Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қайда жүрсең де, тұғырың – туған жер! - АРҚА АЖАРЫ

Қайда жүрсең де, тұғырың – туған жер!

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында Ақмола облысынан да сегіз адам жеңімпаз атанған-ды. Солардың арасында Жақсы ауданынан сынға түскен сценарист, продюсер Айдие Айдарбеков те бар болатын. Жерлесіміз қазір Америкада «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Айдие өзінің туған жерге деген сағынышын «Арқа ажары» газеті арқылы жеткізіп отыр.

Туған үйіңнен, туған-туыстарың мен достарыңнан шалғайда, шет елде ұзақ болғанда Отанға деген сүйіспеншілік ұғымын шын мәнісінде терең сезіне бастайсың. Мен бұған дейін шет елде көп болған жоқпын. Сондықтан, азын-аулақ қысқа мерзімді сапарларда мұндай күйге түсе қоймағаным да анық. Ал, қазір бала кезімнен бойымда бар туған елге деген сүйіспеншілік сезімі одан сайын ұлғайып, туған жеріңмен, Отаныңмен тамырыңның да, тағдырыңның да бір екенін сезіну үлкен толғанысқа салады. Туған жер! Сенің кіндік қаның тамған, бала болып, ержеткен, ой-өрісің кеңейген туған далаң. Бір сөзбен айтқанда, мені адам қылып тәрбиелеген жер. Жастайыңнан өзіңнің Отаныңа, оның тарихына деген сүйіспеншілікті бойыңа дарытып, осы жердің бір бөлшегі болу, оған пайдаңды тигізу адам өмірінің бар мән-мағынасы екен. Мен мына жақта, өз елімнен шалғайда жүріп осыны сезіндім, осыны жүрегіме түйдім.
Бізге мұны одан сайын сезіндіріп, мойындатып отырған «Рухани жаңғыру» сияқты бағдарламаның бары қандай жақсы. Қазіргі уақытта осы бағдарламаның аясында елімізде қаншама жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда, бұл тек қана мемлекет атқаратын жұмыс болмауы керек. Осы бағдарламаның іске асырылуына белсене қатысу біздің әрқайсымыздың да азаматтық парызымыз. Тіпті, міндетіміз. Өйткені, бұл елде біз өмір сүреміз, еңбек етеміз, кейін осы жолды дәл біз сияқты балаларымыз бен немерелеріміз де қайталайды.
Сондықтан, туған жерге берерімізді қазірден бастап беруіміз керек. Әрі оны әр адам өзінен бастауы тиіс. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің 2018 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан халқына жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында әлемдегі жағдайдың тез өзгеріп отырғанын дәл сипаттайды. Бұрын ондаған жылдарда жүзеге асырылатын үдерістер қазір бір-екі күнде қолдан келіп жатыр. Бұл әрі жалғыз технология, экономика, білім салаларын ғана емес, біз білетін, күнделікті өмірде жолымыз түйісетін барлық салаларды қамтып отыр. Мен шынымды айтсам, ешқашан Голливудтың өзінде фильм-дер жасауды үйренемін, осыған оқимын деп ойлаған жоқ едім. Қарапайым ауыл баласының, бүкіл балалық шағын жазда қой бағуға көмектесіп, ауылда өткізген жас жігіттің бұл ойына да кіріп шықпаған. Айпадтарды өмірі көрмеген, тек жергілікті кітапханадағы кітаптарды ғана оқыған бала шырқап, Америкадан бір-ақ шықса, бұл ненің құдіреті?! Әрине, жаңағы мен айтқан уақыттың, заманның жылдам, көз ілеспестей шапшаңдықпен өзгеруінің құдіреті.
Өзім қазір үйреніп, құпия сырларына бойлап жатқан киноның өзін кинотеатр-да емес, сол кезде неғұрлым көбірек тарай бастаған кассеталардан көріппін. Ал, бүгін әлемдік киноиндустрияның кәсіпқойларымен бір алаңда жұмыс істеймін. Екінші жағынан бұл мені осылай қалыптастырған, осындай мақсаттарға жетуіме көмектескен Отанымның арқасы! Ашық аспан, самсаған жұлдыздар, оларға қарап шексіз бір армандарға берілесің. Адамдар да қарапайым, ашық-жарқын, кез-келген уақытта саған қол ұшын беруге дайын. Жүрегіңмен, жан-дүниеңмен үндесетін домбыра мен қобыздың сиқырлы сұлу, шерлі сазы, көкжиекте көсіліп жатқан ұшы-қиырсыз кең дала, оның сағынып келгенде армансыз жұтатын таза, іңкәр ауасы. Осының бәрі не? Отаным, туған Қазақстаным! Мен мына жақта жүріп елім туралы осылай ойлаймын, оны осылай аңсаймын. Туған жер деген сол екен деп тебіренемін.
Мында, Америка Құрама Штаттарында, Лос-Анджелесте – жер жүзінің қарама-қарсы бір нүктесінде менің туған жермен тамырым, бүкіл жан-дүнием бірге тұтасып кеткендей. Бұл сондай бір пафоспен, көтеріңкі көңіл-күймен айтылып жатқандай болғанымен, шынында солай. Осының бәрін терең сезіну үшін мен сияқты бұрын тақа елден ұзап көрмеген адамға екі жыл шетте болу керек қой деп ойлаймын. Сонда сен туған жеріңнен артық, туған жеріңнен қымбат ештеңе жоқтығын өзің-ақ көкейіңе түйіп, көңіліңе көгендейсің.
Жуырда мен елге, үйге каникулға бардым. Жоғарыда айтқан екі жылға жуық уақыттан кейін. Туған жерімді керемет сағынып қалыппын. Ұшақтың ішінде өзімнің ана тілімді, қандастарымның бет-жүздерін көргенімде-ақ, жүрегім біртүрлі тулай жөнелді. Бәрін де бір-бір сүйіп алғым келді. Олардың қазақ тілінде сөйлеген бір ауыз сөзіне ынтықтым. Астананың аязына қарамастан, тұла бойым сондай бір жылылыққа толы еді. Мұның бәрі әрине, туған жердің құдіреті. Елге сапарымның барысындағы осы бір ұмытылмас әсер, ыстық сезім Лос-Анджелесте әлі күнге менімен бірге жүр.
Мен оқуымды аяқтаған соң Қазақстанға, туған еліме оралатынымды күні бұрын білемін. Бұл тұрғыда бойымда басқа екі түрлі ой болуы мүмкін емес. Келешекте тәуелсіз елімнің игілігі үшін жұмыс істеймін. Шет елде оқуыма мүмкіндік туғызған «Болашақ» стипендиясы үшін шексіз ризамын. Қай жерде оқымайын, қандай кәсіпті игермейін, мен үшін «Болашақ» стипендиаты деген бір ауыз сөздің өзі үлкен құрмет, жауапкершілікке, жақсы мақсаттарға бастайтын үлкен өмір жолдамасы.
Үйге келгеннен кейін менің кіші Отаным, өзім туып-өскен Жақсыда, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енуіме байланысты менімен және осы тізімге енген бокстан әлем чемпионы Дина Жоламанмен кездесу ұйымдастырылды. Сөз арасында айта кетсем, біз Дина екеуіміз бір мектепте, бір сыныпта оқығанымыз да мен үшін үлкен мақтаныш. Табиғатымнан ұяң, көп ашылып сөйлей қоймайтын жан болғандықтан, осы кездесуде өзімді ыңғайсыздау сезінемін бе деп ойлағанмын. Алайда, өзімнің жерлестерімді, ол аздай, бір топырақта, бір жерде бірге жүрген адамдарды көргенімде, осы қобалжуым түк болмағандай өз-өзінен жоқ болды. Өзімнің үйде екенімді сезіндім. Осы бір сезім менің бойыма шет елде де сенім ұялатып, жаңа мақсаттарға жетелеуде.
Елбасы Жолдауында бір қарағанда қарама-қайшы салалар – агроөнеркәсіптік және ақпараттық-технологиялық салаларға үлкен рөл жүктелгендігі қуантады. Мен Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің түлегімін. Сонда «Есептегіш техника және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша магистратураны бітіргенмін. Сондықтан, жекелей және бірге алғанда да мұның маңызы мен болашағы өте зор екенін білемін. Елбасы серпін беріп отырған бұл екі бағытты, яғни, екі бағдарламаны дұрыс түсінгенде және сапалы іске асырғанда, біздің елімізде ілгері басудың және осы салаларда халықаралық аренада көшбасшы болудың үлкен әлеуеті бар. Қазақстандықтар, соның ішінде жастар мұны жақсы білетіндігіне және уақыт талабымен бірге келе жатқанына қуанасың. Қазақстан мемлекет ретінде қазір нағыз күш-қуаты толысқан шағында, біздің алдымызда ондаған мүмкіндіктер тұр. Оларды мүлт жіберіп алуға болмайды. Еліміздің, халқымыздың тағдыры өз қолымызда. Сондықтан, өмірді жақсы жағына сөзсіз өзгерте аламыз. Алыстағы мен де Елбасының осы саясатын қолдап, жаңа Жолдау табысты жалғасын тапса деймін!
Айдие АЙДАРБЕКОВ,
сценарист, продюсер,
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енуші.

Лос-Анджелес, АҚШ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар