АЛТЫН ҚОЛДЫ АКОПЯН

Өмір жайлы тоқтаусыз толғам жасауға болады. Әйткенмен, оның мәнін бір түйінге топтастырған да ешкім жоқ. Мәселе – өмір сүре білуде. Тіршіліктің осынау қарапайым да қасиетті заңдылығын тең ұстаған азаматтар баршылық арамызда. Солардың бірі дәрігер – Айрик Акопян. «Тіршіліктің тұтқасы адал еңбекте», – дейді ол. Қағидатқа беріктігін өмір бойы дәлелдеп те келеді.

Жұртшылықтың жылы лебізі желпінткені шығар, алдымен Айрик Андроникович жайлы кең көсіліп жазсақ деген ой болған. Аса құлшына қоймады. Қолыма Арекеңді жуырдағы жетпіс жасымен құт-тықтаған ұжымының лебіз хатын ұстатты. Мақтау-мадақтауға да жұтаңдаумыз ғой. Дәрігерлік қалыппен қысқа қайырылыпты. Бірақ, «Алтын қолды азамат!» деген сөз бар екен. Бұл кәсіби оташының қызметін білікті мамандар мойындаған жоғары баға екендігі даусыз. Еңбегімен елге еленді дегеніңіз осы.
Айрик Акопян Ереван медициналық институтын бітірісімен еңбек жолын Көкшетау (қазіргі Ақмола) облыстық ауруханасында бастаған. Міне, оған да 47 жылдан асып барады. Бүгінгі күні де абыройлы сапта. Жоғары дәрежелі маманның кәсіби жолын ол атқарған мыңдаған күрделі отамен, облысты былай қойып, өзге аймақтардан әдейі іздеп келген адамдарды қабылдауларымен, үміт отын ұшқындатқан кеңестерімен байланыстыруға болады. Арекең білікті оташы мамандардың бірнеше буынын тәрбиеледі. Олар қазіргі кезде Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірінде, Ресейде, Белоруссияда, Әзірбайжанда, тіпті, Германияда, АҚШ-та, Канада мен Израильде жемісті еңбек етуде.
Алтын қолды азамат 1995 жылы Ақмола облыстық ауруханасында республикамызда алғашқылардың бірі болып лапароскопиялық ота жасады. Осы аралықта төрт мыңнан астам науқасқа дәрігерлік көмек көрсетіліп, талай үйдің қуаныш шамы жар-қырады. Аталған еңбектерінің негізінде Айрик Андроникович 1999 жылы медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын қорғады.
Үнемі ізденіс үстіндегі жанның ізгілік жолындағы еңбектері де ескерусіз қалған жоқ. Ол «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан Респуб-
ликасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» атақтарының иегері және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған. Бұған қоса біздің қадірлі дәрігер өзінің елімізге танымал шәкірттерімен мақтана алады, кеселіне шипа тапқан мыңдаған адамдармен бірге қуанады.
– Менің еңбек кітапшамда бір ғана жазу бар, – дейді ол. Мұның басты себебі, Қазақстандағы тұрақтылықта, сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің бейбіт қатар тіршілік кешуінде, өзіңнің де, бала-шағаңның да болашаққа алаңсыз қадам басуында. Елбасымыз өзінің көреген саясаты арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясын баршамыздың ой-пікірлеріміздің жүзеге асуына, алдағы күндерге жақсы жоспар құруымызға мүмкіндік жасау ордасына айналдырды. Біз қазақ халқына осы үшін де қарыздармыз.
Бүгінде Айрик Андроникович құрметті еңбек демалысында болғанымен өзінің екінші үйіне айналған ұжымынан қол үзген жоқ. Мәселе, мерекелік шараларда төрден орын алуында емес, білікті маман өзі тәрбиелеген немесе оқу орнын бітіріп келген жас дәрігерлердің ортасында болуды қалайды. Өйткені, Арекеңнің ақыл-қазынасына құлақ түрушілер, тәлім-тәрбиесіне ден қоюшылар көп.
Бақберген АМАЛБЕКОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар