Асар деген жақсы бір дәстүр бар еді…

Жалпы, жарты Еуразияны алып жатқан қазақ елінің өз егемендігін алғанына жиырма алты жыл болып қалды. Кеңес заманында коммунистік идеологияның кесірінен ұлттық салт-дәстүріміз бен құндылықтарымыздан айырылып қала жаздадық. Қазір шүкір, осы тәуелсіздігіміздің арқасында сол құндылықтарымызды қайта жаңартуға мүмкіндік алып отырмыз. Соның бірі – асар өткізу.

Әлі есімде, бала кезімізде ауыл ақсақалдары бас қосқан жерлерінде ауыл болып асар өткізу жайын әңгіме қылып, қай күні қандай шаруамен айналысатыны туралы мәмілеге келетін. Біз де сол асар беретін күнді асыға күтетінбіз. Оның өз себебі бар. Ауыл болып бір жазда екі үйді қалап шығатынын көзім көрді. Ол кезде ауылдың қай түтінін алсаң да, бір-бір мініс жылқысы болатын. Атқа отырып лай еземіз. Ол кезде техника аз. Мұндай ізгілікті шаруаға кеңшар басшылары да бір ДТ-75 тракторын бөліп, көмектесіп жататын. Дайын болған лайды арнайы төрт бұрышты қалыпқа салып, саман кірпіш дайындайды. Таңертеңнен басталған жұмыс күн еңкейгенше бір толас-
тамайтын. Екі-үш күн өткенде тобарсыған саманды арасына жел баруы үшін қалап, үйетін. Айналдырған он-он бес күн ішінде жаңағы кірпіш кеуіп дайын болғанда, бүкіл ауыл болып жаңа үйдің қабырғасын көтеретін. Осылай қарбаласы көп күз айы келгенше ауылдың көшесінде жаңадан кемі екі-үш үй салынып бой көтеретін. Сондағы ұйымшылдық әлі күнге дейін мені таң қалдырады. Әже-апаларымыз бен жеңгелеріміз шаруа басында жүрген ауыл ақсақалдары мен азаматтарына түскі ас дайындап, үйлерінен алып келген құрт-ірімшік, бауырсақтарын ортаға үйіп қоюшы еді. Пісірілген ет өз алдында. Сондағы жүздеріне мейірім ұялаған ақ жаулықты әжелеріміз бен апаларымыздан «мен ананы әкелдім, мен сонша әкелдім» деген сөзді естімейтінбіз. Мұның бәрі де кішіпейілділік, ақыл-парасаттан екен-ау.
Кез-келген ұлттың өзіне тән ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, танымы болады. Алайда, оны берік ұстау мына жаһандану заманында қиын соғып бара жатқандай. Қалай десек те, ұлт болып сақталып қалу үшін осы құндылықтарымызды шетінетпей ұстау бірінші кезекте тұруы тиіс деп ойлаймын. Кешегі өткен Алаштың арысы Әлихан Бөкейханов: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпесе болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс айтатын алдымызда зор шарттар бар» деп жазған еді. Сол құндылықтарымыздың бірі – кәдімгі асар өткізу.
Айтайын дегенім, өзім тұратын Красивое ауылында жақында асар ұйымдастырылды. Жүз он бес жылдан артық тарихы бар бұл ауыл ауданымыздағы ең ірі елді мекен. Қабырғасы 1905 жылдары қаланған осы елді мекенде кімдер тұрып, кімдер өтпеді?! Өмір-өзен деген осы да.
2000 жылға дейін бұл іргелі ауылда қазақ қорымы болған жоқ еді. Қайтқан кісілерді 20-35 шақырым жердегі қазақ зиратына апарып жерлейтінбіз. Еліміз тәуелсіздік алып, ауылға 30-дан аса қандастарымыздың отбасы көшіп келіп, қоныстанды. Басқа жерлерден көшіп келіп жатқандар бар. Қазіргі таңда тәуба дейік, жүз елуден астам қазақ отбасы тұрады. Осыған байланысты ауыл ақсақалдары бір жиналғанда ауылда мұсылмандар зиратын ашу туралы сөз қозғап, Красивое ауылдық округі әкімінің шешімімен оған жер бөлінді. Ауылымызда 2007 жылдан бастап имам тағайындалып, дінге де бет бұрдық. Ораза, құрбан айттарында намаз оқылып тұрады. Жақында Қабдығали Молдарахметов имам бас болып, ауылда асар өткізілді. Ол мұсылман қорымын кеңейтіп, айналасын қоқыстан тазартуға арналды.
Елді мекенде орналасқан «Қалқаман Ел», «Красивое-Элеватор» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен Красивое бекетінің темір жол жұмысшылары, ауыл азаматтары осы бастамаға бір адамдай үн қосып, көпшіліктің алғысына ие болды. Бұдан екі жыл бұрын қорым басына там салынып, қысты күнгі суықтарда қабір қазғандар жылынып тұруы үшін темір пеш орнатылған еді. Бұндай игі іс Құмай ауылында да жүзеге асырылды. «Құмай-Есіл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қоянбай Әлмағанбетов бастаған ауыл азаматтары, ескі тамды сырып тастап, жаңадан там тұрғызды. Екі ғасырға жуық пайдаланылып келе жатқан қазақ қорымы кеңейтіліп, оған баратын жол да жөнделді. Соңынан аруақтарға арнайы ас беріліп, құран бағышталды. Осындай игі істер тек біздің ауылда ғана емес, басқа жерлерде де қолға алынып жатса, нұр үстіне нұр. Өйткені, атам қазақ «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ғой.

Амангелді ЕСТАЙ.
Красивое ауылы,
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар