Ел иесі – Байғара

Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық сананы жаңғырту жайы көтерілген еді. Кеңес заманындағы жалған интернационализм ұранымен жүргізілген коммунистік идеология ұлтсыздықты санаға сіңіріп, туған ел, жер тарихынан, ата дәстүрден, ана тілімізден айыра жаздағаны белгілі. Әлемнің озық елдерінің санатына қосылу үшін де ұлтжандылық, туған жер мен елді сүю, патриоттық қасиеттердің қажеттігі Мемлекет басшысының мақаласында нақты айтылған.

Сананы жаңғырту ең алдымен ел, жер тарихын білуден, құрметтеуден бастау алатыны анық. Осы орайда, орынсыз өзгерістерге түскен елді мекендер мен жер-су атауларын қалпына келтірудің маңызы зор. Бұндай ретсіз елді мекен атаулары Атбасар аймағында аз емес. Дегенмен, соңғы жылдарда елді мекендердің ежелгі атауларын қалпына келтіру бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда.
Байғара ауылы Атбасар қаласынан 35 шақырым жерде, шығыс жағына қарай орналасқан елді мекен. Іргетасы 1870 жылдары қаланған екен. Ішкі Ресейден қаптап келген қара шекпенділер сол аумақтан үй салып, елді мекенге айналдырады. Қоныс аударушылар жаңа елді мекенді Ново-Александровка деп атапты. Бұл жердің байырғы атауы Байғара екендігін сол тұста отаршылдар қаперіне де алмаған.
Енді Байғара ауылының тарихына тоқтала кетейін. Белгілі өлкетанушы Клара Әмірқызының айтуына қарағанда, Байғара атауы кісі атымен байланыс-
ты. Ауылдың бұрынғы иесі Байғара Отабайұлы жайлы сол кезде Омбыдан шығатын «Дала уәлаяты» газетінің 1895 жылғы 44-ші санында газет редакторы Рақымжан Дүйсенбайұлы жазған мағлұматтар табылды. Рақымжан Дүйсенбайұлы кейін 1917 жылы Сәкен Сейфуллин ұйымдастырған «Тіршілік» газетінің редакторы болғаны белгілі. Байғара Отабайұлы қажы болған кісі екен. Ауыл аймағына, ел-жұртына шапағаты тиген, сыйлы, қадірлі азамат болса керек.
1897 жылғы деректерге қарағанда, бұл аймақтың негізгі халқы қара қозған руынан, төрт ауыл сары қозғандар мекендеген. Аймақта 1444 қара мал, 165 түйе, 6397 ұсақ мал, 2112 жылқы болса керек. Халықтың дені егін шаруашылығымен айналысқан. Астықтың артығын Атбасарға апарып, орыс мұжықтарына сатады екен. Ол қаражатқа қажетті дүниелерін алған. Сонымен бірге, Жалтыркөлден балық аулап, балық шаруашылығын да өркендетеді. Осы істерді ұйымдастырып басы-қасында ел ағасы Байғара қажы жүріпті. «…Байғара Отабайұлы биыл Меккеге барып сонда дүниеден өтті. Құдайтағала сапарыңды оңғарсын, шапағатты адам. Сен халықтың пайдасына қызмет қылдың. Сен еккен егінді жеп, халық көп дұға қылды. Қазақтардың ішінде Байғарадай қайырымды жандар шыға берсе жақсы болар еді», – деп жазыпты 1895 жылғы «Дала уәлаяты» газетіне Рақымжан Дүйсенбайұлы.
«Ел ағадан азады, тон жағадан тозады» деген бұрынғылардан қалған сөз бар. Елдің жақсы, жаман болмағы басшысына байланысты. Қазіргі таңда Байғара ауылында егін егіліп, мал бағылып, шаруашылығын дамытып отырған іргелі серіктестік жұмыс істейді. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, ауылдағы әлеуметтік нысандарды жүдетпей ұстап отырған да осы серіктестік. Оған жақсы іске мұрындық болып жүрген ел ағасы «Бастау» ЖШС-нің директоры Темірхан Мұқышевтың сіңіріп жатқан еңбегі аз емес.

Патша заманында ауыл «Ново-Александровка» деп аталса, кеңес дәуірінде «Красная Заря» кеңшары деген атауына ие болды. Ал, қазіргі күнде ауыл Байғара, ондағы шаруашылық «Бастау» деп аталады. Байғара ауылының қысқаша тарихы міне осындай!

Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар