Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қолаң шашы арудың сәні емес пе еді?!. - АРҚА АЖАРЫ

Қолаң шашы арудың сәні емес пе еді?!.

Өзім сұлулық салондарына көп барғыштайтын адамдардың қатарынан емес едім. Көрген жандар «Ойбай, жасыңа жетпей жатып, шашыңа ақ түсіпті ғой» дегесін, шашымды өзімнің табиғи түсім секілді қаралау түске боятайын деп бардым. Кезек көп болғасын біраз күтуіме тура келді. Сыланған қыз-келіншектер бір кіріп, бір шығып жатты.

Сол кезде мен отырған диванға екі бойжеткен келіп жайғасты. Екеуінің де иықтарынан төгілген қос бұрымы өздеріне сондай жарасымды еді. Нағыз қазақ қыздары осылардай-ақ болсын деп сол арада көңілім өсіп қалғаны рас. Алайда, кезек күтіп отырғанымда маған еріксіз естілген екеуінің əңгімелері оларға деген бұл жақсы пікіріме лезде су сепкендей болды.
Гүлнұр мен Айым есімді әлгі студент қыздардың салонға келгендегі себебі, имидждерін бастан-аяқ өзгерткілері келеді екен. Белдеріне дейін төгілген бұрымдарын шонтитып қиғызып, қастарына татуаж жасамақшы. «Осы жерден бізді ешкім қаланың адамынан ажырата алмайтындай болып шығайықшы» деп, қыздар салонға келгендеріне риза болып, қуаныштары қойындарына сыймай бір-бірінің қолдарын қатты-қатты қысып қояды.
– Саған бір нәрсе айтайын, Гүлнұр. Әпкем екінші курсты бітіріп, жазғы демалыста ауылға келді. Сонда әкем оның бет-жүзін көріп қатты ашуланған еді. Неге дейсің бе, өйткені, әпкем қасына татуаж жасатыпты. «Өз келбетің қалпына келмейінше, бұл үйге аяғыңды аттап баспа!» деп, әкем сол кезде қыза сөйлеп, ашуға булыққан болатын. Кейін анам оған басу айтып, бәрі ұмытылып кетті. Мен де имиджімді өзгертсем, әкем алғашында ренжір, одан соң қояды ғой. Қашанғы осылай ауылдың қызы секілді жүре берем? Қанша дегенмен, баяғыдай ауылда тұрмаймын, студентпін, – деп Айым құрбысына сырын ақтарды.
–Тек, әпкем татуаж жасағанда біраз қиналды. Қасына тоқпен сурет салып жатқанда қан тоқтамапты. Бізде ондай жағдай болмайтын шығар, иә?, – деді Айым, бір жағынан осында келгеніне қуанып, екінші жағынан әпкесімен болған жағдай есіне түскендіктен бойын үрей билеп.
Өзінің де ауыл қызының имиджінен құтылып, түбегейлі өзгергісі келіп отырған Гүлнұр құрбысының жан дүниесін түсінетіндей кейіп танытып, «Иә, дұрыс айтасың, мен қашанда сені қолдаймын. Бәрі жақсы болады, уайымдама», – деп қояды, әңгімесін одан әрі былайша жалғап әкетіп:
– Ой, сенің ата-анаң ғана сондай деп ойлама, менікілер де шашымды қиюға өлсем де рұқсат бермейді. Алайда, оларды тыңдайтын мен жоқ. Жетер, екінші курсқа дейін ұзын шашпен, қалың қаспен жүрдім. Енді өзгеретін кезім келді. Мен де қаланың адамымын, – деді Гүлнұр есімді әлгі қыз.
Әңгімелерін тыңдай отырып, қаракөз сіңлілеріме бұл қылықтары дұрыс емес екенін, не істегілері келсе де, әуелі ата-аналарының рұқсатын алулары қажет екенін айтайын дегенімде, шаштаразға кезегім келіп қалды. Әлгілердің жандарынан кетіп қалсам да, бір-біріне айтқан сөздері санама маза бермей, жанымды жегідей жеді. Қаланың адамы болуы үшін қыздарға міндетті түрде келбеттерін өзгерту керек пе деген сауал төңірегінде біраз ойландым. Шыны керек, тек сол арулар ғана емес, ауылдан қалаға білім қуып келетін көптеген қыздар ақыр соңында сән қуып кететіні рас. Ауылда қалған ата-ананың ақылын аттап, өз дегенімен ғана жүрген сондай жастар ақыр соңында нендей жайттарға тап болатынын қазіргі қоғамнан көріп жүрміз ғой.
Сол күні әлгі бойжеткендер сәнгер мамандардың орындығына барып жайғасып, бет-әлпеттерін түзетуді соларға аманат еткенше жандары тағат таппай, асығып отырды. Мен салоннан шығып бара жатқанымда олардың да кезегі келіп, сыртында «Косметолог», «Шаштараз» деген жазулары бар бір-бір бөлмеге кіріп кетті. Иә, қаланың адамына айналамыз деп, қазақы қалпымыздан айырылып қалмасақ болды.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар