«АЙШАНЫҢ» ЫРЫСЫН АРТТЫРҒАН «ИГІЛІК»

Бүгінгі ауылдардың әлеуеті тұрғын үйлердің бағасымен өлшенетіні бар. Жуырда Ивановкаға барғанымызда таң-тамаша күй кештік. Осыдан оншақты жыл бұрын аты да ұмытыла бастаған елді мекеннің емен-жарқын тіршілігіне ризашылық білдірмеске болмайтын еді. Қабырғасы қаңырап, сонау бір мезеттегі ауыр күндердің салмағын көтере алмай жантайған бірен-сараны болмаса, оқтай түзу көшелерде әуесің келер әдемі үйлер бой түзепті. Тереңдеп үңілсек, тарих көшіндегі қызметін аяқтаған әлгі жатаған қоныстардан жылы лептегі естеліктер есетіндей. Осының өзі ел тәуелсіздігінің танымдық тәберіктерін айшықтайтыны анық.
Зеренді ауданындағы Ақкөл ауылдық округінің әкімі Талғат Мұхамеджанов Ивановкаға мынадай сипаттама береді: «Кешегі дағдарысты жылдарда тұрғындар көшін тоқтатуға мүмкіндік болмады. Тарихи отандарына қоныс аударғандарды былай қойғанда, өзіміздің жерлестеріміз де көрші ауылдарға, Көкшетау мен Астанаға ағылып жатты. Қараусыз үйлерді бұзып-жарып, құрылыс материалы қылғандарын, осында қалған санаулы азаматтар отынға пайдаланғанын жасыра алмаймын. Уақыт өте ес жидық.
Ауылдың еңсесін үкімет көтерді. «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасымен орталықтандырылған су жүйесі тартылды, ауыл ішілік жолдар салынды. Бастауыш мектеп ашылды. Шағын және орта бизнесті өркендетуге өзек тартылып, жұмыс орындары құрылды. Айналасы оншақты жылдың ішінде 71 үйдің оты жағылғаны шындыққа айналды. Мұнда отандық инвестор – «Асна-Көкше» ЖШС үлесі де қомақты».
Талғатқа қосылып тебіреніп біз отырмыз. Жаңағы 71 үйдің «іші жанға, қорасы малға толсын» деген қазақи ұлы тілектің қабыл болғаны қандай жақсы! Тәуелсіздік шарапаты дегеніміз осы. Бір жағынан, осы шарапаттың мәнін ұғынып, алға ұмтылып, іске жаратқан азаматтарға риза боласың. Солардың қатарында Күтербековтердің отбасы да бар.
Бұлар қаладан ауылға көшкендер. Ерлі-зайыпты Болат пен Жаңылдың екеуі де кооперативтік техникумды бітіріп, қоғамдық тамақтандыру және сауда саласында қызмет еткен. Дағдарыс дауылы келе-келе өз өктемдігін жасады. Жұмыссыздық. Жас мамандардың жанына осы батқан. Бұлар еңбексіз отыра алмайтындардан еді. Болат Күтербеков жеті баланың кенжесі, әкесі қайтыс болғанда құрсақта қалған. Ал, Жаңыл Елубайқызы апалы-сіңлілі тоғыз қыздың төртіншісі. Қайнаған қазақ ауылының түлектері…
Табиғатынан тұйықтау Болаттың үнсіз ойлануы көбейіп кеткен күндер еді. Ақырында ағайындарымен ақылдасқан жоспары жүзеге асқан ол екі баламен үйде отырған Жаңылға «ал, көштік Ивановкаға» дейді. Жаңадан жеке кәсіпшілік ашып, оған қыздары Айшаның есімін беріпті. Ең бастысы – ЖК-ні Жаңылдың атына рәсімдеген. Мұны жанұялық саясаттың ұтымды түрі дей аламыз. Жаңыл «жанып» кетті. Қалтаға келерлік үйдің 40 сотық жері бар екен. Картоп екті, қызанақ, қияр өсірді. Екі сиыр сатып алып, қорада қаз-үйректер қаңқылдады. Үйді кеңейтіп, қора-қопсы салды. Бұл – 2004 жыл. 2015 жылы ірі қара 25-ке, қой басы жүзге жетті. Аздап жылқы да бар. Тынымсыз еңбектің жемісі дегеніміз осы.
Жаңылдың жанкештілігін айтсаңызшы. Өз аузынан есіттік, ол таңғы сауынның 150 литр сүтін Көкшетаудың сүт зауыты мен «Есіл-Агро» ЖШС-не
өткізеді екен. Қолмен сауады. Бір жақсысы, әлгі кәсіпорындар машинасын жіберіп, қабылдап алады. Литрі 60 теңгеден. Ал, кешкі сауынның сүтін өткізбейді. Май шайқап, қаймақ былғайды, құрт, ірімшік жасайды. Бұларды жинақтап, Астананың нарығына шығаратын көрінеді. Оның үстіне атшаптырым үйін сыпырып-сиырып, шырайын келтіріп отыр. Бәріне үлгеруге болады екен-ау дейсің таңырқап.
– Әрине, көмекшім бар, – дейді Жаңыл ішкі күмәнімізді сейілтпек кейіппен. – Біз Көкшетауда тұрған кезімізде қаладағы арнайы мектеп-интернаттан Володя Пересунко дейтін жетім баланы тәрбиеге алғанбыз. Өзіміздің Жұмабек, Айшамен ойнап-күліп өсті. Құлағы естімейді демесеңіз, өте адал, елгезек, еңбекқор жан. Кәмелетке толған соң пікірін сұрағанымызда, осында қаламын деді. Бауыр басып қалғанбыз, қатты қуандық. Үйдегі екі тракторда қатар істейді. Алдыңғы жылы көңілі көтеріліп жүрсін деп «Мерседес» жеңіл көлігін алып бердік. Бізді «папа-мама» дейді. Қазір Астанадағы ауыл шаруашылығы университетінің соңғы курсында оқитын Жұмабекпен, колледжге былтыр түскен Айшамен компьютер арқылы хабарласып тұрады.
Көрші үйге де кіріп шықтық. Тағдыр тауқыметін көрген жандардың жеті баласы бар екен. Болат оларға үй беріп, көшіріп алған. Алдына мал салып, ішер-жемін қамтамасыз етіп отыр. Еңбекақы төлейді. Жаңа таныстарымыз атын атамауды өтінген.
Міне, мұндай жандардың өсіп-өркендемеуі мүмкін емес. Былтырғы қазан айында Жаңыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақмола облыстық филиалына өтініш берген. Бизнес-жоспары мақұлданып, 21 қарашада «Игілік» бағдарламасымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» қаржысынан 3 миллион теңге несие алды. Жылдық үстемесі 6 пайыз ғана. Осының арқасында «Айшаның» табыны 14 бас құнажынмен толықты. Қалған 270 мың теңгеге қосымша мал азығы жеткізілген. Осы сиырлардың алғашқысы бұзаулапты. Жаңыл оның қасында «Томпағым» деп айналып-толғанып жүр.
Қоштасар сәтте әдеттегідей, Күтербековтерден болашақ жоспарлары жайлы сұрағанбыз. Бар мүмкіндікті салып, несиеден мерзімінен бұрын құтылуды ойлайды екен. Ондағысы тағы да банк несиесіне қол жеткізу. Біріншіден, кемінде 500 литрлік сүт сақтайтын жабдық сатып алу керек. Бұл өнімді қайта өңдеуге септігін тигізеді. Одан кейін Омбы және Петропавл айналма жолында жол бойы бизнесін ашу. Бизнес-жоспар дайын. Амандық болса, жаңа дәмхана, техникалық қызмет стансасы, моншаның ашылар сәті алыс емес сияқты.

Бақберген Амалбеков.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар