Бертіс әулетінің баяны

Біржан сал Қожағұлұлының Қожамқұлдан тараған аталас ұрпағы ретінде, бабамыздың шыққан тегі Бертіс әулетінің қысқаша тарихын баяндап берсем деймін. Біз бала күнімізден әжемізбен тоқсан үй Бертіс, Бес ауыл Бертіс дейтін атауларды құлағымызға құйып, естіп өстік. Әжеміз Біржан салдың кіші ұлы Қалкеннің жұбайы болған. Ол кісі жастай қайтыс болған соң біздің атамыз Қожамқұлдан тарайтын Салық Жахинмен тұрмыс құрған. Әжеміз Рахия Уаисқызы. Бертіс бабамыздың бес ұлымен Қызылжар өңірінен Көкшетау округіне, оның ішінде Есенбақты Керей уезінде, қазіргі Еңбекшілдер ауданының жеріне көшіп келгенін растайтын ресми құжаттар баршылық.

Қызылжар өңірінен көшу себебі, Маралишан Құрманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске байланысты болса керек. Патша үкіметінің жүргізген 1897 және 1907 жылдардағы халық санағы материалдарына сәйкес Көкшетау дуанының Қотыркөл болысындағы №3 әкімшілік ауылға Бертістің бес ауылы кірген. Бертіс бабамыздың Қожағұл, Қожамқұл, Ақшуақ, Байшуақ, Жаншуақ атты бес ұлы болғаны белгілі. Осы бес ұлдың ішінде Жаншуақ ерте қайтыс болған, ал, Бертістің қалған төрт ұлы бес ауыл болып осы өңірге орналасқан. Біржан сал бабамыздың туып-өскен Қожағұл ауылы Бұзаутөбеде, бүгінгі күні осы әулеттің ұрпақтары, бабамыздың немересі Мұханбетқали Теміртасұлы ағамыздың төрт ұлы Бурабай және Зеренді аудандарында тұрады. Олар Серік, Шәріп, Орал, Марал Теміртасовтар.
Қожамқұл атамызда он бір ұл болған екен, екі ауыл болып қоныстанған, Қарақыстауда Жүсіп Исаұлының ауылы, бүгінгі күні Сәуле ауылында тұратын Әйткеш атамыздың ұрпақтары және Казгородоктағы Мақаштың Ақанының немерелері Нұғыман, Мейрам, Нұрлан, Сайран, жиендері ағайынды Мұрат, Айтмұхан, Қасен, Сайлау, Қанаш, Қойшыбай Жәпекеновтер, Қазақстанның халық әртісі Роза Әшербекова осы әулеттің ұрпақтары. Қожамқұлдың екінші ауылы Шапанкүйгендегі Сүлеймен Айсаұлының ауылы, бұл әулеттің ұрпақтары Бекен Нұғымановтың ұлдары Ермек, Бауыржан, Айыптың Қайырбегінің ұлдары Нұрлан, Риза Аюповтар және осы өңірде ел басқарған, Ұлы Отан соғысының ардагері Жақия қажының ұлы Салық ағамыздың қызы Шолпан тәтеміз бен ұлдары Жанат, Дулат Жампейісовтар. Сондай-ақ, Ораз Қожамқұлұлынан тараған Степняктағы Ысқақовтар мен Құсайыновтар әулеттері.
Төртінші ауыл Қызылжырақтағы Байшуақ ауылы, бүгінгі күнгі ұрпақтары Степняк қаласында тұратын Бота Мұқышев ағамыз, сондай-ақ, Мешелевтер әулеті. Кешегі отызыншы жылдары Біржан бабамыздың жерленген жерін анықтап, басын көтеруге ат салысқан Қисықтың Сарысы осы әулеттен.
Бесінші ауыл Бекшебайдағы Ақшуақ бабамыздың ауылы, бұл әулеттің ұрпақтары Қазақстанның энциклопедиясына кірген, кешегі 1937 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған, Қазақстандағы алғашқы профессорлардың бірі, филолог, ғалым Шәрәпи Әлжанов, Сәуле ауылында көп жыл ел басқарған Шабдан Темірғалиев, осы ауылда тұратын Әлжановтар әулеті. Кешегі кеңес заманында қажылардың тұқымы, байдың балалары деп қуғын-сүргінге ұшырап, тарыдай шашылған Бертіс әулетінің қысқаша тарихы осындай. Аллаға шүкір, ата жолын жалғастыратын ұрпақтары бар. Еңбекшілдер ауданының құрылғанына сексен жыл толуына орай өткізілген тойда Бертіс әулеті жеке үй тігіп, Бертістің үлкендері Қожағұлдан Мұхаметқали Теміртасұлын, Қожамқұлдан Әйткеш атаны, Бекен Нұғыманұлын, Байшуақтан Бота ағамызды, Айшуақтан Шабдан Темірғалиев ағамызды алдырып, бастарын қосқан еді.
Сөз соңында айтарым, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттері қайтадан жазылып жатқанда тарихшы, жазушы бауырларымыз еліміздің мәдениеті мен өркениетін қалыптастыруға зор үлес қосқан тарихи тұлғалар туралы қалам тербегенде деректерге жауапкершілікпен қараса екен деген тілек айтар едік.
Ауданға Біржан сал Қожағұлұлының есімі берілуі бар қазақтың көкірегін қуанышқа бөлейтін айтулы оқиға болды. Ұлттық өнеріміздің ұлы тұлғаларын осылайша ұлықтау елдігіміздің белгісі.
Ермек НҰҒЫМАНОВ,
Ерейментау ауданының әкімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар