Тәуелсіз еліміздің қасиетті жаһұттары

Халқымыздың егемендік туралы сан ғасырлық арманы бейнеленген мемлекеттік рәміздер тәуелсіздігіміздің басты нышаны және мемлекеттік идеологияның негізі болып табылады.

Тарихта мемлекеттік рәміздердің халықтың рухын көтеретін аса бағалы құндылық екендігін білдіретін, ол үшін ұлы ерліктер жасалып, адамдар өздерінің жанын пида еткен мысалдар жетерлік. Мемлекет басшысы – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік рәміздердің маңыздылығына анықтама бергенде: «Барлық уақытта да және барлық халықтың да мемлекеттілігі мен Тәуелсіздігінің біртұтас белгісі мемлекеттік рәміздері болып табылады. Бізде ұлылыққа негізделген, идеяға бай Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз бар» деп атап өткен болатын.
Мемлекеттік рәміздер елдігіміздің берік негізі екендігін ескеріп, егемендікке енді ғана қол жеткізген жас мемлекетіміз алғашқы актілердің бірі ретінде 1992 жылдың 4 маусымында Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасын бекітті. Бұл күн біздің еліміздің тарихында жаңа мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде мәңгі сақталады.
Қазіргі заманның саяси мәдениетінің және тарихи өзін-өзі анықтаудың барлық канондық дәстүрлері бойынша жасалған өзіндік геральдикалық бейнелер тәуелсіз елдің мемлекеттілігін жариялау фактісі ғана емес, жаңадан мемлекет құрудың ең басты принциптерінің мәнін айшықтады. Біздің Елтаңба мен Туды жасауға және Әнұранның әні мен сөзін жазуға еліміздің ең құрметті де қадірлі адамдары қатысты. Міне, сондықтан да мемлекеттік рәміздерімізге шетелдің мамандары жоғары баға беруде. Мәселен, Бонн қаласындағы халықаралық вексикология ғылыми-зерттеу институтының директоры Р.Климеш: «Сіздердің мемлекеттік туларыңыз өте жақсы жасалған. Мен оны Барселонада өткен Олимпиада ойындарының ашылуында теледидардан бірінші рет көріп таң қалдым» дейді. Осындай жоғары бағалауды АҚШ-тың вексикологы Д.Бараның, чехиялық А.Брожеканың, германиялық Д.Тенораның, ресейлік М.Ревнивцеваның және басқа да танымал вексикологтардың пікірлерінен көруге болады. Мамандар сонымен бірге әлемдік тәжірибеде аналогы жоқ біздің Елтаңбаның жан-жақтылығын да ерекше атап өтуде. Жалпы, мемлекеттік рәміздердің әрқайсысында еліміздің болашаққа ұмтылушылығы мен оның жарқын келешегіне сенуді білдіретіндігін атап өтуде.
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы мемлекеттік рәміздерін жасау жалпыхалықтық сипат алды. Өткізілген байқау қазақстандық патриотизмнің айқын көрінісі болды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторын анықтау секілді қатаң өткен сайыста авторлық құқықты Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші Шәкен Ниязбеков жеңіп алды. Бүгінгі егемен Қазақстанның Елтаңбасы екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен біздің жерлесіміз Шота Уәлихановтың шығармашылық ізденістері мен үлкен еңбектерінің нәтижесі болып табылады.
2007 жыл да тарихи маңызы зор жыл. Осы жылдың 4 маусымында ел Президенті Н.Назарбаев «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» жаңа конституциялық заңға қол қойды, онда мемлекеттік рәміздердің статусын нығайтуға бағытталған жаңашылдықтар қарастырылған. Сол күні Мемлекет басшысы жастар алдында сөз сөйлегенде, «Мен 4 маусымды Жарлық бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні деп бекіттім. Мемлекеттік рәміздер күні әрбір қазақстандық отбасында атап өтілетін жалпыхалықтық сүйікті мерекелердің біріне айналатынына сенімдімін» деп айтқан болатын.
Мемлекеттік рәміздердің жүйесі мемлекеттік идеологияның аса маңызды негізгі бөліктерінің бірі болып табылады. Рәміздерде бейнеленген таңбалар мен нышандардағы идея мемлекеттің ұлттық-мемлекеттік бірегейлігін анықтайды, мемлекеттің оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі заманғы қазақстандық қоғамда бізді жарқын болашаққа бастайтын ұлттық патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттілігіміз бен ұлттық бірлікті нығайту мәселелері өте-мөте өзекті болып табылады. Мемлекет басшысы атап көрсеткен бұл негізгі идеологемдер ұлттың әрі қарайғы тұрақты дамуының ішкі саяси тынысын анықтайды. Сондықтан да, мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен оларды дұрыс қолдану азаматтардың ұлттық сана-сезімін, туған жерлеріне деген сүйіспеншіліктерін, оны қорғауға қызығушылықтарын арттыру мен қызмет етулерін қалыптастырып, арттырады. Ақмола облысында мемлекеттік рәміздерді қолдану процестері мен оның негізгі түсініктерін анықтайтын жұмыс ҚР «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық Заңы негізінде жүргізіледі. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен қолдану, олардың статусын нығайту және солар арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бойынша мақсатты жұмыстар жүзеге асырылуда. Облыста мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша ұсыныстар әзірлейтін мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия жұмыс істейді, ол мемлекеттік рәміздердің өңірдегі қолданылуы мен насихатта-
луын, зерделенуін, мемлекеттік стильдің қалыптасуын қадағалайды. 2017-2018 жылдар аралығында 24 отырыс ұйымдастырылып, онда мемлекеттік рәміздердің қолданылуына қатысты 87 мәселе қарастырылды.
Рәміздерді насихаттауда бірыңғай мемлекеттік стильді қалыптастыру бойынша қолданылу тәжірибесіне мониторинг жасау, мемлекеттік құрылымдардың талдау жұмыстарын қамтамасыз ету маңызды бағыттардың бірі болып отыр. 2017-2018 жылдары құрамында ішкі саясат басқармасы, прокуратура, техникалық реттеу және метрология комитеттерінің облыстық департаменті өкілдері бар комиссия облыстың барлық аумағында мемлекеттік атрибуттарды қолданудың жағдайына байланысты 114 тексеріс өткізді.
Мемлекеттік рәміздер патриоттық тәрбиенің ең негізгі элементі. Осы орайда, өскелең ұрпақпен жұмыс істеу барысында мәдени-көпшілік іс-шараларда жастардың бойында жоғары тәрбиелік-патриоттық потенциалды қалыптастыру осы рәміздерді қолдану арқылы да жүзеге асырылады. Барлық жалпы білім беретін және мәдени мекемелерде Қазақстанның және басқа да мемлекеттердің рәміздері туралы тақырыптық сөрелер, арнайы көрмелер жабдықталып, әдеби алаңдар жұмыс істейді. Мемлекеттік нышандарды насихаттауға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, арнайы дәрістер, суреттер байқауы, конференциялар ұйымдастырылып, «Сен өз еліңнің мемлекеттік рәміздерін қастерлейсің бе?», «Мемлекеттік рәміздердің айшықтары», «Өз елім менің, өзегім менің», «Рәміздерді құрметте!», «Көк байрағым желбірей түс!», «Біз тәуелсіздік құрдастары – әрқайсымыз кемінде бір жақсылық жасаймыз», «Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – жастардың міндеті» секілді тақырыптарда эссе жазу байқаулары өткізіледі. «Мемлекеттік рәміздерге – құрметпен!» акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, онда қала мектептерінің жас инспекторлары автокөлік иелеріне жалаушаларды таратады.
Облыс әкімінің шәкіртақысы тағайындалатын «Тарихи тұлғалар жолымен» облыстық байқауына жастар аса зор қызығушылық танытуда. Байқауға жастар өздерінің туған өлкесінің тарихын зерттеп, зерделеу бойынша ғылыми жұмыстарын ұсынады. Ішкі саясат басқармасы мемлекеттік рәміздерге қатысты ақпараттық қамтамасыз етуде медиа-құрылымдардың әлеуетін кеңінен пайдалануда. БАҚ беттерінде арнайы тақырыптық айдарлар да бар. Жыл басынан бері БАҚ-тарда 250-ден астам материал жарық көрді. Сонымен бірге, облыстық телеарна мен LED-экрандарда көрсетілетін имидждік фильмдер түсіріліп, тақырыптық анықтамалар шығарылады.
Мемлекеттік нышандардың мән-маңыздылығы көптеген әлеуметтік жобаларға енгізілген. Сондай жобалардың бірі қоғам өкілдерінің бастамасымен орталық және жергілікті деңгейде жүзеге асырылып жатқан «Менің Қазақстаным» атты патриоттар форумы болып табылады. Рес-публикамызда патриоттар форумы жыл сайын Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтіледі. Ең алғашқы форум 2007 жылы Астана қаласында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен болатын. Содан бері бұл форум еліміздің әр аймағында жыл сайын кезектесіп өткізіліп тұрды. Ал, 2013 жылдан бастап, Астана қаласында өткізіліп келеді. Биылғы жылы Көкшетау қаласының көру алаңында мемлекеттік рәміздер күніне арналған жастардың акциясы ұйымдастырылады, онда жастардың арасынан шыққан белсенді өкілдер марапатталады. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақ үшін маңызды, себебі, мұндай шаралар жастардың бо-йында патриоттық сезімді арттырады, Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мен қастерлеуге деген сыйластық сезімдерін оятады. Бүгін біз өзіміздің Елтаңбамызбен, Әнұранымызбен, Туымызбен мақтануымыз керек.
Елбасы «Өз Отанының патриоты болу – Қазақстанды өз жүрегінде ұстау» деп айтқан еді. Осы бір мағынасы терең даналық жастарды патриоттыққа тәрбиелеудің басты принципі болуы керек. Өз Отаныңа деген сүйіспеншілік сезімі мен патриоттықтың төлнұсқасы болмаса, нағыз азамат бола алмаймыз.

Гүлжанар ШӨКЕЕВА,
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар