Ауғанстан. Отты жылдар. Қайыспас қайсар ерлер.

Міне, Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына биыл 29 жыл толды. Осыған орай, Көкшетау қаласында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысуымен Ауған жауынгерлерінің аллеясында салтанатты митингі болып, оған қатысушылар сап түзеп, жанды дәліз арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы енгізіліп, әнұран шырқалды.

Рәсімде құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары А.Мысырәлімова Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухы алдында бас иіп, тағзым ету осы тұрған біздің әрқайсымыздың абыройлы міндетіміз,–деді.
Иә, жылдағы дәстүр бойынша ақпан айының ортасында өткізілетін бұл шара талайдың тағдырын тәлкекке салған, он жылға созылған Ауған соғысының зардабы екені белгілі. Бұл соғыс әлі күнге тарих беттерінен өзінің тиісті бағасын ала алмай жүргені де жасырын емес. Мұнда қаншама жас қыршынынан қиылып, қаншамасы мүгедек болып оралды. Олардың бір ғана міндеті – бала жастан санасына сіңірілген патриоттық тәрбие – Отан алдындағы борышын өтеу, қабылдаған антына берік болу еді-ау. 1989 жылдың 23-26 ақпанындағы «Тайфун» операциясы Кеңес әскерлерінің ауған жеріндегі он жылға созылған соғыстағы ең ақырғы шайқасы. Бұл соғыста 18-19 жасар өрімдей жас жігіттер жазықсыздан-жазықсыз құрбан болды.
Олай болса, бүгінгі шараның мақсаты да Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіп, өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жа-уынгер ағалар ерлігін үлгі ету және Ауған соғысында опат болған жауынгерлер рухына тағзым ету, өскелең ұрпақты олардың есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу болып табылады.
Осыған орай, Ақмола облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник Руслан Қасымов құттықтау сөз сөйлесе, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің үздік оқушысы, «Айбын» әскери-патриоттық клубының мүшесі Диана Оразалы жүрек тебірентер өлеңін оқыды.
Одан әрі «Ауғанстан мүгедектері мен соғыс ардагерлері одағының» төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, запастағы полковник Дуанбай Ыбырай сөз алып:
– Ауған соғысына біздің облыстан 1113 азамат қатысып, оның 61-і көз жұмса, 3-еуі із-түзсіз жоғалып, солардың бірі – жауынгер Алексей Зуевтің жерленген жері 2012 жылы Ауғанстаннан табылып, сүйегі Бурабай ауданына әкеліп жерленді. Бүгінгі күні Ақмола облысында 915 Ауған соғысының ардагері бар. Олардың 235-і Көкшетау қаласында тұрады. Біздің парызымыз әскерге шақырылушылармен жұмыс істей отырып, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу. Осы тұрғыда 156 іс-шара өткізілді, соның бірі де бірегейі бүгінгі митингі, – дей келе, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алуға шақырды.
Шара барысында Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің мемориалдық тақтасына гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, қатысушылар ескерткіш суретке түсті. Әрине, мұндай шаралар сарбаздар мен жас жеткіншектер үшін тәрбиелік мәні зор мағыналы іс-шара деп есептейміз. Сондықтан да, ардагерлеріміздің қатары азаймай, елдің рухын көтеріп, аман-есен ортамызда жүре берсін дейміз. Тәуелсіз елімізде мәңгі тыныштық болсын, еліміздің көк туы биікке желбірей берсін!
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ауған соғысы туралы: «Ауған соғысында қыруар қаржы шығындалды, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір Кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма? Бұл ұтылыс жоғарғы әскери команданың белгілі бір бөлігін мықтап ойлантты, – деп атап көрсеткен болатын.
Сол соғыста қаза тапқан жерлестеріміз түгелімен дерлік өз туған елі – Қазақстанға әкелініп жерленді. Отан үшін отқа түскен боздақтардың өздері жоқ болса да, рухтары мәңгі бірге жасай беретіні анық. Олар ерлік жасады, бірақ, кім үшін? Осы бір қажетсіз соғыстың қасіреті жайлы мағлұматтарды интернеттен оқи отырып, осындай ойға қалдым. Жүректі сыздатар қасірет. Десек те, ауған жеріндегі сол бір отты жылдар біздер үшін ерліктің, Отанға адал болудың асқан үлгісі болып қала берері сөзсіз.

Асылай Қадырқызы.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар