Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ер еңбегімен танылады - АРҚА АЖАРЫ

Ер еңбегімен танылады

Елі үшін аянбай еңбек етіп, келешек ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген жандар баршылық. Солардың бірі – Шағалалы селосындағы агробизнес колледжінің аға оқытушысы Тынымбай Досбатыров.

Адамзат баласы күнделікті тыныс-тіршілік қарбаласымен жүріп уақыттың қалай тез өткенін байқамай қалады екен-ау. Осы кезде әркім өзінің өткен өміріне бір есеп бергендей, жүректің түкпірінде жатқан бір тылсым дүние өзінен-өзі сұраныс тудыратыны анық. Тынымбай Сәденұлының мағыналы, айтуға тұрарлық, талай сырларға толы саналы ғұмыры оның жанында жүрген әріптестері мен жолдас-жораларына жақсы таныс. Тынекеңнің кір жуып, кіндік кескен туған жері Сыр өңірі, дәлірек айтсақ, Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылы. Сәден ақсақал мен Жақия анамыз ұлдарының кенжесі болғанмен, жастайынан сабырлылығына, ұстамдылығына қарап осы ұлынан көп үміт күткен. Өмір ағымында олардың армандары толықтай орындалды деуге болады.
Ол мектепте жүргеннен-ақ қабырға газеттерінде, аудандық баспасөзде шағын мақалалар жариялап, өлең-жырларымен танылды. Әр жылдары өлең мүшәйраларына қатысып, өз ортасына белгілі бола бас-тады. Оның айғағын сол жылдардан сақталған, беттері сарғайған газет-журналдардан байқауға болады. 1972 жылы туған топырағында он жылдықты бітірісімен, еліміздің байырғы астанасы Қызылорда қаласындағы политехникалық техникумға оқуға түсіп, техник-құрылысшы мамандығын алып шығады. Жігерлі жас қаланы көркейту, әсем үйлер тұрғызумен айналысатын кәсіпорында құрылысшы-шебер болып еңбек жолын бастайды. Қолынан іс келетін, шаруашылықта біраз тәжірибе жинақтаған жас маман ауылдық Кеңес төрағалығына сайланады. Сол жылдары Алматыдағы Қазақтың ауыл шаруашылығы институтында сырттай оқып, экономист-бухгалтер мамандығын алып шығады. Біраз жылдар бойы бірқатар серіктестіктерде бас экономист болып қызмет атқарды.
Тынекеңнің өмірінде 1979 жылы елеулі өзгеріс болып, отбасын құрады. Сәден әулетіне инабатты, тәрбиелі, айтулы жердің ұрпағы Қазына есімді ару келін болып түседі. Бойдақтық дәурен отбасылық өміріне ұласады. Қызмет істей жүріп, аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарға публицистикалық мақалалары мен өлең-жырлары үзілмей басылып отырды. Сол жылдары «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Кейін Тынымбай Досбатыровтың шығармашылық еңбегі бағаланып, Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды. Өмірімізде имандай сенетін Кеңес үкіметі келмеске кеткесін тұрмыс-тіршілік те айтарлықтай өзгерістерге ұшырады.Тынекеңнің балалары ер жетіп, білім іздеп, әр тарапқа кете бастады. Міне осы кезде ол отбасымен кеңесіп, Көкше жеріне қоныс аударуды ұйғарды. Бұрын-соңды беймәлім, аңыздарымен ғана қызықтыратын өлкемен енді шынайы араласудың кезі келеді. Дәм тартып, сол жылы Шағалалы ауылына көшіп келді. Еңбек десе ерінбейтін азамат бірден осы елдегі оқу орны – агробизнес колледжіне арнайы пән оқытушысы ретінде қабылданады. Оқытудың қыр-сырын тез арада меңгерген абзал азамат, міне, он екі жылдан бері осы мекемеде аға оқытушы міндетін абыроймен атқаруда. Оның көптеген оқушылары сапалы білім алып, ел игілігі үшін табысты еңбек етуде. «Әке көрген оқ жонар»,– демекші, кенже ұлы Бітеген ұстаздық жолды таңдап, осы мекемеде еңбегін жалғастыруда. Тынекеңнің өлең-жырлары «Қос таған» атты баспадан шығып, оқырмандар назарына ұсынылды. 2013 жылы Қазақстан Діни басқармасы мен Әзірет Сұлтан мешітінің ұйымдастыруымен өткізілген «Текті сөздің төресі – терме» тақырыбындағы жыр мүшәйрасына ұсынылған шығармасы ынталандыру жүлдесіне ие болып, жолдамамен Үміра қажылыққа барып келді. Аталған жетістікті төккен тердің бағалануы деп білеміз. Қазына екеуі бес бала тәрбиелеп, бүгіндері немере сүйіп, салиқалы, елге сыйлы отбасы болып, шаттықта өмір сүруде.

Сайлау ЫБЫРАЕВ,
Шағалалы агробизнес колледжінің
аға оқытушысы.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар