«Алқабилер – сот шешімі әділдігінің кепілі»

Ақмола облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы
Раджаб ДАМИНОВ:

Биліктің жеке тармағы ретінде бүгінде толық қалыптасқан сот жүйесі тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жылдарда көптеген өзгерістерді бастан өткерді. Бұндай өзгерістердің құқықтық демократиялық даму жолына түскен Қазақстанның сот билігін заман талабына сай қайта құру талабынан туындап жасалғаны белгілі. Осы орайда, қылмыстық істерді қарағанда халық өкілі – алқабилерді қатыстыру сот билігін халыққа жақындастырып, оған жұртшылық өкілдерін тартуға, сот шешімінің әділдігін орнықтыруға игі ықпалын тигізетін қадам десе артық айтқандық болмас. Ақмола облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Раджаб Даминов алқабилердің қатысуымен өтетін сот мәжілістерінің ерекшеліктері мен жағымды жақтары және кейбір түйткілді мәселелері жайында өз ой-пікірімен бөліседі.

–Қалай ойлайсыз, алқабилердің қатысуымен өтетін сот мәжілістері өткен кезең ішінде өзінің икемділігі мен оңтайлылығын көрсете алды ма?
–Елімізде ең алғаш алқабилер қатысқан сот мәжілісі 2007 жылы Солтүстік Қазақстан облысында өткен болатын. Алғашқы жылдарда алқабилердің қатысуымен өтетін сот облыстық сотта ұйымдастырылып жүрді. Кейін келе, ол қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарында қаралатын болды. Рас, ертеректе кеңес заманында да халық заседательдері деген жұртшылық өкілдерінің сот мәжілістеріне қатысу тәжірибесі болған. Дегенмен, тәуелсіз еліміздің сот жүйесінде қолданылып жүрген алқабилер сотының одан түбегейлі айырмашылығы бар және бүгінде қолданылатын халықаралық тәжірибелерді ескере отырып жасалғандықтан, заман талабына жауап бере алады.
Егер өткен жылдардағы статистикалық мәліметтерге назар аударып қарайтын болсақ, алқабилердің қатысуымен болған сот отырыстарының жалпы істерге шаққандағы үлес салмағының аздығын көреміз. Мәселен, 2015 жылы облысымызда алқабилердің қатысуымен 5 сот мәжілісі өтсе, 2016 жылы да сонша сот мәжілісі өткен, ал, биылғы жылдың алғашқы он айында алқабилер қатысқан 4 сот отырысы өткізілді. Осы кезең ішінде алқабилер қатысқан сот мәжілістері бір рет ақтау шешімін шығарса, қалған істерде айыптау үкімін тағайындады. Алқабилердің қатысуымен өтетін сот отырыстарының жалпы істерге шаққандағы үлесінің аздығына бірқатар жайлар себеп болуда. Ең алдымен, ол қылмыстық істерге және оның белгілі бір тараптарына ғана қатысты және тараптардың өз өтініштері бойынша жүзеге асырылады. Яғни, сот мәжілісінің алқабилердің қатысуымен өту-өтпеуін тараптар өздері шешеді.
Жалпы алғанда, халық өкілдерінің қатысуымен өтетін мұндай сот мәжілістері демократиялық үдерістің көрінісі ғана емес, сот шешімінің әділдігіне көпшіліктің сенімін арттыруға және халық пен сотты жақындастыруға да игі ықпалын тигізетінін уақыт тәжірибесі көрсетіп отыр.
–Бүгінгі қолданыстағы заңдарда алқабилердің қатысуымен өтетін сот құзыреті мен өкілдігі қаншалықты нақтыланған? Осы жайында не айтасыз?
–«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында алқабилердің қатысуымен өтетін қылмыстық істер аясын кеңейту және заң негізінде алқабилердің міндетті түрде қатысуын талап ететін істер тобын айқындау жайы қарастырылған. Осыған орай, 2014 жылдың 4 шілдесінде қабылданған ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 52-бабында алқабилер қатысатын істер қатары біршама кеңейтілген. Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотта бір судья мен 10 алқаби қатыстырылатын сот мәжілістерінде өлім жазасына және өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілетін аса ауыр қылмыстармен бірге, адам ұрлау, адамды еркінен айырып саудаға салу, кәмелетке толмағандарды қылмысқа тарту және жасөспірімдерді саудаға салу сияқты аса ауыр қылмыстарды қарау құзыреті заңдастырылған. Осы арада мына жайға назар аудара кеткім келеді: жоғарыда аталған дәрежедегі істерге алқабилерді қатыстыру мәселесі тараптардың талаптары бойынша ғана жүзеге асады. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 634-бабының 3 тармағына сай, айыпкердің барлық материалдарды қарау, алдын ала тыңдау, яғни, басты сот талқылауына дейінгі кезеңдерге алқабилердің қатысуын талап етуге құқысы бар.
–Алқабилерге үміткерлер қалай іріктеліп, таңдалады және кімдер алқаби бола алады?
–2006 жылдың 16 қаңтарында қабылданған Қазақстан Республикасының «Алқабилер туралы» заңының 4-бабына сай, алқабилерге үміткерлерді жергілікті атқарушы орган сол жылдың 1 желтоқсанынан келесі жылдың сәйкес кезеңіне дейін тізім бойынша іріктеу жолымен дайындайтыны нақтыланған. Аталмыш заңның 10-бабына сәйкес, алқабилерге үміткер болуға мынадай адамдардың құқы жоқ: тізім жасалған уақытта жиырма бес жасқа толмағандар, жойылмаған соттылығы барлар, сот шешімімен ақыл-есі дұрыс емес немесе іс-әрекет жасауға қабілетсіз адамдар, сондай-ақ, прокуратура, адвокатурада істейтіндер, тергеушілер, мемлекеттік қызметте, әскери қызметте істейтіндер және наркодиспансерде есепке алынған құқық қорғау органында қызмет ететіндер.
Бұдан басқа жағдайларда әлеуметтік жағдайына, нәсіліне, дініне, ұлтына, жынысына, тұрғылықты орнына қарап үміткерлер тізіміне алуға шектеуге жол берілмейді. Тізімге енгендер күнтізбелік бір жылдың ішінде қаралатын қылмыстық істерге алқаби ретінде қатысуға шақырылады. Алқабилерге сол істі қарайтын судьяның жалақысының жартысы мөлшерінде және өзінің негізгі жұмыс орнындағы орташа жалақысынан кем емес деңгейде сыйақы төленеді. Сонымен бірге, қолданыстағы заң шеңберінде мемлекеттік бюджет есебінен іссапарлық шығындары өтеледі. Алқаби құрамында болған кезең жұмыс өтіліне енеді. Сот мәжілісінде болған кезеңде басшылықтың бастамасымен азаматты қызметінен төмендету немесе басқа жұмысқа ауыстыруға жол берілмейді. Сот алқасы жүріп жатқан уақытта алқабилер заңда қарастырылған негізде судьяның тәуелсіздігі кепілділігіне ие.
–Алқабилердің қатысуымен болған істерде кездесетін қиындықтар бола ма?
–Бұндай жайлар өкінішке орай кейде кездесіп жатады. Мәселен, алқабилер тізіміне енгізілген азаматтың көрсетілген мекен-жайда тұрмайтындығы оқта-текте кездесіп қалады. Бұның өзі алқабилер құрамын құруда біршама қиындықтар туғызады. Осындай кездейсоқтықтардан сақ болу үшін алқабилер құрамын іріктегенде мөлшердегіден көп үміткерлер шақырылады. Солардың арасынан 12 алқаби іріктеліп алынады.
–Алқабилер құрамы қалай жасақталады?
–Қолданыстағы заң талаптарына сай, алқабилер алқасы мемлекеттік айыптаушы, жәбір көруші мен айыпкер жақтың адвокаты қатыстырылған сот мәжілісінде құралады. Қылмыстық істі қарайтын судья белгілі болғаннан кейін негізгі және қосалқы тізім бойынша алқабилер құрамы кездейсоқ таңдау арқылы іріктеліп, алынады. Алқабилер құрамы іріктелер алдында судья үміткерлерге істің мән-жайын түсіндіреді. Сот мәжілісінің төрағасы өз қалауынша алқабилерді іріктеуге қатысты прокуратура өкілі мен айыпкерге, оның адвокатына және алқабилер тізіміне енген үміткерге сұрақтар қоюға құқылы. Ол қандай сұрақ болса да үміткер оған жауап беруге міндетті. Сонымен бірге, тараптар өз кандидатурасын қалауынша алып тастауға құқылы. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 644-бабына сай, 10 негізгі және 2 қосалқы алқабилер құрамы жеребе тарту арқылы іріктелетіні нақтыланған. 12 алқабидің алғашқы 10-ы негізгі алқаби ретінде сот мәжілісіне қатысады. Қалған екеуі қосалқы құрамда түрлі себептермен қатыспаған үміткердің орнын басады.
–Алқабилер сот шешіміне қаншалықты ықпал ете алады?
–Қолданыстағы заң бойынша алқабилер кеңесуші бөлмеде негізгі үш сауалға жауап береді: қылмыстық істің болғаны расталды ма? Бұл қылмысты айыпкердің істегені расталды ма? Осы қылмысты жасауға айыпкер кінәлі ме? Сонымен бірге, алқаби мүшесі жаза мерзіміне қатысты және басқа да сауалдарға жауап береді. Айыптау шешімі негізгі үш сауалға алқабилердің басым көпшілігі қолдау танытқанда шығарылады.
Сұхбатты жазып алған
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар