Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Латын әліпбиі – тіл тазалығын сақтаудың бірден-бір кепілі - АРҚА АЖАРЫ

Латын әліпбиі – тіл тазалығын сақтаудың бірден-бір кепілі

Қазақты құлдандырып, ұлт ретінде жоюды көздеген орыстың отаршылдық билеу саясаты, ең алдымен, сан ғасырлар бойы араб жазуын тұтынып келген қазақ тілін тегі, түбі жат орыс әліпбиіне көшіруден басталғаны енді айтыла бастады. Бұл – біріншіден, кері кеткеніміздің айғағы болса, екіншіден, ұлттық санамыздың отарсыздана бастағанының көрінісі.

Орыс жазуынан қашу – көрші империяның сан ғасырға созылып келе жатқан «ағалық» ықпалынан құтылудың бір амалы. Бүгінгі таңдағы тіл ғалымдарының айтуы бойынша оның бірден-бір жолы әліпбиді ауыстырып, жазу тарихында түбегейлі бетбұрыс жасау. Әрине, әліпби ауыстыру – тағдыршешті мәселе. Оның артында ұлттың, тілдің болашақ тағдыры тұр. Ол тек руханиятымызға қатысты іс емес, ел экономикасына да салмағын түсіретін бастама. Осы орайда, тәуелсіздігіміздің саяси арнасына артылатын жауапкершілік салмағы үлкен, яғни әліпби ауыстыру саяси ойынға, яғни қаражат табу нысанына, әліпби арқылы ат қалдыру мүддесіне байлаулы болмауы керек. Қоғамда мұндай пікірлердің бар екені рас. Солардың бір парасы латын әліпбиін қабылдауды әлемдік ақпараттық технология кеңістігіне шығар жол дегенге саяды. Бұл – латын әліпбиіне көшудің мәнісін тайыз түсінушілік. Қандай да болмасын тіл ешқашан технология тіліне байлаулы болмауы керек, тілдің тағдырын технология жетістігіне байлап беруімізге болмайды. Мұндай жағдайда тілдің табиғи қасиеті, тілдік әлеуеті назардан тыс қалады да, тіл техника тіліне қарай икемделеді, осылайша тілдің құруына жол ашылады. Бүгінгі тіл мамандарын алаңдатып отырған да – осы, тілдің техника тілінің құрбаны болу қаупі. Сондықтан да тілші-ғалымдар әліпби жасау мамандардың еншісіндегі жауапкершілік екенін алға тартады.
Түптеп келгенде, қазақ халқы үшін ең бірінші мәселе – бір ғасыр бойы құлдық құрсауында қорғаныштық қабілетінен айырылып, жат жұрттың жазу емлесімен «белі қайысқан» тіліміздің жоғын түгендеп, өрісін кеңейту болса керек. Осы орайда, фонетика саласының білгірі, белгілі ғалым Ә.Жүнісбек өте орынды пікір айтады. «Қазақ жазуының тағдырын шын сөз еткіміз келсек, ең алдымен, қазақ тілінің өзіне ғана тән төл дыбыс құрамының басын ашып алайықшы… Өйткені, көбіміз (тіптен бәріміз) дәл осы мәселеге келгенде шорқақпыз. Оған себеп жылдар бойғы «орыстандыру» саясаты болды. Ең жанға бататыны, орыс тілінің «игі ықпалы» деген сылтаумен, өткен ғасырдың 50-ші жылдары төл сөздеріміздің жазылу емлесіне қосылған и, у тәрізді таңбалар (дыбыс емес) болды. Оқулық пен оқу құралы біткен осы күнге дейін түгел сол жапсырмадан арыла алмай келеді. Сонымен, қазақ тілінің төл дыбыстары:
а, ә, б, ғ (-г), д, е, ж, з, й, қ, (-к), л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у (w), ұ, ү, ш, ы, і. Бас-аяғы 26 (-28) дыбыс. Осы дыбыстардың сыртында қазақ тілінің дыбыстарын іздеп әуре болмау керек, өзге дыбыс жоқ.
Бұл – тілімізді тұралатқан жағдай. ХХ ғасыр басында күн тәртібіне қойылып, зиялыларды толғандырған өзекжарды мәселе де – осы тіл тазалығы болды. Қазақ зиялылары тілді сақтап қалудың жолы әліпбиін, төл дыбыстарын қорудан, қорғаудан басталатынын біліп, жан сала арпалысты. Біз бүгінде жаңа сөздер (неологизм) деп «құрметтеп» жүрген сөздерді олар үш қайнаса сорпасы қосылмас «жат сөз», бұралқы иттей босағада телмірген «бұралқы сөз» деп, бөтен ел сөзін сол күйінде қабылдауға үзілді-кесілді қарсы болды. Сырттан сөз алған жағдайда, ол сөз қазақ тілінің айтылу заңдылығына сай қалып тапсын, «сындырылып», тіліміздің дыбыстық сүзгісінен өтсін деген талап қойды. Себебі, сырттан келген әр сөзде сол елдің дүниетанымы (идеология) жатады, осылайша сол себебінен күндердің күнінде тіл ғана емес, күллі ұлт санасы жауланып, ұлттық рухынан жұрнақ та қалмайды. Олар осыны көре білді. «Жат сөздерді өзгертпестен алып, жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Жат сөздерді қолданғанда, тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек».
Бұл қағиданы қатаң сақтаудың жолы – қазақ тілінің төл дыбыстарына лайық әліпбиді қабылдай отырып, өзге ел дыбыстарын әліпби құрамына қоспау. Тілдің сақталуына жол ашатын мұндай әліпби жасау маман болумен қоса, ұлтжандылықты қажет етеді. Қазақ тіл білімі тарихында А.Байтұрсынов мұның озық үлгісін көрсетті. «Жазу табу – ілуде бір туатын даналардың ғана қолынан келетін шара. Славян жазуын Кирилл мен Мефодий тауып берсе, бүкіл түркі жұртына үлгі болған қазақ жазуын жалғыз Ахмет Байтұрсынұлы жеке шешті. Бұл жерде Ахаң ұсынған араб әліпбиінің тұрқын айтып отырған жоқпын. Ахаңның қазақ тіліне дән лайық жазудың емле-ереже қисынын тапқанын айтып отырмын. Ахаң тапқан жазу қисыны әліпби таңдамайды, өзімізге белгілі кез келген әліпбиді Ахаң қисынына салып, қазақ тіліне пайдалана беруге болады».
А.Байтұрсынұлы әліпбиінде 24 әріп болды. Ал, дыбыстың саны, ғалымның өзі айтқандай – 43. Графеманың бесеуі (а, о, ұ, ы, е) дауыстының, 17-і (б, п, т, ж, ш, д, р, з, с, ғ, қ, к, г, ң, л, м, н) дауыссыздың, 2-і (у, й) жарты дауыстының таңбасы. Ал, фонеманың 9-ы (а, ә, о, ө, ұ, ү, ы, і, е) дауыс-
ты, 34-і (б, бʼ, д, дʼ, п, пʼ, т, тʼ, ж, жʼ, ш, шʼ, р, рʼ, з, зʼ, с, сʼ, ғ, қ, к, н, ң, л, лʼ, м, мʼ, н, нʼ, у, уʼ, й, йʼ) дауыссыз. Сөйтіп, ғалым тіл дыбыстарын бір жарым есе аз әріп таңбаға сыйдырып, ең үнемді әліпби түрін жасады. Әліпби теориясында әріп саны фонема санынан аз әліпби жетілген жазу
сипатын көрсетеді деген қағиданы қалыптастырған А.Байтұрсынұлының төте жазуы деп білеміз.
Алайда, қазақ елі кеңестік саясат талабына сай А.Байтұрсынов жасаған әліпби – төте жазуды пайдаланып жарымады. Ғалымның еңбегі «шаң басқан архивтерден» табылып, қазақтың төл дыбыс-
тарынан құралған жазуы келмес құрдымға кетті. Кейінгі ұрпақ кирилл негізді әліпбиді өз жазуымыз деп қабылдап, емле-ережелеріндегі қателерді көру мүмкіндігінен айырылып қалды.
Негізінде кирилл жазуын қазақ әліпбиі деп айтудың өзі жөнсіз. Себебі, бүгінгі әліпбиіміз «қазақ-орыс» әліпбиі болып отыр, тіптен дұрысын айтқанда, «орыс-қазақ» әліпбиі десе де болады. Мұны орыс тілі мен оның әліпбиіне қарсылық деп түсінбеу керек. Әңгіме басқада, төркіні бөлек орыс әліпбиі мен оның емле-ережесін қазақ тіліне әкеліп тықпалағанымызда болып отыр. Атап айтсақ, орыс тілінің и, у, я, ю, щ таңбаларын қазақтың төл сөздерінің жазылымына ендіріп жіберген. Осы уақытқа дейін «орыс тілінде қалай жазылса солай жазу керек, орыс тілінде қалай айтылса солай айту керек» деген қағиданы ұстанып келе жатқанымыз бәрімізге белгілі. Бұл – 1957 жылы қабылданған өктем саясаттың жемісі.
Егер әліпби құрамындағы дыбыстарды қай елден алсаң, сол елдің сөзі – идеологиясы қоғамдық ортаңа кіріп, ұлтыңның санасын биледі деген сөз. Олай болса, әліпби – тілдің қорғаны, басқыншы тілден қорғайтын қақпасы. Өкінішке қарай, 1940 жылы жоғарыда А.Жүнісбек атаған 26 (28) құрамды әліпбиіміз орыс әліпбиін қабылдау себебінен 42-ге дейін созылды.
Егер бүгінде қазақ тілінің тазалығы (экология) бұзылып, орыс тілінің басқыншылығына ұшырап отырса, ол қазақ зиялылары күрескен қауіптің шындыққа айналғанының айғағы. Егер бүгінде қазақ зиялыларының қазақ тілі туралы айтып кеткен пікірлеріне қайыра ден қойып жатсақ, дамуға бет алғанымыздың көрінісі. Бір ғасырлық отарлық санадан толық арыла қоймасақ та, ояна бастағанымыздың белгісі десек, артық айтпағанымыз. Осы орайда, орыстың әрпін сіңіре алмай, әрі-сәрі күйге түсіп, (кириллицаны ендіру мақсатында) қолдан жасалған ережелерде табиғатын бұзып алған қазақ тілін оңалтудың, жат дыбыстардан, артық дыбыстардан тазалаудың бірден-бір жолы латын әліпбиін қабылдау деп түсінеміз.
Латын әліпбиіне көшу барысындағы шараны жазу реформасына айналдырудағы мақсатымыз да сол кирилл әліпбиінің тілбұзар ықпалынан арылу болып түзіледі, қазақ сөзінің үндесім (сингармонизм) әуезіне нұқсан келтірмейтін болады, қазақ сөзінің морфем құрамы дұрыс сақталатын болады, қазақ сөзінің буынға бөлу реті орнына келеді, соның нәтижесінде тасымал сетінемейтін болады.
Расында, әліпби ауыстыру тек әліпби қабылдаумен шектелмейді. Ол 3 деңгейден тұрады: бірінші – әліпби деңгейі; екінші – таңба деңгейі; үшінші – емле-ереже деңгейі. Қазіргі таңда біз әліпби деңгейінде тұрмыз. Себебі, еліміз бойынша Елбасы Н.Ә.Назарбаев шешімімен әліпби құрамы ғана бекітілді. Емле-ережелері ресми түрде бекіп, халық назарына ұсыныла қойған жоқ.
Бұл үш деңгей бір-бірімен өте тығыз байланыс-
ты, таңба өзгерген соң, жаңа жазу дыбыстарына емле-ережелері де өзгеруі тиіс. Бұл ретте таңбаға өзгеріс енгізетін болсақ, онда оның емле-ережеге әсері қандай болмақ, алдымен соны ойластыруымыз керек еді.
Әліпбидің басты ғылыми ұстанымы – қазақ тілінің (төл) дыбыстық құрамын анықтап алу. Сонан соң таңба перцепциялық (естілім) емес, артикуляциялық (жасалым) қағидаларына сүйеніп алынуы керек. Таңба қазақ сөзінің морфем құрамын, буын тұрқын, тасымал ретін бұзбайтындай болуы керек. Қазақ сөзінің орфоэпиялық үлгісі ескерілуі тиіс. Себебі, жазудың негізгі категориялары: ол – алфавит, графика, орфография, пунктуация. Алфавит арқылы белгілі бір жазба мәтінде әріптерді фонемаларға таңып, мәтін мазмұнын оқимыз. Графика жазу түрлерін, қаріп түрлерін пайдалану деген сияқты жазба мәтіннің бүкіл тұрпатын ұйымдастырады.
Қазіргі таңда әлем халықтарының көпшілігі латын жазуын пайдаланып отырғанын ескерсек, қазақ елі үшін өзге халықтардың латын жазуын қабылдау кезеңіндегі тәжірибесін ескеру, керек тұстарда үлгі алуымыз маңызды. Алайда, осы ретте ғалым А.Фазылжан өзге ел тәжірибесіне талғаммен қараудың қажеттілігін алға тартады: «басқа елдің оң тәжірибесін өзгеріссіз қабылдай салуға немесе теріс тәжірибесін талдаусыз жоққа шығаруға болмайды. Ең басты мақсат өз еліміздегі жағдайды талдап, тілдің мұқтажын, халықтың қалауын, қазақ тілінің ұлттық тіл ретіндегі, сондай-ақ, адамзат мәдениетіндегі ерекше феномен ретіндегі сақталуы мен болашақтағы дамуына мүмкіндік туғызуды бірінші кезекте ойлау керек».
Қорыта келгенде, латын әліпбиін қабылдау ісін тілімізді орыс тілінің басшылығынан құтқарып, шетел әріптерін ығыстыру жолы деп түсінуіміз керек және жұмыс бағыты да сол бағытта жүргізілуі тиіс. Мемлекеттік тілді дамыту дегеніміз де – осы, тіл тарихының ақтаңдақ беттерін ақтарып отырып, тіліміздегі төл дыбыстардың өз тілінде дыбысталуына жол ашу, кірме сөздер тасқынының ығында қалмай, тіл шұбарлылығының алдын алу болып табылады. Ендеше, латын жазуын қабылдау – уақыты жеткен мәселе.

Гүлбану САБЫРОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар