымысқы саясаттың жатқанын баршамыз түсіне бермейміз. Ақмолалық қыздардың да Астана мен Алматыға оқуға кетіп, сол жақта қытайлықтардың етегінен ұстағандар аз емес. Сондай-ақ, қазақ қыздарының орыс, кәріс, өзбек, қырғыз жігіттерімен бас қосып, шаңырақ көтеріп жатқандығы алаңдатады.
Сіңілімнің құрбысы жоғары оқу орнын бітірген соң Астанаға жұмысқа кетті. Сонда жүріп ағылшынның бір жігітімен танысып, көңіл жарастырды. Ата-анасына бір айға Ұлыбританияға оқуға жіберіп жатыр деп, жаздыгүні демалыста әлгі ағылшынның ата-анасымен танысып келді. Келесі жазда тұрмысқа шығатынын айтты бізге. «Құрбым-ау, шетелдікті қайтесің, өз ұлтымыздан бір жігіт табылмады ма саған?» дегенімде, «Сізбен әрине, келісемін. Бірақ, қазір біздің жігіттеріміздің мәдениеті төмен, қыз түгілі өздерінің сүйіп қосылған жарларын бағаламайды. Жас кезінде сыйламаған жігіттен, ертең қартайғанда не күтемін?» деп өзіме ақыл айтып тастады. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Бұл қыздың өскен ортасында мүмкін сондай дөрекі жігіттер көп болған шығар, бірақ, қазақ жігіттерінің мәдениеті мен кісілігі, адамгершілігі мен имандылығы берік, қай жерде болсын жоғары екендігіне өз басым сенімдімін.
Ақша мен байлықты көздеп, шетелге кеткен, сол елдің санын көбейтіп, ұрпағын дүниеге әкеліп отырған арулар өмірінің соңына дейін бақытты боларына ешкім де кепілдік бермейді ғой. Олигархқа тұрмысқа шығам деп арамзаның алдауына түсіп қалған қыздарымыз қаншама.
Психологтардың айтуынша, шетелге тұрмысқа шығуды өмірде таршылық көрген, толық емес отбасылардан шыққан қыздар көбірек қалайды екен. Себебі, олар ата-аналарының көрген қиындықтарын қайталағысы келмейді. Сондай-ақ, ауқатты отбасының шетел көрген, сонда оқып, тәлім алған қызы да «еуропашыл» келеді. Сондықтан да, психологтар қандай отбасы болса да қызы бар аналар өз қыздарын жас-
тайынан өз ұлтының азаматына тұрмысқа шығуына тәрбиелеулері керек дейді.
–Ана үйдің баласы шетелдік қызды жетектеп келіпті дегенді естімейсіз. Ондайлар болып жатса да аз. Ал, шетелдікке күйеуге шығатын қазақ қыздары мыңдап кездеседі. Меніңше, мұндай қыздардың санасында «бұл өзге ұлттың адамы ғой» деген ой болмайды. Бәрі тәрбиеге, анасына байланысты. Шетелдікке тұрмысқа шыққан қыз мұнымен өз баласына қандай тәрбие бере алады? Әрине, өзі сияқты ұл-қыздарды өсіреді. Оның да балалары дәл өзі сияқты болады, – дейді көкшетаулық Әсия Хаметқызы.
Қыздарымыздың қалағаны «жақсы жағдай» болса, шетелдік күйеу баланың көксегені не? Бұл жағына барлап жатқан ешкім де жоқ. Бұл орайда бізге қатал заң қажет секілді. Мысалы, Түркияда шетел азаматтарының түрік қыздарымен қосылуына тыйым салынған. Ал, арабтар өзге ұлттарға қыздарын бермейді. Түркіменстанда жергілікті жердің қызын алу үшін шетелдіктер сол елдің азаматтығын қабылдайды, сосын Үкіметке 150 мың АҚШ доллары шамасында қазынаға салық төлеулері қажет. Ал, бізде ше? Бізде бәрі тегін…
…Араға үш жыл салып, Айжан Қазақстанға қайтып оралды. Жолдасымен емес, кішкентай бөбегімен ғана. Ата-анасына баруға бата алмады. Себебі, олар осындай боларын сезгендей-ақ, кеткенше ақылдарын айтқан еді.

PS: Бірнеше тіл білетін, ақшасы көп шетелдікке күйеуге шыққанды мақтан еткенше, қыздарымыздың қазақ жігітіне тұрмысқа шығуына ата-анадан бастап, барша ел болып атсалысқанымыз жөн. Ол үшін оларға ұлттық әдеп-ғұрып, тарих, әдебиет пен мәдениетті, елжандылықты бала жастан ананың ақ сүтімен бірге дарытқан дұрыс. Қазақ қызы өзінің туған елінде қазақтың жігітімен ғана шынайы бақытты бола алатыны даусыз.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар