Тарихпен тарамдас Тарасенко

Жуырда Сандықтау ауданына іссапармен барған сапарымда Асылбек Исмағамбетовты орталық алаңнан кездестірдім. Жүрегім жылып қалды. Сезіп тұрмын, ертеңгі қорытынды есепті кездесуге дайындықты пысықтап алғысы келгені шығар. Қалай болғанда да, риза болатындай күй орнады көңілде. Аудан әкімінің кабинетінде баяндамасын сан мәрте парақтаумен қатар, оны тарих тізбелері толқынданып тұрған алаң ғибратымен тұздықтау ниеті әдемі емес пе?!

Мынаны қараңыз, бұл ауданнан Кеңес Одағының 7 Батыры, 13 Социалистік Еңбек Ері шыққан екен. Алаңның басты құрметі осы ардақтыларға көрсетіліп тұр. Мәрмәр тақталарда барлығының аты-жөндері ойып жазылып, қай ауылда қашан туғаны, қандай ерлігі үшін марапатталғаны ықылас рахымымен жазылған. Фотосуреттер де көрнекі жерлерге орналастырылыпты. Кеңес Одағы Батырларының қос қапталында айбынды жауынгер мен алтын масаққа оранған ананың ортақ образы ескерткіш болып еңселенген. Бұл – батырлардың ғана емес, тыл еңбеккерлерінің өшпес ерлігін бейнелейтін тағзым тұғырлар.
Күні кеше ауданның ішкі саясат бөлімінен тыл ардагері Валентина Семеновна Тарасенконың 95 жасқа толуына орай салтанатты шара өткізілгені туралы хабар алдық. Ауыр күндерде қайыспаған қарт ананың қысқаша өмірбаяны да қоса жолданыпты. «Бәрекелді» дедік. Қараптан қарап тұрып, жеңіс үшін жанталасқан өз әжелеріміз бен аналарымыз көз алдыма елестеді. Өйткені, бұл кісінің өмір жолы, көрген қиындықтары мен қуаныштары олармен ортақтас өрбиді.
Аудан орталығы Балқашын биыл 90 жылдығын атап өтеді. Ал, Валентина Семеновна бұдан бес жасқа үлкен. Аудан шежіресін осылар құрған. Олай дейтін жөніміз бар. Әкеден ерте айырылған жеті бала жесір ананың жетегінде өсті. Қиындық қыспағын суреттеп жеткізу қиын. Ақырында жетінші сыныпта оқитын Валя Сталинге хат жазыпты. Бала көңілі алдамапты, Тарасенконың отбасына 150 сом қаржы бөлінгені жайлы жауап хат келген. Қуаныш үстінде көйлек-көншек тігіліп, інілері мен сіңлілері мектептегі оқуын жалғастыратын жағдайға жетті.
Заманның сол кездегі талабында «көсемге» хат жазу екінің бірінің қолынан келе бермес-ау. Шындығында, Валентина талапты еді. Соғыс басталған жылы ол тоғызыншы сыныпты бітірді. Одан әрі оқитын оқу жоқ ауылда. Сырттан білім іздеу қиялға қонбайтындай еді. Тәуекел қылып Валентина аудандық оқу бөлімінің басшысы Рахымбек Есенбаевтың қабылдауына келген. Жолы болып, Ақсораң ауылындағы бастауыш мектепке жіберілді. 1942 жылы Щучинскідегі педагогикалық училищеде қысқартылған курс түрінде оқып, диплом алған ол мектебіне қайта оралды. Комсомол ұйымының жетекшісі тыным таппайтын, балаларды бастап егін алқабынан масақ терді, қыстақтарға өгіз арба, шанамен сабан тасыды, қырманда дән сапырды. Бейнетпен өткен жылдардың елесіндей
В.Тарасенконың омырауында 1946 жылы «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалі жарқырады. Сандықтау балалар үйінде басшы, Семеновка мектебінде директор болып жүргенінде «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медаліне ие болды.
Сандықтау орта мектебіндегі ұзақ жылғы ұстаздық еңбегінен кейін зейнет демалысына шыққан Валентина Семеновна бертінге дейін қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. Ауылдастарының құрмет-сыйынан кенде емес. Ғасырға жуық өмірінде тәрбиелеген жүздеген оқушыларымен хат-хабар алысып, қуанып жүреді.

Бақберген Амалбеков.
Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар