Кәсіпкерліктің даму қарқыны бар

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік отырысында «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті дамыту және қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыру, өңірде жүргізіліп жатқан ветеринарлық іс-шаралардың барысы талқыланып, нақты міндеттер белгіленді.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Әкімдік отырысын бастамас бұрын өңір басшысы жиналғандарға жақында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған Тимур Ысқақовты таныстырды.
Әкімдік отырысының күн тәртібіне сай алғашқы мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы
Ербол Жақсылықовтың баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысының айтуынша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті дамыту және қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыру барысында жалпы құны 111,7 миллиард теңгенің 809 жобасы мақұлданған.
Ал, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін облыс бойынша 2010 жылдан бері барлығы 16,5 миллиард теңге бөлініпті. Оның 1,3 миллиард теңгесі биылғы жылға қарастырылып отыр. Өткен жылы облыс бойынша 55,8 мың шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 56 субъектіге көп. Осының арқасында 6,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, осы салада еңбектеніп жүрген адамдардың саны 129,7 мыңға жетті.
–Өңірде бірыңғай мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері шағын және орта бизнесті дамыту үшін 70,8 миллиард теңгенің несиесі берілді, – деді Ербол Жақсылықов.
Алайда, бағдарламаға кәсіпкерлері нашар қатысатын аудандар да жоқ емес. Осы орайда, облыс басшысы осындай кемшіліктерге жол беріп, бағдарламаны жүзеге асыруда сылбырлық танытып отырған Жақсы ауданы әкімінің жұмысын сынға алды.
Сонымен қатар, жиында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ирина Суворова, Степногорск қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев және өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Қайрат Сұлтановтың да баяндамалары тыңдалды. Даму қоры өкілінің сөзінше, биылғы жылы облысқа кәсіпкерлікті дамыту үшін 1 миллиард қаржы қарастырылып отырған көрінеді.
Ал, өңірде жүргізіліп жатқан ветеринарлық іс-шаралардың барысы туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Базарбай Болашев баяндады. Оның айтуына қарағанда, облыс аумағында эпизоотиялық жағдай қолайлы болып табылады. Бұл мал шаруашылығы саласында бағдарламаларды сәтті жүзеге асыруға және облысымыздың аумағында өндірілетін өнім мен шикізатты аймақтан тыс жерлерге шығаруға мүмкіндік береді. Төрт түлікте жиі кездесетін бруцеллез ауруы бірқатар аудандарды дендеп тұрған жайы бар. Мәселен, Қорғалжын және Ақкөл аудандарында ірі қараның бруцеллез ауруына шалдығу көрсеткіші облыс бойынша орташадан жоғары болып отыр. Жиында баяндама жасаған Ақкөл ауданының әкімі Теміржан Едігеновтың мәліметі бойынша аудандағы кейбір шаруашылықтардың сырттан сатып алған сиырлардан анықталған бруцеллез
ауруы аудан бойынша жалпы көрсеткішке кері әсерін тигізіп отырған көрінеді.
Жиынды қорытындылаған Мәлік Мырзалин
айтылған барлық кемшіліктерді ескере келе, аудан, қала әкімдері мен жауапты басқармалардың басшыларына «Бизнестің жол картасы –2020» бизнесті дамыту және қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыруда белсенділік танытып, өңірлерде ветеринарлық жағдайды бақылауда ұстап тұруды тапсырды.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар