Тағылымы мол ғұмыр

«Елу жылда ел жаңа» деп бабаларымыз бекерден-бекер айтпаған. Кезінде Ақмола облысының бұрынғы «Коммунизм нұры», кейінгі «Арқа ажары» газетінің абырой-беделі зор болды. Заман қыспағына бағынбай халықтың көңіліндегі күпті мәселелерді шеше білген баспасөз құралы сондай-ақ болар.
Кеңестік жүйеде орыс тілді газетпен бәсекелесіп шығатын осы қазақ тілді баспасөз құралы шын мәнінде елдің сүйіктісі бола білді. Олай дейтінім, жаңа шыққан газет қолдарына тимей қалса, пошта қызметшілерінің жанын қинайтын кісілерді көп көрдім.
Осы өңірлік газетте жұмыстарына адал, әрбір тапсырысқа мұқият қарайтын қайсар мінезді әрі білімді біраз тілшілер еңбек етті. Мысал ретінде өзім көрген адамдарды еске алуды жөн санадым. Ерейментау, Сілеті аудандары бойынша газеттің меншікті тілшісі Қабыкен Хасенов, Астрахан, Бұланды аудандарында Сейітжан Садауов, Ақкөлде – Шегебай Қарпықбаев, Атбасар, Сандықтауда – Нәркен Тәшетов шаршамай-шалдықпай қажырлы жұмыс істеді.
Сейітжан Әбенұлы Садауов 15 жылға жуық ғұмырын осы газетке арнаған. Бұл кісінің бір жақсы қыры – қоғамдық жұмыстың шынайы қайраткері бола білуінде. Қиюы келіспеген заманда да ол Астрахан ауданында өз ынтасымен қазақ тілінде «Аққайнар» газетін шығарып тұрды. Қаржы қыспағына түссе де, соның таралуына жұбайы Сапия Ерғалиқызы екеуі мұрындық бола білді. Біле-білуімше, ол 1996 жылдың күзіне дейін үзбей шығып тұрған-ды. Бұдан соң Сейітжан аға Астрахан ауданының орыс тілді «Маяк» газетінде қосымша қазақ тілінде арнайы бет шығаруды қолға алып, оны 1999 жылдың қараша айына дейін жалғастырады. Денсаулығы нашарлаған соң ғана одан амалсыздан қол үзген.
Астрахан ауданының тумасы біраз жылдарын кітап шығаруға жұмсаған көрінеді. «Майдан жолдары», «Қақсал шежіресі», «Тағдырдың тарғыл жолы» кітаптары облысымыздың біраз оқырмандарының қолына тиіп еді.
Жасы шау тартып қалғанымен, Сейітжан Әбенұлы 90-шы жылдардың басында Астрахан ауданында «Ана тілі» қоғамын ұйымдастырып, біраз игілікті жұмыстарды оңтайлы жүргізді. Біз кезінде сондай шараның бір куәсі болып едік.
Ақмола өңірінің бас ақпарат құралы – бүгінгі «Арқа ажары» газетінде бұл кісі «Шағын ауылдар» тақырыбына көп ой жүгіртті. Астрахан, Бұланды, Ақкөл аудандарындағы қарапайым қазақ ауылдарының мәселелерін өткір көтеріп, оның облыс басшыларының алдына өзекті мәселе ретінде жетуіне көп күш жұмсады.
Тарихи танымы толық ашылмаған Ақмола өңірінің белгілі адамдары туралы жазған еңбектері де сүбелі. Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің алғашқы жұбайы Гүлнәр апамыз туралы мақаласы кімді болмасын толғантпай қоймайды. Біз бала кезімізде бұл оқиғаны үлкендер аузынан естісек те онша сеніңкіремей жүрдік. Сөйтсек, Гүлнәр Ерейменнің Қойтасындағы Мұса байдың бұлаң қызы болғанын осы Сейітжан Әбенұлының айтуынан жан-жақты түсіндік.
Сәкен Сейфуллин Гүлбахрамға жолығып, одан бойын аулақ ұстаса да Гүлнәр сырбаз жігіт Сәкенге өмір бойы бас иіп кеткен. Асыл азаматтың дұшпандары келіп, Сәкенді жамандап хат жаз дегенде оларды келген ізімен кері кетірген екен. Сәкенге шығарған өлеңі толғанысқа толы, мұңды әрі сырлы. Ал, Сәкен арнаған өлең оған өмірлік бойтұмар болған. Сұлу қызды туған елі Көкеш деп ардақтап өткен.
Сейітжан Садауовтың тағы бір еңбегі Ақмоланың айтулы балуаны, Қажымұқанның шәкірті бола білген Қайдарға байланысты жазылған еді.
Қызылжар қаласында болған дүбірлі оқиға, алып күш иелерінің белдесуіне Ақмоланың бел баласы Оспанов Қайдар да қатысады. Ол француз күресінің майталмандары поляк, грузин, украин, орыс балуандарымен сайысқа түсіп, ұстазы Қажымұқаннан кем түспейді. Бәйгесі қомақты сайыста ол 8 балуанды жеңіп, бас жүлдені ұтып алады. Ең бастысы, ақша салынған конвертті ол қалың көрермен алдында Қызылжар қаласындағы жетім балалар үйіне бергізген. Бұл кезінде халықтың керемет қолдауын көрген ерекше бір оқиға болыпты. Қайдардың қара күші туралы марқұм ағамыз Айса Хамзеұлы да жеріне жеткізіп айтып еді.
Жалпы, Қажымұқан мен Қайдар 1919 жылдары танысыпты. Күші тасыған жігітті Қажымұқан француз күресіне жаттықтырып, 1926 жылдан бастап өзімен бірге Қызылжар, Көкшетау, Ақмола, Қарағанды, Атбасар, Ташкент жағында цирк өнерін көрсетуге бірге алып жүрген. Балуандық шеберлікті жылдам меңгерген Қайдар ашық алаңқайда өзіне қарсы шыққан алыптарды шаң қаптырып жүріпті. Өзінің тұңғыш ұлының атын Мұқан деп қоюы барша қазақтың мақтанышы Қажымұқанға деген құрметі болуы керек.
Бұл тарихи тұлға аумалы-төкпелі заманда біраз күйзелістерге де түскен. Ол туралы Сейітжан аға өзінің әр жылдары жазған мақалаларында толымды пікірлерін айта білді. Сейітжан Садауовтың өмірлік серігі Сапия Жүнісова да ақындығымен ерекшеленген жан. Ол кісінің қолынан 2001 жылы «Жаңа ғасыр келіні», 2005 жылы «Отты жылдардағы ауылым» атты кітаптары жарық көрген.
Сұлу Көкшенің тумасы Сапия Ерғалиқызының жастарға арнаған өлеңдері мен өсиетті сөздері көп. Рухы биік осы аяулы жандардың өмірдегі өнегелі істерін әсте ұмытуға болмайды.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар