Баспана алудың машақаты

«Баспананың зарын тартып жүрген адамдардың біріміз. Алатын аз ғана айлығым ішетін тамағым, киетін киімім бар дегендей, күнкөрістен артылмайды. Сонда да баспаналы болудан үміттімін. Осыдан төрт-бес жыл бұрын мемлекеттік «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы арқылы пәтерлі болуға ұмтылып көргеніммен, одан ешқандай нәтиже шықпады», – деп мұңаяды біздің бүгінгі кейіпкеріміз Азамат.

Расында, дәл осындай жағдай кез-келген адамның басынан өтті, әлі де өтіп келеді. Ең бастысы, адамға көздеген мұратына жету үмітін үзбей, еңбектеніп талпыну керек. Бірақ та, болмайын деп тұрған істі болдырту оңай шаруа емес. Мемлекеттік маңызы бар шаруаға бір адамның өз күшімен қол жеткізуі екіталай. Сондықтан, елімізде үкімет тарапынан үй-күйсіз жүрген жандарды «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспанамен қамтамасыз ету қолға алынғанын білеміз. Оны жүзеге асырудың бір жолы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамына жүктеліп отыр. Бұл тұтынушыларға ұсынылып отырған баспаналы болудың жаңа әрі оңтайлы жолы болып саналады.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке жалға берілетін үйлердің санын көбейту үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, оны жүзеге асыру туралы тапсырма берген болатын. Иә, Жолдауда жарты миллионнан астам жас отбасыларды жеке баспанамен қамтамасыз ету үшін Үкіметке «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын әзірлеуді тапсырылғанынан көпшілік хабардар.
Оған қоса, соңғы жылдары «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» сияқты мемлекеттік бағдарламалар қолға алына бастады. Бұл бағдарламалардың бір артықшылығы, қаражаты мен мүмкіншілігі барлар үйді алдымен жалға алып, кейін өздеріне сатып алатын болады. Ал, мүмкіндігі жоқтар жағдайы келгенше ұзақ мерзімді жалға ұстай береді. Елбасы, сондай-ақ, жалға алғаны үшін жасалатын төлемақы әл-ауқаты орташа отбасылардың мүмкіндігіне сай болуын атап өтті. Жолдаудағы осындай жаңалық баспана тауқыметін тартып жүрген талай отбасыларға үміт ұялатты.
Бүгінгі күні Көкшетау қаласында жергілікті атқарушы органдарға барып, баспаналы болу үшін кезекке тұрған адамдардың жалпы саны бес мыңнан асып кетпесе, кеміген емес. Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, жас жанұялар пәтерге қол жеткізу үшін мынадай талаптарға сай болуы тиіс: ерлі-зайыптылардың екеуі бағдарламаға қатысуға өтініш берген кезде жасы 29-дан аспау (35 жасқа дейінгі бізге әлі жеткен жоқ) керек, заңды некеге тұрғандарына екі жылдан кем болмауы, отбасы құрамына балалары мен ерлі-зайыптылардың жұмыс істеу мүмкіндігі шектеулі ата-аналары да кіреді, жанұя мүшелерінің таза кірісі үш еселік ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауы тиіс. Ал, басқалары бұған дейін де қабылданып жүрген кезекке тұруға керекті құжаттармен толықтырылады.
Сөйтіп, бағдарлама бастауын алып, пәтердің жалдамалы ақысын төлеуге келісім бекітілген құжатпен келіп, тіркелгеннен кейін жергілікті атқарушы орган үйді бөлуде балды жүйеге жүгінеді. Яғни, некеге тұрған әр жылға бес балдан, бірінші балаға – 20 балл, екіншісі мен кейінгілеріне 30 балдан, отбасы құрамында мүгедектер немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен созылмалы аурулар қатарына енгендермен ауыратындар болса – 10 балл, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде салынатын пәтер кезегіне бұрын-соңды тұрмағандарға қосымша 5 балл беріледі. Сөйтіп, жалдамалы пәтерлер жинаған балдың есебіне қарай кезекпен бөлінеді. Демек, мұнда басымдық пәлен жылдап кезекте тұрғандарға ғана емес, жоғары балл алғандарға беріледі.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша барлық тұрғындарға және жас отбасыларға арнап салынатын бағдарламаның осы тұсына кеңірек тоқталсақ. Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жас ерекшелігіне қарамастан, табыс көзі бар, жұмыс істейтін әр адам еліміздің кез келген аумағынан үй сатып ала алады. Ол үшін банк салымшыларына ұсынылатын тарифтер бойынша ұзақ мерзімге жалға алып, кейін төлеп құтылу, үш жыл бойы банктегі шотына қаражат жинақтау, баспана құнының 50 пайызын шотқа салып, қалған 50 пайызын несиеге алу немесе ешқандай жинақ ақшасыз пәтер құнының 70 пайызын банктен 10 пайыздық үстемемен несиеге алу сияқты жеңілдіктерді қолдануға мүмкіндік бар. Банк өз болашағын Елбасы тарапынан білдірілген сенім үдесінен шығуға бағыттап отыр. Яғни, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттеріне баспаналы болудың әртүрлі тәсілдерін ұсынады. Оның ішінде «Қолжетімді баспана» бағдарламасының қатысушылары үшін көп мүмкіндіктер қарастырылған. Жас отбасылар мен тұрмысы төмен отбасылар алдымен жалға алып, бес және сегіз жылдан кейін сатып алу үшін жеңілдетілген пайыздық өлшеммен несие төлеп, 10-15 жылдың ішінде пәтерді толық өз қозғалмайтын мүлкі ете алады. Ал, некеде тұрғанына екі жыл толған, жастары жиырма тоғыздан аспаған жас отбасылар үшін арнайы бағдарлама қабылданып отыр. Олар белгіленген тәртіпке сәйкес құжаттарын көрсеткен жағдайда пайыздық үстемесі жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, жалға алған пәтерін кейін өзіне алып қалуы үшін өтемақысын төлей алады.
Алайда, бұл бағдарламалар біздің кейіпкеріміз сияқты баспанасыз жүрген жандарды қаншалықты жарылқайды? Осы жағынан тоқталғымыз келіп тұр. Соңғы екеуін айтпай-ақ, қояйық. Ал, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасына келетін болсақ, бастапқыда жақсы басталған бағдарлама соңғы кездері жұрт көңілінен шықпай жатқан жайы бар. Оған редакциямызға оқырмандардан келіп түскен сауалдар айқын дәлел.
Көкшетау қаласының тұрғыны Жайнагүл Қажымұратованың айтуынша, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы «Қолы жеткендердің баспанасы – 2020» болып кеткен сыңайлы. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі құрылған кезде, көптеген қазақстандықтар баспана мәселесі шешіледі деп үміттенген болатын. Бүгінгі таңда сол үміт су сепкендей басылып отырған жайы бар.
– Мен осыған дейін осы банктің салымшысы болдым. Банктің айтқан шарттары бойынша ай сайын ақша салып, белгіленген мерзім бойынша қажетті 50 пайыз ақшаны да жинадым. Пәтер алу үшін конкурсқа да қатыстым. Бірақ та, ұпайым жетпей өте алмай қалдым, – дейді ол.
Ал, банк басшыларының сөзіне қарағанда, салымшылардың саны жыл санап артып келеді. Қалада салынып, тапсырылып жатқан үйлер бар болғанымен, мәселені толық шешуге мүмкін болмай отырған жайы бар. Сол себепті, баспана кезегі де толастар емес. Тіпті, кейбір салымшылар (қалталы азаматтар, байлар) бір емес, екі үйдің бағасына жететін қаржы жинап қойған көрінеді. Олар тұрғанда елу пайыз ақша жинағандарға (қарапайым салымшыларға) пәтер алу екіталай. Осы орайда, банк мамандары қарапайым адамдарды алғашқы жарнаны 30 пайыз, тіпті, одан да төмен түсіреміз деп жұбатқандай болады. Егер елу пайызбен пәтер ала алмай тұрғанда отыз пайыз алғашқы жарнамен баспаналы болу логика жағынан алғанда ақылға сыймайды. Бұл банк саясатының бірінші кемшілігі.
Екіншісі, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына бастапқы жарна –
30 пайызбен екінші нарықтағы пәтерлерге несие бермейді. Өзге екінші деңгейлі банк-
тер осыған барып, қыруар пайда тауып отыр. Ал, мемлекет миллиардтап аузына құйып отырған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мұндай қадамға бармайды.
Үшіншіден, банк өздері үй салмайды. Дайын үйді сатып алып, кейін салымшыларына сатады. Бұл пәтер бағасының өсуіне әкеліп соғады емес пе? Осы жерде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету емес, пәтер саудасымен айналысатын құрылыс компанияларының өнімін өткізуге жұмыс істеп жатқандай.
Төртіншіден, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне деген сенімділіктің жоқтығы. Мәселен, кез-келген салымшыға келісім-шарт бойынша (мәселен, 3,5 жыл ішінде) қажетті ақша жинаған уақыттан кейінгі тура бір жылдың ішінде пәтерлі боласың десе сенімділік болар еді. Қазіргі кезде мұндай шарт жоқ. Ендеше сенімділік те жоқ. Бес жыл ма, он жылдан кейін аласың ба, оны бір Алла біледі.
Бесіншіден, салымшы сатып алатын үйге қажетті ақшаның жартысын жинап, қалғанын банктен несиеге алады. Осы кезде банк шарты бойынша қарыз алушы қарызға алған ақшасына ғана емес, банктегі есепшотына жинаған ақшасына да үстеме төлейді. Айта берсе, өз пайдасын ойлап, клиеттерінің мүмкіндіктерін екінші орынға сырып тастайтын банктің осындай құйтырқы саясаттары жетерлік.
Өзім де осы банктің салымшысы болдым. Жақында банктен қайыр болмаған соң амалсыздан депозитімді қайтарып алдым. Екінші деңгейлі Ресей банкіне қарызға батып, пәтер алуды шештім. «Көп шыдаған азға төзеді» демекші, соңғы сәтке дейін үмітімді үзбей күттім. Алайда, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы қашан баспаналы болатыным белгісіз болды. Оны күтумен пәтер жалдап, азын-аулақ жалақыңды өзге біреуге одан әрі бере беру де тиімсіз. Сондықтан, отандық банктерден гөрі, клиентке анағұрлым оң көзқараспен қарайтын шетелдік банкке барып, көптен армандаған баспанамды ипотекаға алдым.
P.S. Жыл сайын елімізде тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында бас-
пана алуға жағдай жасау мүмкіндігі артып келеді. Баспананың қадірін пәтерден-пәтерге ауысып, бір ай бойы төккен маңдай терін пәтерақыға төлегендерден артық білетін жан болмас. Дегенмен, қазақстандықтар үшін бас ауруына айналған баспана мәселесі алдағы уақытта бұдан гөрі жылдамырақ шешілер деп үміттенгеніміз-ақ келеді.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар