Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» энциклопедиясының алғашқы томы жарық көрді - АРҚА АЖАРЫ

«ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» энциклопедиясының алғашқы томы жарық көрді

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының алғашқы томының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Бұл құнды еңбекке Астана және Алматы қалаларының қасиетті орындарымен бірге, біздің облыстың тарихи ескерткіштері де енгізілген.

Кітаптың қазақ және орыс тілдерінде екі мың данасы басып шығарылды. Алғашқы томының тұсаукесер рәсімі «Қазақстанның сакральды географиясы» жобасының екінші республикалық форумы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілді. Форумның басты мақсаты өңірлердегі білім және мұражай ұйымдарын қатыстыру арқылы елімізде бірыңғай мәдени кеңістік құру, сонымен қатар, белсенді азаматтарды тарту арқылы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау болып табылады.
Шара аясында «Рухани жаңғыру» атты көрме ұйымдастырылып, қатысушылар бағалы көне жәдігерлерді тамашалай алды. Мәселен, көрмеде Кенесары ханның қылышы, әйгілі этнограф, зерттеуші ғалым Шоқан Уәлихановтың тапаншасы, сонымен қатар, археологиялық зерттеулер кезінде табылған сақ, сармат тайпалары пайдаланған заттар қойылды. «Қасиетті Қазақстан» республикалық ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы еліміздің тарихи орындары жайлы мазмұнды мәліметтер топтастырылған құнды еңбекті көпшілікке таныстырып өтті.
–«Қасиетті Қазақстан» деген ұғымға не жатады? Ең бірінші, өзіміздің астанамыз болған қалалар жатады. Қазақ хандығын көтерген тұлғалар, хандар, батырларымыз, Бекет ата, Қорқыт ата, Ахмет Яссауи секілді тұлғалар да осы кітапқа енгізілді. Облыстарда, аудандарда киелі орындардың макрокарта, микрокартасы жасалды, – деді осы істің басы-қасында жүрген орталық жетекшісі.
Ортақ іске біздің облысымыздың он жеті ауданы мен қалаларының мемлекеттік органдары да бел буып кірісіп, киелі орындар жайлы кең көлемді ақпарат жинау үшін үлкен жұмыстар атқарды. Облысымызды басқа өңірлерден ерекшелендіріп тұратын әлеуеті – өзен-көлдері, таулары, археологиялық ескерткіштер, ғибадат орындары және де соған байланысты тарихи деректер, ел аузындағы әңгімелер көп томдыққа топтастырылған. Облысымызда бар мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіштердің ішінен маңызды деген 10-ы таңдап алынып, республикалық тізімге енгізілді. Олар – Құмай археологиялық-этнографиялық кешені, Абылай хан алаңы, Кенесары үңгірі, Батығай кесенесі, Оқжетпес тауы, Қабанбай батыр кесенесі, Беспақыр, Баубек батыр мазарлары.
Осы орайда, «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының бірінші томына облысымыздың тарихи нысандарының енгізілуі – тынымсыз еңбектің нәтижесі екені сөзсіз. Осы және басқа да мәселелер жөнінде форумға қатысушылар пленарлық отырыс кезінде сөз етті. Және де «Қазақстанның сакральды географиясы» жобасы аясында өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер нақтыланды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар