Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
БІРЖАН САЛ - АРҚА АЖАРЫ

БІРЖАН САЛ

Ұлт әдебиеті мен мәдениеті тарихында ақын-композитор, импровизатор, әнші Біржан сал Қожағұлұлы өнернамасы айрықша құрметке ие. Руханият әлемінде сал-серілер поэзиясының қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлес қосқан ерен тұлға. Сахарада өз алдына ақындық мектеп құрған, ұлттық музыка тарихында жарқын із қалдырған, ақындық өнердегі өнер жұлдызы Сарамен сөз сайысына түсіп, меруерттей мөлтілдеген жауһар мұра қалдырған дархан дарын. М.О.Әуезовше айтқанда, «Сахараның бір ғажайып алыбы». Академик А.Қ.Жұбановтың пікіріне жүгінсек, «Біржан – қазақтың халықтық музыка мәдениетінің алыбы», «Қазақтың халықтық музыка мәдениеті тарихында Біржан аты алтын әріппен жазылған» Біржан салдың әндерін біздің дәуірімізге Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Естай Беркімбаев, Манарбек Ержанов, Қуан Лекеров, Қосымжан Бабақов, Игібай Әлібаев, Молдахмет Тырбиев, Рамазан Елебаев секілді әншілер мен композиторлар жеткізді. Сондай-ақ, Мұқан Төлебаев пен Қажым Жұмалиев «Біржан-Сара» операсын жазды.
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бірінші жартысында тарих сахнасында көшпелі өмір, тарихи-әлеуметтік жағдаяттар синкретті өнердің өкілдері – сал-серілерді тудырды. Оның бастауында – Біржан сал тұрды. Оның ақындық, композиторлық, әншілік мектебінен Жаяу Мұса, Құлтума, Қанапия, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Шашубай, Доскей, Естай, Әздембай сал, Ғазиз, Тайжан, Балуан Шолақ, Иман Жүсіп, Ағашаяқ тәрізді өнерпаздар тағылым-тәрбие алып, сал-серілік дәстүрді шеберлікпен дамытты. Поэзия, музыка, гармония – бұлардың шығармаларының негізін құрады.
Бұл салдың өзі өлеңші аты Біржан,
Сандалтып Орта жүзді әнмен қырған.
Аққудай аспандағы жүз құбылтып,
Сал Біржан ән салуға мүдірмейді.

Созады Біржан даусын қоңыр қаздай.
Мен Біржан болғалы биыл емес,
Өлең, шіркін, біздерге қиын емес.
Алты қырдың астынан ән шырқасам,
Дауысым отарбадан кейін емес.
Бұл орайда өлеңнің өрен жүйрігі Сәкен Сейфуллиннің асқақ әнші туралы ой-толғаныстары оның ұлы бейнесін елестетеді.
Өлеңмен ән шырқаса, дерсің бұлбұл,
Жандыға шалдырмаған бейне дүлдүл,
Жарысқа ұлы дүбір мүдірмеген,
Құлашын үдей сілтеп жайнап гүл-гүл.

Ән салса арыстандай ақыратын,
Әуені қалтыратып жапыратын.
Саңқылдап даусы кетіп алты қырға.
Көркем ән маңдағы шақыратын.
Жаратылыс Біржан салға жоғары дәрежелі рухани қабілет, парасат-білік, суреткерлік қасиет, ұшқыр қиял, телегей шабыт сыйлаған. Тектілігі тағы бар. Ол орыс, қырғыз, башқұрт, ноғай, шүршіт тілдерінде шырқата ән айтқан. Егер де бір апта бойы жыр толғап, ән шырқаса бірде-бір қайталау болмайды екен.
Тайбурылдың шабысындай дауылша үдей кетеді екен. Тұран баласы Ысмайыл
қария: «Біржанның дауысы он-он бес шақырым отырған ауылға жетіп, даланы жаңғырықтырып жіберуші еді» – деп еске түсіреді, (Біржан сал Қожағұлұлы. Өлеңдер. Алматы, «Жазушы», 1967ж., 175-бет).
«Дауысының күштілігі сонша, терезе әйнегі зіркілдеп, ілулі тұрған поднос, отбасындағы құман-легендер бірге күңіреніп тұрушы еді» дегенді айтушылар: «Біржанның шырқаған даусы естілгенде, мал сауып отырғандар дереу сауынын қоя қойып, сазды сарынға, күйге елтіп, сөйтіп сауын малдарын исіндіріп алушы еді» дейді. Әсіресе, керемет әншінің «Ләйлім шырақ», «Көлбай-Жанбай», «Айтпай», «Адасқақ», «Жонып алды», «Көкек», «Алқара көк», «Жамбас сипар», «Он саусақ», «Он екі взвод», «Телқоңыр», «Жалғыз арша», «Бурылтай» секілді әндері замандастарының аузында аңыздай айтылатын-ды.
Біржан салдың «Шорманның Мұсасына» деген өлеңінде:
Мұсеке, біздің әнге кенелерсің,
Даусымды есіткенде бұлбұл дерсің.
Ән салсам дауысымды көкке шырқап,
Бұл үйдің сындырамын терезесін –
дейді.
Біржан салдың өнерпаздық ортасына, ақындық-әншілік мектебіне, шығармашылық өмірбаянына зейін аударар болсақ, атасы Қожағұл білікті би, ділмар-шешен, түйе палуан болған. Хан тұқымдарымен тонның ішкі бауындай жақын болған. Қытайға екі рет елші болып барған. Әлкей Марғұланның көрсетуінше, Шоқан Уәлиханов Петербордағы өнер көрмесіне Қожағұл елшінің алтын ер-тоқымын, алтынмен безендірілген қанжарын тапсырған. Алтынның ну ортасында бұлаңдап өскен ерке Біржан да небір зергерлерге нешеме алуан бұйымдарды (алтын жүген, алтын ер, алтын шідер, алтын балдақ) істеткені мәлім.
Біржан сал Шал, Шөже, Арыстан, Орынбай, Толыбай сал, Тоғжан, Шәрке сал, Нұркей сынды дарабоз дарындардан үлгі-өнеге алған. Замандас би-шешендер де оның өнерін өрге өрлеткен, ойын да, бойын да өсірген. Мысалы, Зілғара, Шағырай, Бабаназар, Тоқсанбай сияқты елдің сөзін сөйлеген естілер. Біржан салдың мектебінен шыққан, оның салдық-серілік өнерін жалғастырушылар Жаяу Мұса, Құлтума, Қанапия, Доскей, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Ағашаяқ, Балуан Шолақ, Шашубай, Әздембай сал, Ғазиз, Иман Жүсіп, Кемпірбай, Сабырбай тәрізді өнерлілер.
Кең сабаның қорындай, Бертағының баласы Орынбай, екі аяқты адамның ділмары, улы тілді соқыр Шөже, Тойлыбай бидің ұлы Арыстан, үні зарлы Атығай, соқыр Тоқжан, терең ойлы Атығай шал, аспанға өрлеп ән шырқайтын Біржан сал, өмірі ертегідей әдемі Ақан сері осылардың бәрі сол күңіренген Көкшенің маңайында туып-өскен ақындар» (Мағжан Жұмабаев. Шығармалары. Алматы, «Жазушы», 1989ж., 318-бет).
«Қырманын дөңге салған, пейілін кеңге салған» ұлы әнші-композитордың «Біржан алтын тудай айқындалған» деген лебізінде терең сыр, зор мағына барын байқауға болады. Кереметтердің ішінен өзгеше биікте шырқау, өз қауымының, ұрпақтарының көңілін, ой-санасын билеп тербеу, «үш жүздің алға ұстаған тұйғынына» айналу, үздік шығу – Біржан сол дарынын айқындайды. «Ақ көңілмен істелген іс аспаннан да кең» деген сөз шалқар шабыттан, дария көңілден, терең сезімнен, бекзат болмыстан туған Біржан салдың әдеби шығармашылық мұрасына лайық.
Біржан сал поэзиясының көркемдік-эстетикалық жүйесі, музыкалық бітімі тастүйін. Ақындық ой-сезім де мөп-мөлдір, тап-таза, сыңғырлап құйылған мәтін де мінсіз, сәулетті де сәулелі сөз-образдар мен сөз-символдарға тұнып тұр. (Мысалы, «аппақ шапақ», «бір тал үкі», «алма мойын, ақ сұңқар», «сәулетайым», «көк қауырсын балапан», «шамшырақ», «перизат», «айыр көмей»).
Метафоралық сипаты бөлекше айшықты сөйлемдер нөпірлеп төгіледі, кестедей түрленеді. Мәселен, «Жігіттік бойға таққан бір гауһар тас», «Сөзің – бал, тісің меруерт, беу қарағым», «жапырақ жарған ағаштай, жан сәулешім», «Қарағым, қарақаттай» – көз жанарың», «Жігітке ақыл – пана, уайым – қорған», «Таудан аққан құм қайрақ сен бір бұлақ».
Келгенде сөз жүйесі іркілмеймін,
Жорғадай жолға түскен бүлкілдеймін.
Немесе:
Сұрасаң төрт момынның жүйрігімін,
Үш жүздің алға ұстаған тұйғынымын.
Баста емес, аяқта емес осы күні,
Ноқтаның жуан сағақ тұғырымын.
(«Он саусақ»)

Айбозым, айхай бозым, даңғыл бозым,
Ел шалғай, жүре алмадым, жалғыз өзім.
Сүйікті сүйгенімді сағынғаннан,
Талады қарай-қарай екі көзім.

Өзіңнің теңдес құрбым болмаған соң,
Өтеді енді кімге айтқан сөзім.
(«Айбозым»)

Жанып тұрған жас өмір, ал қызыл гүл
Сипаттауға қызығын жетпейді тіл.
Жауқазын – желбіреген жастық шағым,
Өмірдің мағынасын түсіне біл!
(«Сырғақты»)

Біржан сал алты алаштың арысы
Сегіз Серіні ардақтайды.
Мысалы:
Сегіздей асыл адам жаралмайды,
Халқына болып өткен тым жағдайлы.
Керейден жүз мың әйел туса да,
Ешбірі Сегіз сері бола алмайды.
«Біржанды, Ақан серіні көргендер олардың жүріс-тұрысында ерекше көз тартарлық сәнділік, сыпайылық, өнерпаздық салттармен қатар, салдардың кейбірінде болатын оғаш, күлкілі киімдерді қасақана киіну, қасақана салдың ерсі мінездерін көрсету жоқтығын айтады». (Е.Ысмайылов. Ақындар. Алматы, 1956ж., 52-бет).
Үкілі Ыбырай Біржан салдың Омбыда «Шалқыма» әнін қалайша шалқыта шырқағанын былайша мөлдірете баяндайды: «Патшаның баласы келеді, соған ақындар да жиналады деген лақап тарайды. Қалың жиын ортасына кеп, әндерін тыңдадым. Астына ақ боз ат мінген, басында үкілі бөрік, қолында үкілі домбыра, үстінде қаптал шапан, мойнында ақ торғын орамал, сұңғақ, келбетті, қыр мұрынды, ақсұр адам, егде тартып қалыпты. Сұлу даусына ұйығаным сондай, бір орында тұра алмадым, айналып теңселе берсем керек».
Біржан сал Үкілі Ыбырайды өзі теңдес тегеуірінді талантқа есептеген. Үкілі Ыбырай Құран мақамдарын шеберлікпен пайдаланған. Сөйтіп, тыңдаушыларын желідегі байлаулы құлындай ұстаған. Үкілінің дауыс екпіні айдаһардың лебіндей, жын буған бақсыдай, перідей, ой-пікірге мейлінше тапқыр, сөзі семсердей өткір болған.
Әр шығарманың өмірбаяны болатыны белгілі. Белгілі бір себептерге байланысты туындайтыны хақ. «Ләйлім шырақ» әнінің тууы жайлы түркі руханияты мен халық ауыз әдебиетінің білгірі, Смағұл Сәдуақасұлы мен профессор Шәрәпи Әлжановтың шәкірті, көрнекті тілші-ғалым Ғайнетдин Мұсабаев былайша әңгімелеген-ді: «1946 жылы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданындағы алтын кені Степняк тұрғыны қарт Мұқаннан естідім.
– Балам, жасым 87-де, марқұм Біржанның қырық шақты әнін де білем, бірақ, бәрінен маған қымбаты да, қасиеттісі де «Ләйлім шырақ» әні, бұл әнді Біржан бозбала күнінде Жолдыөзек бойындағы Қарауыл елінде салдық құрып жүрген жас шағында бір қызға ғашық болып шығарған екен. Сол қызбен көңіл қосқан Біржан қолға түсіп, аяқ-қолы байлаулы байдың ас-суы тұратын қараша үйіне қамалады. Кеше ғана оның айналасын қоршаған жігіт-желең, қыз-келіншектерден қадірменді құрбысына жан тартқан біреулері қолын шешіп, босатып жібергенде атына барса, бұрынғы шідері жоқ, атының аяғы тұсаулы екен. Қара түнде ауылдың сыртында атын ерттеп, шылбырынан ұстап отырып, осы әнге басқан екен.
Ән шыққан жаққа жүгірген жастар Біржанды көріп, ауылға шақырады. Ол сол ауылдағы қадірлі бір адамдарына, қыздың жақын ағалары Көлбай мен Жанбайға апаруын өтінеді. Есіктен кіргенде «дәт» дейді.
– Айт, не дәтің бар? – дейді Көлбай.
Сонда Біржан: атымның аяғынан алтын шідерім ұрланды, оны сенің қарындасың Ләйлі алды. Шідерім қымбат еді, ең кем қойғанда қырық қысырақ еді – деп тұспалдайды.
Біржан салдың ақындық жүрегінен төгілген «алтын мен күмістің нақысындай» толқынды жырлары мен сырлары ұлттық игілігіміз ретінде ғасырлар керуенімен аршынды қадаммен ілгері баса бермек.

Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар