Қосшы ауылындағы «КAZYNA-SR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қазіргі заманғы технология бойынша экологиялық таза жиһаз шығару қолға алынбақшы.
Бұл осыған дейін аталмыш серіктестікте қолға алынған «Жиһаз құрылысы цехы» жобасының жалғасы болып табылады. Аталмыш жоба 2015 жылы Ақмола облысының Индустрияландыру картасына енді. Кешен өндірістік цехтан және әкімшілік ғимараты мен 14 пәтерлі жұмысшыларға арналған үйден тұрады.
Серіктестік басшысы Сайра Матабаеваның сөзінше, кәсіпорын 10 жылдың көлемінде жиһаз шығарумен айналысып келеді. Соңғы жылдары өндіріс көлемін кеңейту қолға алынып отыр. Осы мақсатта 2014 жылы арнайы жер телімі беріліп, инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастаған. Кәсіпорын кеңселер, білім беру және медициналық мекемелер үшін экологиялық таза материалдардан жасалған жиһаз өнімдерін шығарып, еліміздің әр өңіріне сатады.
Жаңа жобаның құны 432 миллион теңгені құрайды. Оның 232 миллион теңгесі компанияның жеке қаржысы есебінен алынды. Ал, 200 миллион теңгесі субсидия ретінде бөлінді. Жобаны іске қосу 2018 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланып отыр.
Целиноград ауданы.