«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин музейінде көптеген қызғылықты да тартымды жобалар іске асуда. Музей ұжымы Көкше өңірінен шыққан Абылайхан мен Кенесары хан төңірегіндегі қазақ батырларының мазарлары мен кесенелеріне барып, рухтарына тағзым етті. Зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қасиетті, киелі, тарихи жерлердің жай-күйімен танысты.
Музей жобаларының бірі – қазақ тарихындағы аталықтар институтына қатысты болды. Жалпы, аталықтар тарихы – қазақ тарихнамасында аз зерттелген немесе мүлде зерттелмеген тақырып десе болады. Тек соңғы кезде осы тақырыпқа өз зерттеуімен тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев жарығын түсіріп жүр. Тарихшының «Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз» зерттеу кітабы осы тақырыпқа арналған. Ғалым: «Аталық» – қазақтың саяси дәстүрінде ханның әкесінің орнындағы адам, ақылшы аға, Еуразияның далалық аймағын мекен еткен, мемлекет құрған түркі тілдес халықтардың тілдік қорында бар сөз. Әз Тәуке хан заманында Қазақ Ордасына келген орыс елшілері «аталықты – «дядька, лучший человек» деп аударыпты», – деп жазды.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ғұлама аталықтар жа-
йында: «Егіз, Тайым – Малай Жәдігерден шыққан батырлар, заманында, «аталық» атанып, хандардың көші-қонын билеген ерлер», – дейді. Зерттеу деректерінде Егіз, Тайым атты батырлар Қырық сан Барақ сұлтан, оның ұлы Бөкей ханнан тараған әулетіне қызмет жасағандығы, Аталық мемлекеттік биліктің аса мықты тетіктерінің бірі, хандардың ішкі және сыртқы сүйенетін мықты тірегі, қазақтың қашанғы жаугершілік тіршілігінде ханның қорғаушысы және хан баласының тәрбиешісі болғандығы айтылады.
Қазақ тарихнамасының жарқын өкілдерінің бірі, ғажап шежіреші Құрбанғали Халид өзінің «Тауарих хамса шархи» кітабында аталық қызметіне мынадай анықтама береді: «Аталық (уәзір ағзам) – бас уәзір мәніне келеді. Нәсілі қазақ, жасы ханнан үлкен болып, қызметтен уәзір дәрежесіне жетсе, «аталық» деген атақ берілетін ғұрып болатын. Ал, жарлыққа оның мөрі хан мөрімен бірдей жүрді. «Аталық» атағын алмаған уәзірде ондай дәреже болмайды».
Бұл тұжырымдардан біз аталықтың қазақ хандығындағы азаматтық және әскери билікті бір қолға жинақтаған, құзырет-билігі жоғары лауазым иесі екенін байқаймыз.
Ресей мен кеңес тарихнамасынан аталық атауы, ұғымы сызылып, зерттеу еңбектерден алынып тасталды. Тәуке ханның аңшысы Бирхы аталық туралы XVII ғасырдың соңындағы орыстың елшісі жазбасында мынадай мәлімет келтіруін: «И Тевки ханов лучшей человек Аталык Барху батыр стал его Таушку бранить за то, что он такие непристойные слова говорит…» Осы деректі тарихшы Н.Г.Апполова «Присоединение Казахстана к России» (Алматы,1984) кітабында: «Один из лучших Тауке, Берху батыр, стал упрекать Таушку в том, что он непристойные слова говорит» – деп береді. Аталық институты саяси құрылымының негізгі буындарының бірі екенін байқаймыз.
«Қазақ хандығында аталықтың негізгі міндеті – хан ордасына ие болу, мемлекеттік қызметтердің өз мәнінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету, елшіліктерді дайындауға және қабылдауға қатысу, әскери істің және жер иеліктерінің жағдайын бақылау, алым-салық жүйесін ұйымдастыру, ру-тайпалық билік өкілдері мен ұлыстың басқару жүйесі арасындағы тепе-теңдікті ұстау, жоғарғы жұмысына жетекшілік және қажетті заңдардың қабылдануын, олардың іске асу тетіктерін ойластыру, ханзадаларды мемлекетті басқару ісіне баулу және хан жоқ кезде орталық билікті жүргізу. Аталық институты мемлекеттік билікті күшейту құралдарының бірі болды» делінеді соңғы зерттеу еңбекте (Ж.Артықбаев. Аталықтар әулеті).
Қазақ шежіресінде аталықтар әулеті Арғын ішіндегі Алтай руынан бастау алады. 1757 жылғы Түркістанда болған кеңестің шешімімен Өмірзақ бастаған аталықтар Мамадайыр, Мамашық атты аталары Әбілмәмбеттің төлеңгіттерімен бірге Әбілпейіз сұлтанның соңынан еріп Шығысқа аттанған Аталықтар әулетінің сан өкілі Әзірет сұлтан дүрбісінде әулие бабаларымызбен қатар жатыр. Аталық әулетінің екі-үш тобы әлі де Түркістан маңында өмір сүруде. Түркістан жанындағы ескі қалашықтарда орналасқан, басым көпшілігі қазір Бірлік, бұрын Кәріз деп аталатын қалашықта сарттан қыз алып, өзбек болып кеткен арғын-алтайлар. Аталық әулетінің бірер атасы Ташкенттің Шыршық, Шымкенттің Қазықұрт аудандарында тұрып жатыр, Шанышқылы деген елдің ішіне еніп кеткен. Қазақ хандығының ордасы Ташкентте болған уақытта Арыстан аталықтың бірер баласы тұқым-жұрағатымен сонда қалған. Бұл әулет Тәуекел, Есім, Салпаң Жәңгір тұсында ордада қызмет еткен аталықтардың тұқым-жұрағаты. Бұл топ Әбілмәмбет ханның төлеңгіттерімен араласып кеткен аталықтардың шұбартауық тобы. Алаш қайраткері Ә.Бөкейханов бұлар туралы: «Шұбартау елі (Қарқаралы оязы) үш мың үй құрама үш жүздің ең соңғы ханы Әбілмәмбеттің төлеңгіті. Мұнда қырғыз, тоңа (Қуандық), найман, қалмақ, тағы қазақтың талай атасының тұқымы бар. Әбілмәмбеттің кенже үйі – қарашаңырағы Шұбартау елінде, күнгей Саяқта» деп жазады.
Осы Түркістанда хан ордасында қызмет еткен аталықтардың жарқын өкілдері қатарында Арыстан, Барыңқы, Нияз есімдерін атаймыз.
М.Ғабдуллин музейінің ғылым кеңесінің мүшесі ретінде маған да осы жобаның аясында үстіміздегі жылдың 2 мамырында Бурабай ауданындағы Ораз аталықтың ауылына барудың жолы түсті.
Тарихтағы Ораз аталықта әулет тегі жағынан Арыстан, Барқы, Нияздар тарайтын барлық аталықтар сияқты Арғын-Алтай тайпасынан тамыр тартады. Ораз аталықтың тарихы тұлғасына қатысты тарихшы Ж.Арғынбаев былай деп жазады: «Қазақ шежіресінде он екі жасар Әбілмансұрды Үргеніштегі қырғыннан алып шығып, Түркістанға келіп Төле би, Бұқар жырау, Бөгенбай батыр, Нияз аталықтардың қамқорлығына тапсырған Ораз батырдың қызметі айтылады. Жас Әбілмансұрды Төле бидің жылқышыларының арасында «Сабалақ» атымен жасырып Қазақ мемлекетін қайта жаңғыртатын ұлы күреске дайындағандардың ішінде Ораз аталықтың орны ерекше. Көркем әдебиетте «Абылай Оразды өлтірген екен» деген пікір орнығып қалды. Бұл – қазақ хандығының саяси құралымынан хабарсыздықтан шыққан қате пікір. Ораз аталық Абылай тұсынан белгілі үлкен тұлғалардың бірі. Кейін Көркем Уәлиге қамқор болып, ол Үргеніште өлгенде оның баласы, өзінің тәрбиесіндегі Әбілмансұрды алып қашып, Қазақ Ордасына келеді. Өзі үшін жанын қиып, етектен қан кешіп Үргеніштегі қырғыннан алып қашып кеткен қамқорын, ақылшысын Әбілмансұр қалай өлтіреді? Бұл – жазушылардың кейде бір қиялға беріліп, күшті образ жасау мақсатынан шыққан жорамал. Ораз аталық жасы жетіп Көкшетауда, хан ордасы аталған Қызылағаштан 15 шақырым жерде өз
ауылында, бала-шағасының алдында қайтыс болады».
Қазір бұл жерлер де Қарабауыр, «Ораздың бұлағы» аталады. Ертерек кезде «Аталықтың ауылы» атанған екен. Бұл қасиетті мекенді Абылай ханның тұқым жұрағаты Совет үкіметі орнағанға дейін «Бабамның ауылы», «Бабамның жұрағаты» деп аса қатты қастерлесе керек.
2 мамыр күні Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жолдау мақаласындағы идеяларды іске асыру мақсатында «Батырлар туған бақ мекен» атты экспедиция өз жұмысын Ақмола обласының Бурабай ауданындағы Наурызбай батыр ауылынан бастады.
Наурызбай батыр атындағы орта мектептегі іс-шарада «М.Ғабдуллин тағылымдары» аясында «Батырлар елінен батыр шығады» (Қ.Мырзабек), «Латын әліпбиі және тіл болашағы» (Б.Шалабай), «Батырлар жыры және ұрпақ тәрбиесі» (С.Жәмбек), «Ораз аталықпен Абылай хан» (Т.Хамзин) атты тақырыптарда дәрістер оқылды.
Іс-шараға Бурабай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дина Қарсыбаева, ардагерлер ұйымының төрағасы, ауыл ақсақалдары, мектеп мұғалімдері және оқушылар қатысты.
Кеш барысында көпшілік назарына М.Ғабдуллиннің елге келген сапарынан түсірілген фильм ұсынылды.
Біздің экспедиция мүшелері өздерінің жұмыстарын Ораз аталықтың ұрапақтары мекендейтін Қарабауыр ауылында жалғастырдық. Ауылда біздерді Ораз атаның ұрпақтары Манас, Сағындық Қасымовтар қарсы алып, бастап жүрді. Ауыл жанындағы биіктіктегі қорымға жерленген Ораз атаның бейітіне зиярат етіп, дұға оқылғаннан кейін төбе етегіндегі сылдырлай аққан күмістей Ораз бұлақтың қасиетті суының дәмін таттық. Өздерінің ұлы бабалары Ораз аталық жайында оның ұрпақтарының шабыттана айтқан әңгімелері мен айналадағы көрікті табиғаттың әсем көрінісінен қатты әсерленген жас ақын А.Балтабаев өзінің арнау өлеңін оқыды.
Өзінің аңызға айналған бабасы жайындағы білетін мәліметтері мен ел әңгімелерін «Ораз» КШ басшысы С.Қасымов бабасына деген ерекше асқақ, мақтаныш сезіммен ортаға салды. Ораз атаның ұрпақтары алдағы уақытта өздерінің даңқты бабасына үлкен мазар орнату жоспары бар екенін айтты. Экспедиция барысында жергілікті көнекөз ақсақалдар туған өлкесі, одан шыққан атақты батырлар туралы, ерлік туралы тарихи аңыздар мен әңгімелерді айтудан жалыққан жоқ. Музей қорын байытатын осы құнды материалдардың барлығы видеотаспаға жазылып алынды. Бұл сапардан біз көне тарихтың тағы бір бетін ашқандай тебіреністі күйге бөленіп, үлкен әсермен оралдық.
Сәбит Жәмбек,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты