Талап-тілектер ескерусіз қалмайды

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде өңір басшысы Ақмола облысында қазіргі уақытта белсенді қызмет атқарып келе жатқан үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына ризашылығын білдіріп, атқарылар жұмыс бағытын бағамдады.

– Бүгінгі таңда елімізде үкіметтік емес ұйымдарға қойылар талап күшейтілген. Әрекетсіз деп танылған кейбір ҮЕҰ-дың жыл ішінде тиісті салық есебі мен кіріс декларациясы туралы құжаттарын тапсырмағаны белгілі болып отыр. Өңірдегі ҮЕҰ-дың тіркеуге тұру, қайта құрылу тәртіптері мен өздерінің негізгі міндеттерін ескергені дұрыс. Қазіргі күні түсіндірме жұмыстарына баса назар аударған жөн, – деді өңір басшысы.
Еліміздің заңнамасына сәйкес, ҮЕҰ-дың барлығы салық төлеушілердің санатына жатады. Олар үшін арнайы белгіленген міндеттемелер бар. Әрбір тоқсан сайын ҮЕҰ салық есебін, жеке салық декларациясы мен әлеуметтік салық туралы құжаттарын тиісті органдарға тапсыруы тиіс. Өкінішке орай, көп жағдайда бұл тәртіп сақтала бермейді. Кейбір ұйымдардың әрекетсіз деп танылуы да сондықтан.
Мемлекеттік тапсырыс берушілердің жалпы саны 62 ҮЕҰ құрайды, олардың 11-і төрт немесе одан да көп жобаны жүзеге асыруға қатысса, 16-сы екі-үш жобаны қамтуда. Аудандар мен қалалардағы 38 жоба жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерімен, 23 лот ішкі саясат басқармасымен, 13 лот жастар саясаты жөніндегі басқармамен ұсынылған. ҮЕҰ-мен кездесуде Ақмола облыстық «Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Ирина Терентьева, Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің облыстық одағының төрағасы Дуанбай Ыбырай облысымызда 915 ауған соғысының ардагері, 200-ден астам басқа да ардагерлер барын айтып өтті. Олардың мерекелік шараларда жұмыла атсалысып, белсенділік танытып жүргендері де назардан тыс қалмады. Алайда, мұнымен шектелмей жыл бойы семинар-тренингтер болсын, жастармен жұмысты қолға алып, жандандырсақ деген пікір де айтылды.
Одан әрі «ШАНС» мүгедектерді сауықтыру орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Василий Шиманский, «Kazakhstan Innovations» қоғамдық қорының жетекшісі Мариям Әбішева, «Женский луч» қоғамдық қорының төрайымы Оксана Волкова, «Ана үйi» қоғамдық қорының басшысы Құралай Жұмабекова өткен жылғы жұмыстары туралы айтып, жоспарларын да ортаға салды.
Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі Мәлік Мырзалин үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің талап-тілектерін де жауапсыз қалдырмай, қойылған сұрақтарға жауап беріп, болашақта да олармен тығыз байланыста жұмыс істейтіндігін жеткізді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар