Жуырда редакциямызға Астанадағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Қазбек Ахметжановтан хат келді. Ұйым жетекшісі өз хатында қазір Елордада тұрып жатқан ақмолалық ардагерлердің өздеріне Қарттар мен егде адамдардың айлығы аясында көрсеткен құрметі мен қамқорлығы үшін Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалинге білдірген шынайы алғыстарын газет бетінде жариялауды сұрайды.
Құрметті Мәлік Кеңесбайұлы!
Бұл күнде Астана қаласында тұрып жатқан Ақмола облысының ардагерлері Сізге біздің өзіміз еңбек еткен киелі Ақмола жерінде жасаған тамаша қабылдауыңыз үшін шын жүректен зор ризашылығын білдіреді. Бізді ең қадірлі қонақтар ретінде қарсы алып, қонақ үйлерінде ең таңдаулы бөлмелерді бөлді, таңдаулы мейрамханаларда дәм берді. Бурабай курорттық аймағына саяхат ұйымдастырып, әсем көлдеріміз бен орман-тоғайларымыздың сұлулығына қанығуымызға, осы бір ертегідегідей көрікті өлкенің бойға дәру таза ауасымен тыныстауымызға мүмкіндік туғызды.
Қарттар күніне арналған мереке өте жоғары деңгейде өтті. Оған Сіздің тікелей қатысуыңыз, қарапайымдылығыңыз бен ақжарқындылығыңыз ерекше сипат берді. Мәлік Кеңесбайұлы, меймандарды, әсіресе, аға ұрпақ өкілдерін шын көңілмен қарсы алудың біздің ата-бабаларымыздан бері жалғасып келе жатқан жақсы дәстүрін Сіздей жас басшылардың да барынша назарда ұстауы бізді ерекше сүйсінтіп, толқыта түсті. Осы шараны ұйымдастырушылардың бәріне, біздің көңіл-күйіміздің көтеріңкі болуына қолдан келгеннің бәрін жасағаны және ыстық ілтипаттары мен қамқорлықтары үшін зор алғыс білдіреміз.
Мәлік Кеңесбайұлы! Біздің өзіміз экономикасы мен мәдениетінің дамуына көп жылдарымызды, қажыр-қайратымызды арнаған сүйікті Ақмола облысының әкімі, Сізбен әр кездесуіміз біз, ардагерлер үшін үлкен оқиға, өзіндік бір мереке екендігін ерекше айта кеткіміз келеді.
Астана қаласында тұрып жатқан ақмолалық ардагерлер шын жүректен Сізге бізге көрсеткен осы құрметіңіз бен қамқорлығыңыз үшін тағы да шексіз ризашылықтарын білдіреді. Сізге, облыс активіне денсаулық, бақыт пен жақсылық, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында жаңа табыстар мен жетістіктер тілейміз!