Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әкім назарынан бір де бір сұрақ тыс қалмады - АРҚА АЖАРЫ

Әкім назарынан бір де бір сұрақ тыс қалмады

2017 жылдың 14 желтоқсанында облыс әкімі Мәлік Мырзалин «KO’KS’E» телеарнасында тікелей эфирде жұртшылықтың сұрақтарына жауап берген еді. «Әкім сағатында» қойылған сауалдардың бәріне облыс басшысы жауап беріп үлгере алмағандықтан, әлеуметтік желілер және электронды пошта арқылы түскен сауалдардың жауабын газетімізде жариялап отырмыз.

Альмира Мейрамова:
– Қопа көлінің маңайында демалыс аймағы болады ма?
Жауап: Көкшетаудың Қопа көлімен үйлесімді географиялық орналасуын ескере отырып, қала туризм және таза экологиялық шаһар болуға сұранып тұр. Осыған байланысты көл жағалауын абаттандырудың жобасы жасалып, қазіргі күні бұл нақтылану үстінде.
Жобада жаяу жүргіншілер мен веложолдар, волейбол және футбол спорттық алаңдарын, демалыс және сейіл аумақтарын жабдықтау көзделген. Мұнда орындықтар, жарық қондырғылары, сәулеттік безендірулер мен балалардың ойын алаңдары орналасатын болады.
Жобаның негізгі нұсқасында жағажай құрылысына ерекше көңіл бөлінген. Мұнда душ кабиналары, әртүрлі аттракциондар, суда жүзу, қайық стансасы, катамарандар, скутерлер және т.б. нысандар қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, яхт клубының құрылысы жоспарлануда. Жаңа жағажай ұқыпты ұсталып, таза ұсталатын болады.
Ермек Мейрамқұлов (Центральный мөлтек ауданы, 43):
– Өткен жылы бұрынғы әкімнің тұсында, мен біздің үйде бойлердің жұмыс істемейтіндігі туралы мәселе көтерген едім. «Акмолинская правда» және «Арқа ажары» газеттерінде бұл проблеманы шешу үшін қаржы бөлуге тапсырма берілгендігі туралы жауап жарияланған. Бірақ, осы күнге дейін ештеңе жасалған жоқ.
Жауап: «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 24 бабы 2 бөліміндегі талаптарға сәйкес, Центральный мөлтек ауданындағы №43 көппәтерлі тұрғын үй жалпы пайдаланудағы мүлік саналады. Сондықтан, бұл сұраққа қатысты мәселені тұрғындардың өзі шешуі керек.
Қаламызда тұрғындар өздерінің жалпы жиналыстарында ортақ мәмілеге келіп, жөндеу жұмыстарын жүргізгені туралы көптеген оң мысалдар бар. Мәселен, Бурабай мөлтек ауданындағы 68, Юбилейный мөлтек ауданындағы 41, Әуелбеков көшесіндегі 66 үйдің тұрғындары тұрғын үй шатырын, Жеңіс 33, Железнодорожная 94, Әуезов көшесіндегі 178 үйдің иелері жылу жүйесін жеке қаржыларына жөндеп алды.
Любовь Спиридонова, (Абай көшесі, 149):
– 2012 жылы бізде ауланы абаттандыру жұмыстары басталды, асфальт төселді. Уәде етілген жарықтандыру, кір жаю және балалардың ойын алаңдары әлі күнге жоқ. Бұл жұмыстар қашан аяқталады?
Жауап: Көкшетауда аулаларды абаттандыру бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Мұның барлығы кезең-кезеңмен жүзеге асатынын атап өткім келеді. 2017 жылы қаламыздағы Юбилейный, Васильковка, Центральный мөлтек аудандарында аулаларға күрделі жөндеу жүргізілді. Барлығы 60 аула жөндеумен қамтылды. Осының нәтижесінде 22 ойын, 13 спорттық алаңдар және 4 стрит-воркаут алаңдары орнатылды.
2018 жылы бұл жұмыс жалғасын табатын болады. Абай, Әуезов, Пушкин, Тәшенов көшелерінің аула бөліктерін күрделі жөндеу және Юбилейный мөлтек ауданының аула аумақтарындағы жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Бұған қосымша 24 ойын және спорт алаңдары абаттандырылатын болады, мұның ішінде Сіздің үйдегі ойын алаңы мен көшені жарықтандыру да бар.
Ирина Кривых, Людмила Булах, Петр Кузьменко:
– Біз облыс әкімі Мәлік Мырзалинге №36 автобустың маусым аралықтарында неге жүрмейтіндігі жөнінде өтініш жасаған едік. Бұл сұрақты өзге де мекемелерге жыл сайын қойып келеміз. Зеренді саяжайы аумағында қысқы уақытта 170 адам тұрады, оның 17-сі мектеп оқушысы.
Жауап: Сіздер қойған сұрақтар бойынша мониторинг жүргізілді, мұның қорытындысында аталған бағытта қатынас жүргізу айтарлықтай сұранысқа ие еместігі анықталды және бұл маусымдық маршрут қатарына жатқызылды. Зеренді саяжай аумағынан оқушыларды тасымалдау үшін білім бөлімі 2017 жылдың қарашасынан көлік бөлген.
Бұған қосымша, аталған бағытта күн сайын қалааралық және қала маңындағы қатынас көліктері жүреді. Автобустардың жүру кестесі туралы автопавильондарда ақпараттық табло орнатылған.
Шолпан Мұздыбаева:
– Барлық қалаларда зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүреді. Көкшетауда автобустарда тегін жүру қарастырылған ба?
Жауап: Қалада зейнеткерлер үшін қоғамдық көлікте тегін жүру қарастырылмаған, бірақ, 6 мың теңгелік жеңілдікпен жол жүру билеттері бар. Мұны зейнеткерлер мен оқушылардың сатып алуына болады.
Жолаушыларды тасымалдаушылар тарапынан жеңілдікпен жол жүру азаматтардың 12 категориясын қамтиды:
1. ҰОС қатысушылар мен олардың жесірлері.
2. 16 жасқа дейінгі туғанынан мүгедек балалар.
3. Қаланың Құрметті азаматтары.
4. «Құрметті автокөлікші», «Заслуженный работник автомобильного транспорта» құрмет белгісімен марапатталғандар.
5. Красное ауылының Элита поселкесінде және Застанционный поселкесінде тұратын мектеп оқушылары.
6. Ленинград қамалының қатысушылары.
7. «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған аналар.
8. Интернационалист-мүгедектер.
9. Чернобыль АЭС апатын ауыздықтауға қатысқан мүгедектер.
10. Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен мүгедектер.
11. І топтағы зағип мүгедектер.
12. Фашистік лагерьлерде жапа шеккендер.
Бөрілі Байрақ Абдулла:
– Есіл ауданы Красивое селолық округінің мектебін күрделі жөндеуден өткізуге қомақты қаражаттың бөлінуі құптарлық іс екен.
Жауап: Былтыр облыстың 17 мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. Биылғы жылы да 17 білім шаңырағына күрделі жөндеу жұмысын жүргіземіз. Оның ішіне Красивое селосындағы мектеп кіреді. Бұл жұмысқа облыстық бюджеттен 149,5 миллион теңге қарастырылды.
Қайрат Иманғалиев:
– «Көкшетау-Зеренді» бағытындағы күре жолдың сапасы төмен. Автобус қатынасы да нашарлап кетті.
Жауап: Бұл бағыттағы жол қанағаттанарлық жағдайда. Былтырғы жылы бұл жолдың 38 шақырымына 498 миллион теңгенің жөндеу жұмысы жүргізілді. Зеренді селосына он екітранзиттік бағытпен қызмет көрсетіледі. Мұнда «Мерседес бенс», «Фолксваген крафтер», «Сетра», «Волво» тәрізді шетелдік маркалы автобустар қатынайды. Сондай-ақ, тасымалдаушылар тұрақты автобус бағыттарында жұмыс істейтін жылжымалы құрамды жаңарту жұмысын қолға алды. Тасымалдаушылар өз техника паркін уақытында жаңартқан жағдайда келісім-шарттың мерзімін 10 жылға ұзарту межеленген. Автобустардың қозғалыс кестесімен облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының upt.akmo.gov.kz ресми сайтында танысуға болады.
Қожабай Жүсіп:
– Көкшетау қаласындағы Қосшығұлов көшесіне су құбыры жүйесі қашан салынады?
Жауап: 2018 жылы Қосшығұлов көшесіне су құбыры жүйесінің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалады.
Жасқайрат Мұқанов:
– Мәлік Кеңесбайұлы, Сіз келгелі түйінді мәселелер шешілуде. Алдағы уақытта жол мәселесі шешілсе деген өтінішім бар. Атап айтқанда, Бұланды ауданындағы Никольск ауылына баратын жол көп жылдардан бері жөнделген жоқ. Қыс айларында толғақ қысқан әйелдерді жедел жәрдем автокөлігі аудан орталығына апара алмаған соң пойызбен апаруға мәжбүр болдық. Бұған аудан мен ауыл әкімі назар аудармайды.
Жауап: Алтынды ауылынан Никольск селосына дейінгі жолды қыс айларында күтіп ұстау үшін Никольск селолық округі әкімі мен «Никольск» серіктестігі арасында меморандум жасалды. Бүгінгі таңда жол сайрап жатыр. 2014 жылы бұл жолды жөндеуге аудан тарапынан жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Қаржы бөлінсе, бұл жоба жүзеге асырылады.
аliya24, инстаграмм:
– Мені Қопа көлінің жағасындағы «Жансая» тұрғын үй кешені арқылы өтетін автобус қатынасы толғандырады. Осы жерден бір ғана №21 автобус қатынайды. Сондықтан, балаларды мектепке жеткізу қиындық туғызады. Осы мәселені шешуде қосымша автобустарды жіберуге болмай ма?
Жауап: Көлдің жағасында және Горький көшесінің бойындағы «Жансая» тұрғын үй кешені арқылы өтетін екі қалалық автобус бағыты ұйымдастырылған. №21 бағыттағы автобус «Көктем» шағын ауданы мен Преоктируемая көшесі аралығында әр 10-12 минут сайын 7 рет қатынайды. Ал, №110 Вокзал және Көктем шағын ауданы аралығында қатынайды. Бұл шағын автобус жұмыс күндері әр 13-14 минут сайын, демалыс күндері әр 24-28 минут сайын жүреді. Оған қоса, биылғы жылдың шілдесінен бастап, №6 автобустың бағыты өзгертіліп, «Жансая» тұрғын үй кешені мен Қопа көлінің маңынан өтетін болады. Сонымен қатар, қаламызда Infobus сандық қызмет жұмыс істейді. Бұл қызмет барлық мобильдік қосымшаларда қолжетімді және автобустардың нақты уақыты бойынша қозғалысын бақылап отыруға болады.
guldena_maiysh, инстаграмм:
– Біз осыған дейін 219 үйдің маңынан өтетін Әуезов көшесінің бойында жаяу жүргіншілер белгісі немесе кедергілер орнату туралы өтініш білдірген едік. Сол өтінішіміз не болып жатыр?
Жауап: 2018 жылдың бірінші тоқсанында кедергі орнатылатын болады.
dinaraukeeva, инстаграмм:
– Элеватор көшесінің бойындағы үйлер қашан сүріледі және осы көше жөнделе ме?
Жауап: Өткен жылы Көкшетау қаласындағы Береговая көшесінің бо-йында орналасқан 17 тұрғын үй сүрілді. Ағымдағы жылы Береговая, Ғабуллин және Сабатаев көшелерінің бойында үйлер сүріледі. Ал, сіз айтып отырған Элеватор көшесінің бойындағы үйлер сүрілмейді, тек көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

satufati, инстаграмм:
– Мені айта-айта жауыр болған сұрақ мазалайды. №20 мектепке қашан автобус қатынайды және көше қашан жөнделеді?
Майра Айдарғазинова:
– Ата-ана ретінде автобус қатынасы мен тас жолдың жоқтығы толғандырады. Менің қызым біздің шағын аудандағы өзге оқушылар сияқты №18 орта мектепке екі шақырым жаяу жүріп барады. Қыстың аязы мен жаздың жаңбырлы күндері балаларға мектепке қатынау қиынға соғады. «Юбилейный» шағын ауданына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін білеміз. Көрші біздің шағын ауданда да осындай жөндеу жұмыстары жүргізілгенін қалаймыз. Балалардың мектепке қатынауы үшін шұғыл автобус қажет.
Жауап: 2017 жылы Көкшетау қаласында Тәшенов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ғабдуллин көшесінде қалпына келтірудің бірінші кезеңі аяқталды. Жалпы, өткен жылы облыс орталығындағы 52 көше жөнделді.
Сіз айтып отырған мәселені шешу үшін ағымдағы жылы осы шағын ауданда (Уәлиханов көшесінен Кленовая және Сыбағалы көшелеріне дейін) жағажолы, жарығы бар көшенің құрылысын жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама жасау үшін қаржы бөлу қарастырылған. Кейін бұл көшеде автобус қатынайтын болады.
Оған қоса, 2018 жылы №18 орта мектепке дейінгі жолды ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Салтанат Құрманғалиева:
– Біздің қалада жаңа жылу қазандығы салынады ма? Тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр, ал жылыту жүйесі жеткіліксіз. Мәселен, Юбилейный ықшам ауданындағы тұрғын үйлер қыстыгүні салқын.
Жауап: Бүгінгі таңда «Көкшетау қаласында қуаты 480 гКал/сағ. «Көкшетау Жылу» ШЖҚ МКК қарасты РК-2 жылу қазандығын қайта жаңартуға және салуға техникалық-экономикалық талдаманы дайындау» жобасы бойынша мемлекеттік сараптамадан оң нәтиже алдық. Соның арқасында жобалау-сметалық құжаттарды дайындау үшін қаржы бөлуге бюджеттік тапсырыс бердік. Әзірге осы шаруаны біржақты етіп алуымыз қажет.
Зәмзәгүл Мұхамеджанова:
– Сарыарқа ықшам ауданына тым болмаса жолаушылар тасылмалдайтын бір автобус қашан бөлінеді? Қыстың қақаған аязында жақын деген аялдаманың өзіне жету қиын болып отыр, әсіресе балаларға. Оларды мектепке апару үшін кейде такси шақыртуға тура келеді. Қалтамыз қағылуда.
Жауап: 2017 жылы Сарыарқа ықшам ауданында қатты жабынды бұрылыс алаңы салынып, автопавильон орнатылды. Қазіргі таңда барлық автобус бағыттары олардың саны он бір, Көктем ықшам
ауданынан Сарыарқаға дейін ұзартылды. Бұдан бөлек, үстіміздегі жылы сіздердің ықшам аудандарыңызда өрт сөндіру депосынан бастап ықшам ауданға дейінгі жолдар жөндеуден өткізіледі, соның арқасында автобус бағыттары тағы да ұзартылады.
Динара Серік:
– Мен Куйбышев көшесімен қиылысатын (Мәңгілік алаудың маңында) Сабатаев көшесі тұрғындарының атынан өтініш айтып тұрмын. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі жыл сайын бізге үйлерімізді сатуға және оның орнына жаңа үй тұрғызуға құқымыз жоқ екенін айтып хат жібереді. Үйлер әбден ескіргендіктен, орталық жылуға, су жүйесіне де қосылуға рұқсат етпейді. Осы мәселені шешуге көмектессеңіз. Үйлеріміз жеке құрылыс компанияларына жаңа үйлерге айырбас ретінде берілсе немесе әкімдік бұзу үшін сатып алса деген ұсынысымыз бар.
Жауап: Тозығы жеткен үйлерді бұзу туралы мәселемен қалалық әкімдік айналысады. Бұл сұрақ олардың жіті бақылауында. 2017 жылы қаладағы Береговая көшесіндегі 17 үй бұзылды. Үстіміздегі жылы тағы осы көшедегі, сондай-ақ, М.Ғабдуллин, Сабатаев көшелеріндегі бірқатар ескірген үйлерді бұзу жоспарланып отыр.
Арай Мұратқызы:
– Біз әр үйде су құбыры болуы үшін қалалық су арнасына Краснояр селосындағы М.Мәметова көшесіндегі үйлерге су тартқызу жайлы өтінішімізді айтып хат жазған болатынбыз. Және де екінші сұрағымды да айта кетейін. Мен Краснояр селосында тұрамын. «Әмина» мемлекеттік бала бақшасын «Мансұр» жекеменшік бала бақшасына бергелі жатыр. Бұл істі жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланған еді. Біз балаларымыздың мемлекеттік бала бақшаға барғанын қалаймыз. Жекеменшік бала бақшада балаларымызға тиісті жағдай жасалмай, бұл олардың психологиясына әсер етеді ме деп қорқамыз. Қалаулары осы болса, онда мемлекеттік бала бақшадан бөлек жекеменшік бала бақша салсын.
Жауап: Краснояр селосын сумен, жылумен жабдықтау мәселесі қалалық әкімдіктің жіті бақылауында. Мәселен, селода «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында блогтық-модульдік жылу қазандығы салынып, нәтижесінде селодағы жылумен жабдықтау мәселесі шешілді.
Ал, селоны сумен қамтамасыз ету туралы сұраққа келетін болсақ, 2018 жылы сумен жабдықтау жүйесі құрылысының жобалау-сметалық құжаттары әзірленетін болады.
Енді бала бақша мәселесіне келсек, шынымен де, қазіргі таңда «2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кейбір сұрақтары туралы» Үкіметтің Қаулысына сәйкес, білім басқармасы «Әмина» бала бақшасын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында сенімді басқаруға беру туралы мәселемен айналысып жатыр. Бала бақшаларды бәсекелестік ортаға өткізу мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттырады. Сенімді басқаруға беру кезінде балаға алынатын төлем көлемі өспейді, себебі, барлық мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қатысты төлемдердің бірыңғай айлық мөлшері әкімдіктің 2017 жылғы 7 желтоқсандағы «Мектепке дейінгі тәрбие және білім беру, ата-ана төлемдерінің мөлшеріне қатысты мемлекеттік тапсырысты бекіту туралы» Қаулысымен бекітілген. «Мансұр» жекеменшік бала бақшасында мемлекеттік бала бақшадағы секілді балалардың дұрыс тәлім-тәрбие, білім алуы үшін барлық жағдайлар жасалған.
Айжан Махамбетова:
– Зеренді ауданының Березняковка ауылында 25 жылдан астам уақыт су жоқ. Суды автокөлікпен тасымалдайды. Ол сынып қалған кезде сусыз қаламыз. Қыстың күні жол жабылып қалса, үй жаққа дейін әкелмейді. Тұрғындардың көбі мал ұстағылары келеді, бірақ, оған су жоқ. Ауылдағы басты тіршілік көзі осы мал ғой. Қаншама телеарналар су мәселесін келіп түсірді. Қаншама шағымдандық та. Бірақ, «баяғы жартас сол жартас». Басқа аудандарда су өткізіліп жатыр. Ал, біздің ауылда су қашан болады?
Жауап: Жалпы, былтыр біз облыста 5 ауыз су мәселесі бар ауылдардың проблемаларын түбегейлі шешіп бердік. Әрине, бұл жұмыс кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Қазір аймақта 22 елді мекенге ауыз су тарту жұмысы жоспарлануда. Сіздердің ауылдарыңыз да сол тізімде.
Сіз айтып отырған елді мекендегі су мәселесін шешу үшін ең алдымен жоба керек, ол жобаны жасауға қаржы қажет. Сондықтан, біз мұны алдымен 2018 жылғы бюджетті нақтылау барысында қажетті қаржыны ұсынатын боламыз. Жоба жасалғаннан кейін ғана құрылыс жүргізіледі.
Айдос Жүнісов:
– Атбасар қаласында автобустар нашар жүреді, оның үстіне жиі сынып қалады. Бір жерге жету үшін оларды көп уақыт күтеміз. Таксистер де тарифтерін көтеріп жіберді. Жолақы да қымбаттауда. Сізден автобустардың мәселесін шешіп беруіңізді және
№ 1, 3, 6 маршрутты автобустар бойынша қосымша көліктер қосуды сұраймыз.
Жауап: Атбасар қаласының маршруттық желісі бойынша «Атбасар қаласының жолаушылар тасымалы» ЖШС қызмет көрсетеді. Оның автобус паркі расында да ескірген және басым көпшілігі жарамсыз деп танылған. Осыған байланысты аталмыш ЖШС-ны қайта ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс аяқталған соң, қаланың жолаушылар тасымалы бәсекелі ортаға тапсырылады. Бұл жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасының жақсаруына жол ашады, оның ішінде парктің жаңартылуы мен автобустар қозғалысының жиілігін реттеуге оңтайлы болады.
Айдар Ибрагимов:
– Біріншіден, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Атбасар ауданының тарихи танымал тұлғалары туралы зерттеп, зерделеп, біздің жас ұрпаққа айтып жеткізуді ұсынамын. Екінші сұрағым, еңбекақы мәселесіне қатысты. Аудан тұрғындарының еңбекақысы неге төмен? Ең төменгі жалақы 20 мың теңге болса, жоғары жалақы 50-60 мың теңгені құрайды. Жақын арада еңбекақының өсуі мүмкін бе?
Жауап: Бірінші сұрағыңызға қатысты тоқталсам, осындай мәселені көтеріп отырғаныңыз үшін рахмет. Атбасар жері талай танымал тұлғаларды дүниеге әкелді. 2017 жылы Атбасардың тарихи-өлкетану музейі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру және «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы аясында ЭКСПО-2017 және Алаш партиясының 100 жылдығына арналған «Атақоныс еліме аманат» атты музейлік инновациялық жобамен айналысты. Бұл жобаның негізгі мақсаттарының бірі – Атбасар уезінің этнографы, халықтық-қолданбалы қолөнер шебері Мейрам Жанайдаровтың (1846-1921)
туындылары мен шығармашылығы арқылы қазақ халқының этномәдениеті мен тұрмысын зерттеу. Жоба аясында ғылыми қызметкерлер Атбасар уезінде Алаш қозғалысын басқарған Мейрам Жанайдаровтың ұлдары Сейілбек пен Омарбектің өмірі мен қызметі жайлы да зерттеулерін жалғастырды.
2018 жылы «Рухани қазына» бағытын іске асыру шеңберінде аталмыш музейдің ғылыми қызметкерлері батыр, сұлтан Ерден Сандыбаевтың өмірі мен қызметі туралы «Тұғыры биік тұлға» атты өлкетанушылық ғылыми-зерттеу жобасын бастайды.
Атбасар ауданында туған тарихи тұлғалардың танымалдылығын арттыру мақсатында Атбасардың тарихи-өлкетану, І.Есенберлин атындағы әдебиет және Мариновка ауылындағы тарихи-өлкетану музейлерінде Атбасар музейінің негізін қалаушы К.А.Әмірованың туған күніне орайластырылған «Ардақты апамыз» көрмесі, Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрмановтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Ерлік өмір үшін», Социалистік Еңбек Ері, алғашқы тың игеруші Михаил Довжиктің 90 жылдығына арналған «Тың ері» тақырыптарында дәрістер, дөңгелек үстелдер мен көрмелер ұйымдастырылмақшы, І.Есенберлинді еске алуға арналған «Ұлы дала тұлғалары» атты жыл сайынғы әдеби кештер, сонымен бірге, мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында өтетін «Есенберлин оқулары» өткізіледі. Барлық жұмыстар БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланып тұрады.
Келесі еңбекақы мәселесіне көшсек, Атбасар ауданында 320 кәсіпорын тіркелген.
2017 жылдың басынан бері онда 550 тұрақты жұмыс орындары құрылды, соның ішінде инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша 110 орын.
Атқарушы органдардың ауданның жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен жеке кәсіпкерлік жетекшілерімен жүргізген жұмысының нәтижесінде еңбекақы 25 пайызға көбейтілді, ал, шағын және орта бизнес мекемелерінде 15 пайызға өсті.
Статистика басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, аудандағы орташа еңбекақы 103110 теңгені құрайды.
Айдар Ибрагимов:
– Атбасар қаласының көшелер мен қала ішіндегі жол мәселесі бойынша. Қала ішінде көлікпен жүру мүмкін емес, көктем мен күзде жолдарда көлік жүре алмайды. Қашан жол жөндеу жұмыстары басталады?
Жауап: Ағымдағы жылда облыстық бюджеттен 47,5 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. «Промстройнедра» ЖШС мердігерлік ұйымымен Л.Белаш, Ағыбай батыр, Р.Қошқарбаев, Нұрсейітов, Сейфуллин, Жеңіс, Құрманов, Әуезов, Қуанышев, Чкалов, Қазақстандық, Привокзальная, Ш.Уәлиханов көшелері бойынша асфальт-бетон қоспасымен шұңқырлы жөндеу жүргізілген. 2018 жылға Атбасар қаласының келесі көшелері бойынша көше-жол желісін ағымдағы жөндеу жоспарланған. Олар Ш.Уәлиханов, Қазақстандық, Л.Белаш (Веденеева көшесінен АГТК №11-ге дейін), Б.Момышұлы (Ш.Уәлиханов көшесінен Л.Белаш көшесіне дейін), К.Әміров, Перевалочная, Набережная көшелері. Бұл жұмыстарды 2018 жылдың мамыр-шілде айларында өткізу жоспарланған.
