Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті ұғым. Әлемдегі жоғары дамыған елдердің санатына енуді көздеген еліміздің басты мақсаты сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу болып отыр. Бұл дегеніміз – өз ана тілінде еркін сөйлей, сауатты жаза алатын, оның салт-дәстүрлері мен тарихын терең меңгерген ұрпақ. Бүгінгі күннің басты талабы тілді шұбарламай, анық, сауатты жаза білу саясаты болып тұр.
Сол саясаттың бір ұшы қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне келіп тіреліп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесіне тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін игеруге, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деп атап көрсетті.
Мұны ел ертеңі үшін болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған, ана тіліміздің болашағы үшін жасалған басты қадам деп қараймыз. Бұл дегеніміз қазіргі уақытта қолданыстағы кириллицаға қырын қарау деп түсінбеуіміз керек. Керісінше таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Латын әліпбиіне көшу ана тіліміздің, ұрпағымыздың болашағын ойлау, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасау, тілдің ішкі табиғатына әліпбиіміз арқылы қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп қарауымыз қажет.
Кешегі өткен кеңестік жүйенің солақай саясаты кесірінен қазақ тілі дыбыс жүйесінде жоқ орыс тілінің ё, ю, я, в, ф, х, ч, ц, ь, ъ әріптерін әліпбиімізге еріксіз енгізгені баршаға белгілі. Онымен қоймай, әліпбиіміз кирилл жазуына ауыстырылып, орыс тілінен және сол арқылы басқа тілден енген өзге сөздерді де орысша қалай айтылып-жазылса, қазақ тілінде де солай қолданылуы керек деген талап қойылды. Латынға көшу мәселесі бір жағынан өз ана тіліміздегі төл сөздерімізді жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектеседі.
Мақпал АМАНҒАЛИЕВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
мемлекеттік университетінің аға оқытушысы.