Облыс орталығындағы №1 сервистік-техникалық колледжінің қабырғасында ашылған рухани жаңғыру кабинетінде «Ата-бабамыздың тарихы, мәдени байлығы – өскелең ұрпаққа мұрағат» тақырыбында конференция болып өтті.
Шараның басты мақсаты өскелең ұрпақты туған жерінің тарихымен таныстыру, тарихи бай мұрамызды сақтау, оқушыларға тарихи ескерткіштер мен мәдениетіміз жайында толық мағлұмат беру болып табылады. Конференцияда осы колледждің бірінші және екінші курс студенттері Темірлан Исенов, Полина Мартинович, Ангелина Ценерт, Фатима Мартазанова, Абдулахид Құттымбет «Ботай мәдениеті», «Ер есімді, ел есімді Абылай», «Қазақтардың зергерлік өнері: дәстүрлер мен қазіргі заман» атты тақырыптарда баяндама жасап, шараның өтуіне белсене араласты. Қатысушылардың барлығы да мақтау қағаздарымен марапатталды.
Осы конференция барысында бір байқағанымыз, қазіргі жастар өте белсенді, бойларындағы отансүйгіштік рух өте жоғары. Олар Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатының жастарға берер пайдасы зор екенін жақсы түсінеді. Қазіргі таңда елімізде қазақстандық патриотизмді қалыптастыру үрдісі жүріп жатыр. Бұл шараның да сол үрдіске игі ықпалын тигізетініне сенімдімін. Екінші курстың білім алушыларының қатысуымен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауын талқылау мақсатында өткізілген ашық сабақтан да шәкірттеріміз көптеген пайдалы ақпаратты алды деп ойлаймын. Мемлекеттің саясатын, еліміздің болашағына қатысты бағдарламаларды жастарға түсіндіру мақсатындағы осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Аяжан БЕКТЕНОВА,
Көкшетау қаласындағы №1 сервистік-техникалық колледжінің тарих пәнінің оқытушысы.