Әйел – қоғам айнасы

Бүкіл әлемдегі адамзат анадан туған, анасыз адам жоқ. Қазақ халқы әйел-ананы отбасының алтын қазығы санаған. Ана болу, дүниеге сәби әкелу, оны мәпелеп, азамат етіп өсіру жеңіл емес. Ата-бабаларымыз әйел-ананы тек қана бала тәрбиешісі емес, бүкіл отбасының берекесі, қамқоршысы деп есептеген. Сондықтан, қазақ халқы ананың өнегелі, өнерлі, сабырлы, салмақты, тәрбиелі болуын мақсат еткен. Ғабит Мүсіреповтың «Мақтасақ әйелді мақтайық, әйелді құрметтейік» деген сөзі бар. Әйел-ана барлық қиындықты жеңетін, сарқылмайтын күш екені өмірде дәлелденген.

Қазақ елінде ежелгі замандарда ер-азаматқа бергісіз әйелдердің болғанын білеміз. Кир патшасының басын алған Тұмар патшайымнан бастап ел қорғаған батырлық қазақ қызының бойынан әркезде де табылады. Домалақ ана, Ұлпан ана, Шоқанды өсірген Айғаным, Ыбырайды бауырына басқан Балқожаның бәйбішесі Аймен, Абайды тәрбиелеген Зере ананың пайым-парасаты өзінше бір әлем. Кенесарының қарындасы Бопайдың ерлігі, шығыстың қос жұлдызы Мәншүк пен Әлияның батырлығы, Хиуаз Доспанованың өжеттігі, күні кешегі желдей толқып, Кеңес үкіметінің шаңырағын шайқап жіберген Желтоқсан оқиғасындағы Сәбира мен Ләззаттардың қайсарлығын, бүгінгі күнде еліне қызмет етіп жүрген Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Зейнеп Ахметова, Дариға Нұрсұлтанқызы, Зағипа Балиева, Салтанат Байқошқарова, Бірғаным Айтымова сияқты әйелдерді айта берсек көптеп саналады.
Біздің мемлекетіміз аналар тағдырына, аналар проблемасына үлкен мән беріп қарайды. Ал, еліміз егемендігін алғаннан кейін Қазақстан қоғамы күрделі өзгерту мен жаңару үдерісін басынан кешірді. Мемлекеттік деңгейде гендерлік теңдік мәселесін қамтамасыз ету аясында елімізде тиімді, гендерлік және отбасылық демографиялық саясат қалыптасты.
Қазақстанда мемлекеттік гендерлік саясат гендерлік теңдікке қол жеткізу саласындағы ұлттық және халықаралық тәжірибені, әлем елдерінің өркениеттік, діни және мәдени ерекшеліктерін жан-жақты және мұқият ескеруге бағытталған. Ол сабақтастық, прагматизм мен теңдестік принциптеріне негізделген. Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, сонымен бірге, мемлекет өміріне және саяси мәселелерге белсене араласатын тұлға. Қоғамда әйелдердің әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз берген. Қай қоғамда болсын, әйел-ананың алатын орны орасан зор. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде биік, ал, істе мығым әйел қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес»,– дейді.
Шындығында да, бұл қоғамды әйелдерсіз елестету мүмкін емес, ұлтымыздың мақтанышы болып жүрген әрбір адамның бойындағы барлық жақсы қасиеттер де ананың тәрбиесімен берілген. Қыз баланың жастайынан әдепті болып, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеуге, ұлттық әдеп-ғұрпын сақтап өсуіне көп көңіл бөліп отырған Елбасымыз: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы, мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін, халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ» деген еді.
Шындығында қазақ қызына төрінен орын беріп қатты қадірлеген. Әйел баласына зорлық-зомбылық көрсетпеген, әр уақытта қыздарын құрмет тұтқан. Бұл күндері әйел-аналарымыз қоғамның барлық саласына ер азаматтарымызбен тең дәрежеде атсалысып келеді. Үйде отбасын, сыртта қызметін атқарып, өз отбасының татулығына да көптеп көңіл бөлетін қазақ әйелдерінің қоғамда өзіндік алатын орны ерекше.
Ал, қазіргі жастарға қарап отырсақ, бір-біріне деген сүйіспеншіліктері, жақсы көру сезімдері азайып кеткен секілді көрінеді. Өйткені, ажырасу біздің облысымызда 50 пайызға дейін жетіп отыр. Кейде мені «әйел заты бұзылып бара жатыр ма?» деген ой үрейлендіреді. Бой жетіп келе жатқан, ертең ана болады-ау деп үміт артатын қыздарымыздың тағдыры ойлантады. Қазақ қызының ашық-шашық жүргенін, шылым шегіп, шарап ішкенін кім көріпті бұрын. Қазір маған батыс біздің шығыстың бар асыл қасиеттерін ұрлап алып, бізге өзінің керек емес дүниесін тықпалап жатқандай көрінеді. Біз өзіміздің жақсы әдет-ғұрпымызды емес, өзгенің қалдығын қабылдап, соның тыр-жалаңаш әлеміне еліктеп, түнгі клубтарда жүрміз. Бұл ретте, бүгінде еркектерден гөрі әйелдер батысқа көп еліктеп кеткен секілді. Әйелінде адалдық, жауапкершілік болмаған отбасында береке болмайды. Осыны ескермей барамыз.
«Қызға қырық үйден тыйым» дегенді ата-бабаларымыз бекер айтқан жоқ. Әйел еркектің қабырғасынан жаралған дейді. Сол қабырғамыз бүтін
болса, біз мықтымыз. Елбасы
Н.Ә. Назарбаев 2012 жылғы Қазақстан халқына Жолда-уында «Ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан балалар зардап шегеді. Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді, бала тәрбиесі тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті», – деп отбасылық құндылық, шаңырақ жарастығының сақталуы ел тұтастығы мен біліктілігінің кепілі екендігін атап көрсеткен болатын. Ендеше ұрпақтар сабақтастығы арқылы берілетін тәрбие дәстүрлері мен үлгі-өнеге Мәңгілік Ел болу идеясын құрастырушы бірліктің бірі болуы керек.

Зере ҚИЫҚОВА,
Ақмола облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, Қазақстан халқы
Ақмола ассамблеясы жанындағы
Аналар кеңесінің төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар