Мен Біржан сал бабамыздың баласы Теміртастан туған Мұханбетқалидың ұлымын, Біржан салдың шөбересімін!
Жаңа өнер дамыған сайын Біржан сияқты ардагер ақын өнерпаздың шығармалары, ұмтылмас абзал бейнесі бізден алыстамайды, әрқашан қасымызда күмбірлеп күй тартып, шырқап ән салып, сырласып, мұңдасып, әзілдесіп күліп-ойнап, мәңгі бірге жасамақ.
Бүгін осы бір ауыз сөзді аса бір жан-толғанысыммен, жүректегі шынайы қуанышыммен айтқым келеді. Өйткені, Елбасының Жарлығымен Еңбекшілдір ауданы менің бабамның есемімен аталып отыр. Бұл ел тәуелсіздігінің және сол тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халқымыздың өткені мен бүгінін түгендеу жолындағы жасап келе жатқан зор еңбегінің бір көрінісі деп бағалаймын. Осы бір тарихи шешімі үшін Елбасыға Біржан сал бабамыздың барлық ұрпақтары атынан «Рахмет, Елбасы!» деп шынайы алғысымызды білдіреміз.
Үстіміздегі жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жоғалғанымыздың табылуына, өшкеніміздің жануына айрықша зор әсер еткен, дер кезінде көтерілген мәселе болды. Соның бір айғағындай әлденеше жылдан бері айтылып келе жатқанымен, күні кеше ғана орын алған зор қуаныш – ата жұрты Еңбекшілдер ауданына Біржан сал атамыздың есімінің берілуін жан дүниеміз толқып, ерекше әсерде қабылдадық. Енді бір сәт осы қуаныш үстінде ұрпақтарының атынан алғыс айту өзімнің азаматтық борышым деп білемін.
Әкем Мұханбетқалидың аузынан ұрпақ тағдыры туралы талай-талай соқталы дүниелерді естіп өстік. Жарықтық атасын еске алғанда жанарының алдына мұң тұнып, мазасыз күй кешетін. Қоңыр домбырасын шертіп отырып Біржан атамыздың әнін салатын. Иә, Алаш даласын әсем әнімен әлдилеген замана бұлбұлының кейінгі ұрпағының соқтықпалы-соқпақты жолы оңай болмапты. Әріден таратып айтқанда, Біржан салдың ұлы Теміртас пен Гүлжәмила әжемізден Шәймерден, Шәріп, Мұхамеджан, біздің әкеміз Мұханбетқали мен Жамал есімді қыз дүниеге келген. Ұлдарының үлкендері Шәймерден мен Шәріп Ұлы Отан соғысында опат болыпты. Тірі қалғандарының да тірліктегі сыбағасы тым ащы.
– Он төрт жасымнан бастап тракторға отырдым,–дейтін әкеміз Мұханбетқали,–біз көрмеген бейнет жоқ. Әйтеуір, техниканың тілін білгендігімнің арқасында тірі қалдым. Кейін автокөлікті де меңгердім. Сөйтіп, 1955 жылы Түменнен туған елдің топырағына оралдым.
Осы арада оқырманға түсінікті болуы үшін Түмен тарапындағы тақырыпты сәл аша кеткен дұрыс шығар. Ақ қашып, қызыл қуған аласапыран заманнан кейін ел ішін аштық жайлаған тұста Теміртас атамыз отбасын алып Сібірге үдере көшкен. Біздің жақтағы жергілікті жұрт ол жақты «іш» деп атайды. Сөйтіп, ішке көшкен қазақтармен бірге «Бірлік» деп аталатын колхозда тұрса керек. Екі ұлы соғыста қаза тапқан соң Гүлжәмила әжеміз де көп ұзамай қайтпас сапарға аттаныпты. Теміртас атамызға да ажал құрығы түскен.
Әкеміз Мұханбетқали 1957 жылдан бері Бурабай баурайында тұрды. Ғылыми-зерттеу институтында автокөлік жүргізушісі болды. Тіршіліктің тауқыметі аса көп мойын бұрғызбаса да, бұрынғының есті естелік әңгімесін жақсы білетін. Әндерін де айтып отырушы еді.
Ертеректе Біржан сал атамыздың басында шикі кірпіштен қаланған қоршау болыпты. Ал, құлпытасы жауынның суынан, даланың желінен тозып әбден мүжілген. 1964 жылы туғанына 130 жыл толуына орай зиратқа қызыл кірпіштен төрт құлақты қабырға қоршау тұрғызылған. 1974 жылы бюст қойылды. 150 жылдық мерейтойына орай тамаша ескерткіш орнатылды. Енді міне, ата жұртқа атамыздың аты беріліп отыр. Бұдан артық қандай қуаныш болмақ. Бұл жалғыз біздің ғана қуанышымыз емес, ұлт өнерін ардақтайтын барша жұрттың қуанышы.
Өзім Зеренді ауданындағы Қазақстан ауылындағы мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімімін. Жаңалықты естіген әріптестерім де, ауылдастарым да құтты болсын айтып жатыр. Өйткені, бұл қуаныш жалғыз Біржан сал әулетінің ғана емес, бар қазақтың шаттығы емес пе?!
Марал ТЕМІРТАСОВ,
Қазақстан ауылдық
мектебінің мұғалімі.
Зеренді ауданы.