Бақыт Мұхамедрахимова:
– Мені толғандыратын халық арасында «Собачьи хутор» аталып кеткен жеке сектордың мәселесі. Менің ойымша, осы ауданның бұзу жұмыстары жуық арада болмайды. Жақында Тәшенов көшесінен Әуезов көшесіне дейінгі жолдар жөндеуден өтті, бірақ, ары қарай Мирзоян көшесінің қиылысына дейінгі жолды жол деп атау қиын. Такси онда сирек келеді, өйткені, жол деген атауы ғана, жарықтандыру да жоқ. Әсіресе, осы жолмен №8-ші мектепке баратын балаларға обал. Бұл туралы бірнеше рет депутаттарға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына әлеуметтік желілер арқылы да ұсыныс жасадым. Сонымен қатар, зардап шеккен тек қана атбасарлықтар емес, «Собачьи хутордың» кейбір үйлері де бар. Мен өзім де зардап шектім. Арнасынан тасып жатқан көл суы үйдің бүкіл аумағын алды, үйдің қабырғалары дымқыл тартып, жертөле суға толды. Су тасқынынан зардап шегушіге бөлінген 69 мың теңге қаражатқа үйдің дымқыл қабырғалары қалпына келтіріліп, жаңа линолеум төселіп, барынша жөндеу жасауға тырысып бақтық. Алайда, мәселе толық шешімін таппады.
Жауап: Сіз дұрыс айтасыз, бұл «Собачьи хутордағы» ескі үйлерді бұзу бір күннің мәселесі емес. Оны шешу үшін бірінші кезекте, егжей-тегжейлі бекітілген жоспар қажет. Қазіргі уақытта бізде егжей-тегжейлі бекітілген жоспарлау жобасы бар, бірақ, ол түзету сатысында. Сондықтан, бекітілгеннен кейін ғана құрылыс салу үшін инвесторларға ұсынылады. Өз кезегінде инвесторлар жер учаскелерінің меншік иелерімен сатып алу-сату бойынша шарттар жасасуы тиіс болады. Мұндай мысалдар Көкшетауда бар. Белгілі болғандай, Әуезов, Гагарин, Әбілқасымов көшелерінің жер учаскелерін жеке құрылыс салушылар көпқабатты тұрғын үйлер салу үшін сатып алуда. Жолдардың жай-күйіне қатысты атап өткім келеді, 2017 жылы Көкшетау қаласында Тәшенов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Ғабдуллин көшесіне 1-ші этап реконструкция жасалды (Әуезов көшесінен Абылайхан даңғылына дейін инженерлік жүйелер ауыстырылды). Соның ішінде 52 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары қазірдің өзінде Тәшенов көшесінен Әуезов көшесіне жалғастырылады.
Бүгінгі күні су тасқынына дайындалу мақсатында Қылшақты өзені арнасын қамыс, қоқыс және өсімдіктерден тазалау бойынша жұмыстар жүргізілді.
Көкшетау қалалық әкімдігі қалалық бюджеттен 34,4 миллион теңге су тасқынына қарсы іс-шараларға қаражат қарастырды, атап айтқанда: арықтарды, каналдарды, алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауға арналған инертті материалдар мен қаптар және ЖЖМ, қарды тазалау жұмыстарына.
Сондай-ақ, Қылшақты өзенінің арнасын су өткізуден тазалауға 7,5 миллион теңге бөлініп, осы жұмыстарды жүргізу ағымдағы жылдың ақпан айына жоспарланды.
Мирзоян және Ғабдуллин көшелері қиылысындағы үйлердің арық жүйесін қар суы бұзуының алдын алу мақсатында 2017 жылдың жаз маусымында абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілген. Қосымша Ғабдуллин көшесін жөндеу, жолды жайластыру, су өткізу каналдары мен арықтарын тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Су тасқыны кезінде диспетчерлік қызмет қала тұрғындарының өтінімдерін қабылдау бойынша тәулік бойы кезекшілікте болады, еріген қар суларын тартып шығару, инертті материал әкелуді жүзеге асырады. Сондай-ақ, кезекші бригадалары тәулік бойы жұмыс істейді, оларға сіз кез келген уақытта хабарласа аласыз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар